Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Осы орайда Президент түбі таяздана бастаған Каспий теңізінің тағдырына жеке тоқтала кетті. Қазақстан жыл сайын теңізден 1,5 миллиард текше метрге дейін су алып, пайдаланады, тұщыландырып ішеді. Қарт Каспий болса, күн сайын тартылып барады.
Мемлекет басшысы елімізде су мәселесіне жеке мән беріліп, жаңа Су кодексі қабылданғанына, арнайы министрлік құрылғанына екпін түсірді. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Президент Су ресурстары және ирригация министрлігіне салада қордаланған мәселелерге үстірт қарамай, жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу керектігін ескертті. Кәсіби кадрларды дайындап, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеуге тапсырма берді. Себебі, мысалы, Каспийді сақтап қалу үшін оның жағалауындағы барлық 5 мемлекет бірлесе қимылдауы қажет.
Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызды ресурс, сусыз өмір жоқ. Президенттің пайымдауынша, бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Онда жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады.
Осы жұмыс «Ұлттық су теңгерім-балансын» қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың маңызды тәсілі. Онсыз салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес. Әзірше құзырлы органдарда тіпті елдегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ.
– Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін! Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым. Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Үкіметке Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге кірісу жүктелді. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет. «Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көретін болады. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әре-кетімізге тікелей байланысты болмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Теңіз суын тұщыландыру басталды
Қынжылтатыны сол, Қазақстан аумағында су ресурстары біркелкі бөлінбеген. Елдегі барлық су қорының үштен бірі – 34,5%-ы Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының еншісінде. Тағы 21,2%-ы оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Су ресурстарының небәрі 13,4%-ы – батыс облыстарда. Ал ең кедейі – елорда мен оның айналасы: солтүстік облыстарға – 4,2%, орталыққа – бар-жоғы 2,6% тиесілі.Сөйтіп, республикамыздағы кәусармен молынан қамтылған өңір – Шығыс Қазақстан болып отыр: онда әрбір шаршы шақырымға 290 мың текше метр судан ке-леді. Мысалы, Грузияда бұл көрсеткіш – 878 мың, Қырғызстанда 245 мың текше метрге тең.
Ғалымдардың болжамынша, жердің жылынуы, климаттың өзгеруі және парник газының артуы кесірінен құрлықтарды шетінен шөл басады. Бетін аулақ қылсын, сондай заман туса, шөліркеген халық жаппай шығыс пен оңтүстікке шұбыруы мүмкін.
Су ресурстары министрлігінiң мәліметінше, Маңғыстау облысы – елдегі ең шөліркеген №1 өңір. Онда тұщы судың қайнар-көзі жоқ деуге болады. Содан ол негізінен Каспийдің суын тұщыландырып ішеді. Ашық дереккөздердің ақпараты бойынша, бір жыл ішінде Қазақстан қарт теңізден түрлі мақсатта 1,5 миллиард текше метрге дейін су алады. Бұл көлем тек арта береді.
2025 жылғы шілде айының басында Маңғыстау облысындағы жаңа зауытта Каспийдің теңіз суын тұщыландыру басталды. «Кендірлі» зауытының құрылысы 30 мамырда аяқталған-тын. «ҚазМұнайГаздың» хабарлауынша, зауыт тәулігіне 50 мың текше метр суды тұшыландыра алады. Бұдан бөлек, «Қаражанбас» кенорнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метрді құрайтын тұщыландыру зауыты бар. Жалпы, Қазақстанда суды тұщыландыратын 9 зауыт тұрғызу жоспарланған. Ресми дерек бойынша, бұл жобалардың жиынтық құны 250-300 миллиард теңгеден асуы мүмкін. Елде ауызсу қоры жаппай азайып келе жатқан жағдайда мұндай зауыттар ауадай қажет.
