in

Жол мен жұмбақ

Сол үшін әлі де туристер білмейтін, көпшілік барып көрмеген өңірлер туралы сөз қозғайық. 

Сіз білмейтін маршрут

Мәселен, stan.kz мәліметі бойынша, былтыр қаңтар-қыркүйек айы аралығында елімізге 3,4 миллион турист келген. Олардың арасында ең танымал болған туристік орындар: Балқаш курорты – 120 948, Ала­көл – 125 621, Щучье-Бурабай – 275 295, Маңғыстау – 325 013, Алматы тау класте­рі – 1 996 801 туристі қамтыған. Ел ішін­де­гі саяхаттау көрсеткіші де осы реттілікті сақтайды. 

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, Қазақстан соңғы 5 жылда әлемдік туризм картасында эко-демалыс орны ретінде белгіленіп келеді. Мысалы, британиялық саяхатшылар қоғамы елімізді 2020 жылғы ТОП-5 эко-демалыс орны тізіміне енгізген. Қазақстанда жалпы 10 мемлекеттік табиғи қорық, 14 ұлттық саябақ, 7 табиғи резерват, 50 қорықша, 5 қорғалатын аймақ, 6 ботаникалық бақ, 1 дендрологиялық парк пен 25 мемлекеттік табиғат ескерткіші бар. Олардың әрқайсысы өз алдына жеке-дара сұлу әрі әсем. 

Әр өңірде өзіне тән тарихи, мәдени, курорттық мекен бар. Бірақ осыншама ұлан-ғайыр далада әлі де сыры ашылмаған, таңғажайып тарихи, ерекше орындар да жетіп артылады. Мысалы, Ақтолағай бор жотасы туралы бірі білсе, бірі білмес. Ол Ақтөбе облысы Байғанин ауданының аумағында орналасқан. Ең биік нүктесі – 302 метр, ұзындығы – 90 және ені 5-10 шақырымды құрайды. Ерекшелігі сол, алыстан аппақ қардай болып көрінетін бор жотасының үстінде кезінде теңіз болған деседі. Топырағын қазатын болса, суасты жануарларының сүйегін табуға болады. Бұл жерге арнайы тур ұйымдастырылмаған. Себебі өте алыс, жол жоқ. Тек туған жерінің топырағына дейін танитын азаматтар туристерді ішінара әкеліп тұрады екен. 

 Әншілердің кейбір бейнебаянында құмды өлкені байқаймыз. Оны бәрі «Дубайдың сафариі» деп біледі. Ал сол сафари өз елімізде де барын білдіңіз бе? Дәл қазір Шижаға құмды өлкесі жөнінде айтып тұрмын. Шижаға – Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты ауыл. Бұрынғы атауы «Октябрь» болған. «Шижаға» аталу себебі жан-жағын жағалай ши өскен. Солай табиғи ерекшелігіне қарай жаңа атауын алған. Мұнда жалаңаяқ ыстық құм үстінде жүріп, бір төбе басынан екіншісіне жүгіріп өтудің өзі ерекше сезім. Ал көзбен көру – бір ғанибет! Дегенмен мұндай ға­жайып мекенге нақты туристік маршрут жоқ. Себебі Шижағаны жергілікті тұр­ғандардан басқасының білуі екіталай.

Дәл осы Арал ауданында тағы бір аты­шулы, бірақ көпшілік бармайтын мекен бар. Ол – Барсакелмес аралы. Мүмкін, атының өзі адам тартатындай емес шығар. Нағыз тылсымға толы жер. Бұл аралдың ғажайыбы – өз алдына бір бөлек әңгіме. Басты ерекшелігі, мұнда уақыт өте баяу өтеді. Аңызға сүйенсек, нысанды зерттеуге келген топ Барсакелмес тұманының ішінде адасып, 3 күннен кейін табылған. Бір қызығы, ол сәтте 3 ай уақыт өтіп кеткен екен. Сонымен қатар беймәлім ұшатын нысандар байқалатын көрінеді. Жоғарыда айта кеткендей, аралға келуге көбісі жүрексінеді. Дегенмен осындай тылсымға толы арал – өмірде бір рет көруге тұрарлық.

Келесі бағыт – Қамысты қорғанысы. Ол Қостанай облысы Денисов ауданы Первомай ауылы жанында орналасқан. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Батырхан Жұма­баевтың айтуынша, нысан қола дәуіріне жатады. Мұнда аяқпен теуіп жүріп, қыш құмыралардың сынығын тауып алуға болады. Одан бөлек, бұл жердің ерекше тылсым энергиясы бар. Оны тек барған адам ғана сезінеді. Мұны сол жерге келген өзге ұлт өкілдері де растайды. Бірақ, өкінішке қарай, Қамысты жеріне сұраныс аз, туристік маршрут та жоқтың қасы. 

Жетейін десем жер шалғай…

Елімізде бұл қатарды одан әрі толтыратын құпияға толы мекендер жетерлік. Бірақ ішкі туризмнің кең ауқымда қамтылмауы оларды танып-білуге кедергі келтіреді. Бұл турасында «Көптеген таңғажайып жерге туристік маршруттардың ашылмауы – инфрақұрылымның дамымағаны, тамақ­танатын орын, қонақүй, дәретхананың жоғы. Ал ең негізгісі – табиғи нысанның танымал болмауы. Бұл туристерді жинауға басты кедергі. Сондықтан да туристік топ болмаса, техникалық қауіпсіздік те қа­рас­тырылмайды», – деді Aliba Travel ком­паниясының директоры Мырзахан Жарқын.

Жоғарыдағы әріптесінің  ойын Astana Travel компаниясының директоры  Нұрсұлтан Маханбетабдиев ары қарай жалғады. Оның айтуынша,  Астанаға жақын орналасқан, бірақ әзірге тұрақты тур ашылмаған жердің бірі – Қорғалжын қорығы. Бұл жер ЮНЕСКО тізіміне енген, қызғылт фламинго ұшып келетін ерекше аймақ. Табиғат пен құстар әлеміне қызығатын туристер үшін сұраныс бар. Бірақ негізгі мәселе – инфрақұрылым әлсіз. Жолдың кей бөлігі ойлы-шұңқыр, демалатын орын мен қоғамдық  дәретхана жоқтың қасы. Сонымен қатар, қорықтың өзі – қорғалатын аймақ, яғни арнайы рұқсатпен ғана кіруге болады. Тағы бір мысал – Итемген немесе Қосшоқы ма­ңындағы жартасты жерлер мен шағын өзендер. Бұл локациялар Instagram мен TikTok-та сұранысқа ие болған. Бірақ аталған жерге дейін тек жол талғамайтын көлік шыдайды әрі демалуға арналған инфрақұрылым жоқ. Тур-компанияның сұраныс бола тұра тур ашылмауының басты себебі – жол сапасы, қауіпсіздік талапта­рының орындалмауы және логистика жағы ыңғайсыз. Олар әрбір бағытты таңдағанда ең алдымен туристің қамы мен қауіпсіздігін ойлайтынын айтты. 

«Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ұлттық паркі – нағыз жер жәннаты. Мұнда Алтайдың етегіндегі биік тау, мөлдір көл, емдік шөпке толы жайлау бар. Марқакөл, Берел қорғандары, Рахман қайнары секілді локация  – турист үшін таптырмас орын. Өкінішке қарай, Астанадан тікелей тур ұйымдастыру әзірге қиын. Себебі жол ұзақ (шамамен 1 600 км), кем дегенде 2-3 күн жол жүруді талап етеді. Ұшақпен бару үшін Өскеменге немесе Үлкен Нарынға жетіп, әрі қарай тағы көлік ауыстыру керек. Сонымен қатар, бұл бағыттағы инфрақұ­рылым толық дамымаған: жатын орын саны шектеулі, кей жерде интернет мүл­дем жоқ. Десе де табиғаты мен энергети­касы – ерекше. Егер жол жағдайы мен ло­гистика шешілсе, болашақта Астана­дан да Қатонқарағайға тур ашу жоспар­да бар», – деді  Astana Travel компания­сы­ның директоры. 

