in

Заң бәріне ортақ: «Нөлдік төзімділік» саясаты қалай жүзеге асырылып жатыр?

Бұл – елімізде енгізілген «нөлдік төзімділік» саясатының көрінісі. Қазіргі кезеңде тиісті органдар аталған саясаттың енгізілуі Алматы қаласының құқықбұзушылық деңгейіне оң әсерін тигізіп отырғанын айтады. 2 миллионнан аса тұрғыны бар мегаполисте құқықбұзушылыққа қарсы бірқатар шара  қолға алынған. Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзінше, қазіргі уақытта қала аумағында 10 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтайтын бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Осының нәтижесінде, қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдіктерді ішу, түнгі уақытта тыныштықты бұзу және т.б. заңбұзушылықтар дер кезінде анықталып, жауапқа тартылған.

– Алматы қаласында күнделікті патрульдеуді күшейту, Ұлттық ұлан қызметкерлерімен бірлесіп жасақтардың жаңа әдістер бойынша аумақтарды жаяу аралау жолдары бекітілді. Одан бөлек, «Ескертуден жазаға» принципі бойынша азаматтарға құқықбұзушылықтар туралы үндеу жасалды. Қазір барлық өтінішті қабылдау платформалардан келіп түскен арыздар бойынша жүргізіліп жатыр. Құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдану фактілері едәуір ұлғайды. Бейнебақылау жүйесі күшейтілді. Нәтижесінде, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік көрсеткіші азайды. Қоғамдық орындарда өткізілетін ағарту жұмысы құқықтық сананы арттыруға септігін тигізді, – деді С.Әзірбек. 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2024 жылы елімізде қылмыс саны 5,3 пайызға азайған. Дегенмен оң көрсеткішке ие болған қалалар тізімінде Алматы қаласы кездеспейтінін атап өткен жөн. Халқы тығыз қоныстанған шаһар еліміз бойынша қылмыс саны көп тіркелген (24 965) қалалардың алдыңғы қатарында көш бастап тұр. Осы ретте қалалық Полиция департаментінің ресми өкілінен құқықбұзушылық қай аудандарда жиі тіркелетінін сұрап көрдік.

– Әлемдік деңгейдегі мегаполистер секілді қаланың агломерациясы ауқымды болғандықтан, Алматыда да ұсақ бұзақылықтар болады. Оның ішінде ерекше атап өтетін құқықбұзушылық жоқ. Құқықбұзушылық көбіне қоғамдық орындарда, адамдар көп шоғырланған жерде, тұрғын үй кешендерінің ауласында немесе орталық көшелерде жиі кездеседі. Аудандарға келсек, қалада ұсақ құқықбұзушылықтар көбіне Алмалы, Бостандық, Медеу аудандарында тіркеледі, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі С. Әзірбек.

«Нөлдік төзімділік» саясаты тек полицияның күшейген жұмысы ғана емес, әр азаматтың тәртіпке деген көзқарасын өзгертуге бағытталған. Қоғамда құқықтық мәдениет қалыптаспайынша, кез келген бастаманың нәтижесі шектеулі болмақ. Адвокат Альбина Бахтиярқызы «нөлдік төзімділік» саясатының мәні мен құқықтық негізі туралы баяндап берді.

– «Нөлдік төзімділік» – бұл құқықбұзушылықтың кез келген түріне қоғам мен мемлекеттің мүлдем төзбеу саясатын білдіретін ұғым. Бұл термин Қазақстан заңнамасында нақты әрі арнайы құқықтық дефиниция ретінде бекітілмегенімен, ол негізінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қылмыстық кодекс және құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін нормативтік актілер арқылы іске асырылады. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігінің және Әділет министрлігінің құқықтық түсіндірулерінде бұл ұғым қоғамдық тәртіпті бұзатын кішігірім құқықбұзушылықтарға да немқұрайлы қарамау, олардың алдын алу және қайталануын болдырмау мақсатында қолданылады. Саясаттың мәні – «ұсақ құқықбұзушылық жоқ жерде – ауыр құқықбұзушылық та болмайды» деген қағидаға негізделеді, – деді ол.

Осы тұста «нөлдік төзімділік» саясаты құқық қорғау органдарына шектен тыс өкілеттік беру қаупін тудырмай ма деген сауал туындайды. Адвокат пропорционалдық, қажеттілік, құқықтық айқындық принциптері әрқашан сақталуы тиіс екенін, азаматтық қоғам мен адвокатураның мұндай саясатты бақылап, сараптап, қажет болса сот тәртібімен тежеуі аса маңызды екенін атап өтті.

– Иә, бұл өте орынды әрі маңызды сұрақ. «Нөлдік төзімділік» саясаты дұрыс қолданылған жағдайда қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты нығайтуы мүмкін. Алайда тәжірибе көрсеткендей, егер бұл саясат нақты құқықтық тұрғыда реттелмесе, азаматтардың құқығы мен бостандығына қысым көрсетуге дейін апарып соғуы мүмкін. Құқық қорғау органдары бұл ұғымды өз бетінше кеңінен түсіндіріп, мысалы, ұсақ құқықбұзушылықтар үшін орынсыз қудалау немесе артық күш қолдану секілді әрекеттерге жол беріп жатса, бұл – заң үстемдігіне қайшы, – деді адвокат.

Аталған саясатты жүзеге асыруда ең алдымен халықаралық стандарттар мен адам құқығының басымдығы маңызды. Сонда ғана қолға алынған саясат қоғам үшін пайдалы болмақ. Альбина Бахтиярқызы жоғарыда аталған басты критерийлер ескерілмеген жағдайда, ол тек қана формальді «қатаңдықты» арттырып, шынайы құқықтық мәдениетті төмендетуі мүмкін екенін ескертті.

– Халықаралық тәжірибеде «нөлдік төзімділік» ұғымы алғаш рет 1990 жылдары АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында енгізілді. Бұл уақытта саясат қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейту үшін қолданылғанымен, кейіннен азаматтардың жаппай қудалануына, құқық қорғау органдарының селективті көзқарасына, әсіресе этникалық топтарға қатысты дискриминацияға алып келгенін зерттеулер көрсетті. Сондықтан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті, Human Rights Watch секілді ұйымдар бұл саясаттың теріс салдарына бірнеше рет назар аударған. Қазіргі уақытта көптеген демократиялық ел бұл ұғымнан біртіндеп бас тартып, оның орнына қоғаммен диалог жүргізу, превентивті (алдын алу) шаралар және құқықтық тәрбиені күшейту жолын таңдады, – деді адвокат А.Бахтиярқызы.

Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде қылмыстық құқықбұзушылықтың жалпы санының 34 пайызын алаяқтық (45 156) фактісі құраған. Ал кішігірім қылмыстар 7,6 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 16,8 пайызға және ауыр қылмыстар 2,2 пайызға төмендеген.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы