in

Жол қауіпсіздігін бақылау жақсарды

Оның бір мысалы, жасанды интеллектімен жабдықталған Sergek Patrol мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені бар патрульдік автомобильдер пайдалануға берілді.

Енді өңір тұрғындарының тәртібі мен қауіпсіздігін полицейлер ин­тел­лектуалды жүйе арқылы қамтамасыз ете­тін болады. Жоба аясында 325 аппа­рат­тық-бағдарламалық кешен және 9 400-ден ас­там Sergek камерасы орнатылды. Олар ав­тожолдарды, аулалар мен қоғамдық орын­дарды толық қамтиды. Барлық дерек­тер жедел басқару орталықтарына жібері­ліп, полиция қызметкерлері нақты уақыт ре­жимінде жағдайды бақылап, ақпаратты тал­дап, жол-көлік оқиғаларына, құқық­бұзу­шылықтарға және төтенше жағдайларға же­дел әрекет етеді.

– Бүгінде мобильді АБК екі авто­мо­биль­де орнатылған, оларды 10 патрульдік ма­шинада пайдалану жоспарлануда. Sergek Patrol жылдамдықты арттыру, жол белгі­ле­рін сақтамау және дұрыс емес тұрақ сияқты бұзу­шылықтарды автоматты түрде түсіру үшін жетілдірілген камералар мен радар­лар­мен жабдықталған. Жүйені енгізу жол ба­қылауының тиімділігін арттыруға, жүр­гізу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ об­лыс жолдарындағы апаттылықты азай­туға бағытталған, – деп атап өтті Алматы об­лысы ПД ППБ командирі Дархан Бай­шоинов. 

Жүйе автоматты түрде жол қоз­ға­лысы ере­желерін бұзу деректерін тір­кейді. Атап айт­қанда, жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салатын сиг­налына өтіп кету, дұрыс емес жерде көлік қою, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқ­ты заңбұзушылықтар анықталады. Бұл ша­ралар жол қозғалысы мәдениетін қалып­тас­тыруға және жасалған құқық­бұзу­шы­лық­тар үшін жазаның бұлтартпастығын қам­тамасыз етуге бағытталған.

«Адамдар жолда мұқият бола бастады, ере­же бұзушылықтар азайды. Sergek жүйесі ор­натылған жерлерде жол-көлік оқи­ға­лары­ның саны төмендеді. Бұл жай бол­жам емес, бұл – нақты факт», – деді Алматы об­лысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тленчин.

Айта кетейік, Sergek жүйесі енгізілген өңір­лерде жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім көрсеткіші 30–50 пайызға төмендеген. Ал жалпы апат саны шамамен үштен бірге азайған. Мәселен, Астанада 2017 жылдан 2024 жылға дейін жол апатынан қаза тап­қандар саны 60 адамнан 37 адамға дейін азайса, Алматы облысында бұл көрсеткіш 161 адамнан 105 адамға дейін қысқарған.

«Жүйенің өзі мен мобильді ке­шен­дер­ден бөлек, жоба аясында көліктік цифр­лық ұқсас бөлігі (digital twin) де жаса­ла­ды. Бұл – жол қозғалысының нақты уа­қыт­тағы «айнадай» үлгісі. Оны әкім­дік пайдаланады. Цифр­лық мо­дель қала көшелеріндегі жол жүк­темесін, көліктердің ор­таша жыл­дамдығын, маршрут­тағы қоз­ға­лыс көлемін және ком­му­налдық қыз­меттердің жұмысын көрсе­теді. Осы­лайша, ол Қонаев қаласында Smart City тұжырымдамасын да­мытуға ық­пал ететін тиімді құрал бол­мақ», – деді Sergek Group ком­па­ния­сының Алматы облысындағы өкілі Алексей Снегур.

Жүйе жол қауіпсіздігін арттырумен қа­тар, қоғамдық орындардағы қыл­мыс дең­гейін төмендетуге де ықпал етеді. Sergek камералары қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайларды тіркеп, қылмыстарды ашуға және қауіпті оқиғалардың алдын алу­ға көмектеседі.

«Біз басқару жүйесін толық цифрлық фор­матқа көшіріп жатырмыз – комму­нал­дық қызметтерден бастап көлік саласына дейін. Облыста цифрландыру қарқынды да­мып келеді. Sergek жүйесі осы экожүйенің бір бөлігіне айналды. Енді жолдардағы нақ­ты жағдайды көріп, жедел әрекет етуге мүм­кіндік бар», – деді Алматы облысы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Артықбай.

Жоба Sergek Group, қазақстандық жеке IT-компания «Азия Софт» және Алматы об­лысы әкімдігінің Цифрландыру бас­қар­масының қатысуымен жүзеге асырылды.

С. БЕГІМБАЙ