Сонымен, туроператорлар еліміздегі ішкі туризмнің дамымай тұрғанына бес себеп айтты. Ең алдымен, жол жағдай нашар, инфрақұрылым жоқ. Кей бағыт бойынша тіпті жол жоқ. Мұндайда қауіпсіздік мәселесі туындайтыны тағы бар. Мысалы, жатын орын, дәретхана, асхана, байланыс желісі сынды базалық қажеттілік қамтыл­маған. Рұқсат мәселесі де бас қатыратын шаруа. Олардың айтуынша, кейбір орын қорғалатын территорияға жатады немесе әскери аймаққа жақын орналасқан. Одан кейін кей маршруттың қауіпті жерде орналасу мен сұраныс төмен екені тағы бар. Мәселен, тік жартас, қиын рельеф немесе ауа райы күрт өзгеретін жерге  турист тарта алмай­сың. Туроператорлар айтқан тағы бір шындық – әлеуметтік желіде танымал орын болғанымен, нақты тур сатып алатыны аз. Сондай-ақ  жаңа бағытты зерттеу, жол ашу, гид дайындау, жарнама жасау – бәрі қаржыға келіп тіреледі.

 «Иә, ондай орындардың бірі – Селеті каньоны. Бұл Ақмола облысында, Астанадан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан ерекше табиғи нысан. Каньондардың жартасты бедері, терең шатқалы мен Селеті өзенінің әдемі ағысы – бәрі шетелдегі табиғи парктерді еске түсіреді. Біз бұл жерге экспедициялық сапармен барып, толық зерттеп көрдік. Табиғаты тамсандырды әрі   фототур ұйымдастыруға сұранып-ақ тұр. Алайда әзірге тұрақты тур ашуға мүмкіндік жоқ. Негізгі себеп – жол нашар,  инфра­құрылым жоқ. Тіпті, жақын маңда жатын орын да, тамақтанатын жер де жоқ. Сонымен қатар, кейбір бөлігі жекеменшік аумақта орналасқан. Турист үшін ең алдымен қауіп­сіздік пен жайлылық маңызды. Сондықтан біз бұл бағытты әзірге тек болашаққа жоспар ретінде қарастырамыз. Егер жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болып, жол мен инфрақұрылым дамыса – міндетті түрде тізімге енгіземіз. Бұл – нағыз әлеуеті бар, бірақ танылмай жатқан жердің бірі», – деді Нұрсұлтан Маханбетабдиев. 

Әрине, кең-байтақ даланың бәрінде дерлік инфрақұрылымды дамыту қиынға соғатыны анық. Дей тұрғанмен, бұл жетіс­пеушіліктер өзіміздің туризмнен гөрі шетелдің әлеуетін арттыруға басымдық беріп отыр. Мәселен, KZ Tour компания­сының менеджері Владислав Медведев­тің баяндауынша, кейде шетелде демалу Қазақстанға қарағанда арзанға түсетін кез болады. Көбіне адам басына 90-100 мың теңгеден басталатын тур ұсынылады. 

Шет­елде демалу – өзге елдердің мәдениеті­мен танысуға мүмкіндік береді. Әдетте, Қазақстан ішіндегі демалуға қарағанда жайлылық деңгейі жоғарырақ болады. Сол үшін де көбі Тайландқа, Вьетнамға, Түркия мен БАӘ-ге саяхаттайды. 

Қазақстанда жыл сайын түрлі тарихи әрі мәдени орынға, елді мекен мен өңірге назар аударылып жатыр. Дегенмен ондағы абаттандыру, жол мәселесі мен тазалық жайы ақсап тұр. Ал ел «Көлсай–Қайыңды», «Бурабай–Зеренді» арасында жүріп «шаршады». 

 

Ерсұлтан АЛПЫСБАЙ