Бір ғана Маңғыстау өңірі тәулігіне 150 мың текше метрден көп су тұтынады. Облыс бұл қажеттілігін Каспийдің суын тұщыландыру және Ресейден су жеткізетін «Астрахан – Маңғышлақ» су құбыры арқылы өтеп отыр. Соның өзінде жазда 51 мың текше метрден көп судың тапшылығы туындайды. Сарапшылардың есептеуінше, суға деген сұраныс көлемі болашақта 300 мың текше метрден асып кетуі мүмкін. Осының бәрі Каспийді сақтап қалудың мемлекеттік деңгейдегі маңызын арттыра түседі.
Каспий Аралдың кебін кешпей ме?
Орталық Азия климаттық қоры (CA Climate Fund) сарапшыларының айтуынша, 20 жылдан аз уақыт ішінде Каспий теңізі-нің ауданы 34 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарды. Салыстырар болсақ, бұл – Африкадағы ең үлкен көлдердің бірі – Танганьика көлінің (32 900 шақырым²), немесе Бельгия (32 545 шақырым²) мемлекетінің аумағынан да үлкен. Бұл аумаққа сондай-ақ әлемдегі 138 шағын ел сыйып кетер еді. Мұның сыртында, Каспий суының сапасы да өзгеріп жатыр: бұрынғы мөлдір таза судан енді орташа ластанған деңгейге дейін нашарлады, тұздылығы да артты. Кей кезде ғалымдар зиянды заттар шекті рұқсат етілген шамадан да асып түсетінін тіркейді.
CA Climate Fund зерттеушілері теңіздің таяздануының 2 басты себебін атады: біріншісі – антропогендік, екіншісі – табиғи. Өзге теңіздермен тоғыспайтын тұйық су қоймасы болғандықтан, Каспийдің деңгейі оған құятын өзендердің әкелетін суына қатты тәуелді. Су балансына антропогендік әрекеттердің, бірінші кезекте Ресейдің теріс ықпалы зор. Себебі теңізді толтыратын басты өзендер РФ аумағында орналасқан.
РФ Балық шаруашылығы институтының Каспий ғылыми-зерттеу институтының Еділ-Каспий филиалына сілтеме жасап, ТАСС агенттігінің жазуынша, теңізді толтыруға тиіс және Ресей аумағында ағатын өзендер кеуіп қалып жатыр. Мәселен, Еділдің біраз бөлігінде кеме жүрісі дағдарды және бірнеше ресейлік су электр стансасы тоқырады. Бір ғана Еділ бойында асау өзенді бұғаттап, ресейлік 9 су электр стансасы тұрғызылған. Олардың әрқайсысы өз бөгенінде суды бөгейді және каскад бойынша келесісіне суды аз жібереді.
Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, бүгінде төменгі ағыстағы екі СЭС жұмысын тоқтатты, бірнешеуі толық қуатында істей алмай тұр. Ғалымдардың пайымдауынша, Еділ бойынан ГЭС-тердің бәрін, не басым көпшілігін жойып, бөгендерді ашып жіберсе, Каспийдің деңгейі көтерілер еді. Бірақ соғыс пен санкция жағдайында энергетикалық тапшылыққа тап болған РФ оған ешқашан бармасы сөзсіз.
Екінші фактор, жаһандық жылыну және климаттық өзгеріс Каспий аймағына қатты әсер ете бастаған. Бұл енді бүкіл халықаралық қоғамдастыққа байланысты әлемдік проблема.
– Каспийге ірісі бар, ұсағы бар, шамамен 130 өзен құяды. Алайда 1970 жылдардың басына қарай ірі өзеннің барлығы дерлік реттеліп болды, оларда қаптаған бөген бой көтерді. Каспийдің тартыла бастауы да сол кезеңнен бастау алады. Теңізді толықтыратын өзендердің жалпы ағынының 86,1%-ы – жалғыз Еділдің еншісінде. Теңіз тағдырында дәл осы дария ерекше рөл атқарады. Ол болса, суалып барады. Тағы 5,1% суды – Құра өзені, 2,9%-ын – Жайық өзені, 2,4%-ын – Терек өзені және қалған 3,5%-ын басқа өзендер береді. Бұлар да, әсіресе Жайық таяздану үстінде, – деді Орталық Азия климаттық қоры мамандары.
Олар айнадай жарқыраған кең су айдынына және мұхиттан шалғай орналасуына байланысты Каспий аймағындағы климат жалпы ғаламшарға және оның ішінде Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жылдам қарқынмен жылынып жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, 1976-2024 жылдар аралығында орташа жылдық ауа температурасы жер ғаламшарында әр 10 жыл сайын +0,19°С-қа, Қазақстанда +0,36°С, ал Каспий маңы өңірінде бірден +0,51°С-қа жоғарылапты. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Каспийге төгетін жауын-шашын көлемі қысқарған.
Жауырды жаба тоқығысы келетін кейбір ғалымсымақтар мен жауапты шенеуніктер «Каспийді бақылау тарихында теңіз деңгейі бұған дейін де бірнеше рет төмендеп, кейін көтерілгенін» алға тартады. Солайы солай, бірақ бір гәп бар. Мысалы, 1940-1977 жылдар аралығында теңіз деңгейінің төмендеу қарқыны жылына 4 сантиметрді құраған және осы кезеңдегі жалпы төмендеуі 1,2 метр болды. Ал енді 1996-2023 жылдары су деңгейінің құлдырауы орта есеппен жылына 8 сантиметрге жетті және жалпы алғанда 1,83 метрге түсіп кетті.
Яғни, құлдырау қарқыны күрт өскен. 2025 жылдың бірінші жартысындағы жағдай бойынша, Каспий теңізінің деңгейі «биіктіктің Балтық жүйесі» бойынша орташа есеппен -29,28 метрді ғана құрайды. Соның салдарынан теңіздің кейбір жерінде қайраңдар көбейген, ол жерде су белден ғана келеді.
Ресейдің Мемлекеттік океанографиялық институтының деректері бойынша, 2006 жылдан бері Каспий теңізінің су айдыны 392,3 мыңнан 357,9 мың шаршы шақырымға дейін, яғни 34,4 мың шақырым² қысқарды. Зерттеушілер еңісте болғандықтан, Каспийдің Иранға, ішінара Әзербайжанға тиесілі оңтүстік бөлігінің суы толықтау екенін айтады. Иран Ислам Республикасында тіпті кей жылдары жағалаудағы елді мекендерді су басады. Тартылып, таязданып жатқаны – Солтүстік бөлігі, яғни Қазақстан, Ресей меншігіндегі жағалау сызығы.
«NASA-ның 2020–2025 жылдарды қамтыған спутниктік мәліметтері көрсеткендей, Каспий деңгейі жылына шамамен 7 см жылдамдықпен құлдырап барады. Бұл – дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуінен 20 есе жылдам! Егер осы үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай Каспийдің тереңдігі 5 метрден аспайтын солтүстік бөлігі толықтай құрғап қалуы мүмкін», – деді Орталық Азия бойынша климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық офистің басшысы Ерлік Қаражан. Ендеше Аралдағыдай ахуалдың қайталануын жоққа шығаруға болмайды.
Қорыта айтқанда, теңіздің тартылуының екі негізгі факторына Қазақстан көп ықпал ете алмайтынға ұқсайды. Сонымен бірге, Қазақстан Каспийді сақтап қалу үшін оның жағасындағы бес елдің күш-жігерін біріктіре алады. Президент өз Жолдауында Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Шенеуніктер биік міндет үдесінен шыға ала ма, белгісіз. Ғалымдар жер астында алып қуыстар көбейе бермеуі үшін теңіздегі мұнай-газ өндірісін азайту керектігіне де назар аудартады. Бұған енді бюджет тапшылығы өскен Қазақстанның баруы неғайбыл.
Айхан ШӘРІП