Telegraph басылымының мақаласына сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz қандай жағдайда кофенің денсаулыққа пайдалы екенін талдайды.Таңғы кофесіз өмір сүре алмайтындар үшін жақсы жаңалықпен бөлісеміз. Жаңа зерттеу кофеинді тұтыну әйелдердің денсаулығына, сапалы қартаюына көмектесетінін көрсеткен. Гарвард университетінің T.H. Chan атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жүргізген 32 жылдық зерттеу нәтижесі жарияланды. 47 мың әйел қатысқан зерттеу күніне 315 мг кофеин (шамамен үш шағын кесе кофе) ішкендердің 70 жастан кейін когнитивтік және физикалық тұрғыдан сау қартаю ықтималдығы 13%-ға жоғары болатынын анықтаған.
Әрбір қосымша кесе бұл ықтималдылықты шамамен 2%-ға арттырады. Алайда бұл артықшылықтар Cola ішетіндердің сау қартаю ықтималдығын 20%-ға төмендеткен.
Зерттеу жетекшісі доктор Сара Махдави кофеинді «ғажайып құрал» ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Нәтижелер әзірге рецензиядан өтпегенімен, бұл зерттеу – соңғы 30 жыл ішінде кофе тұтынудың қартаюға әсерін кешенді бағалаған алғашқы жұмыс.
Махдавидің айтуынша, орта жастағы әйелдер үшін ең оңтайлы жас – 48. Осы жасқа дейін кофеинді қалыпты мөлшерде тұтынған әйелдердің кейінгі 30 жылда денсаулығы жақсы сақталған. Зерттеу барлық адамдарға кофе іше бастауды ұсынбайды. Бірақ Махдави:
«Кофеин қосылған кофені тұрақты түрде ішетін және оны жақсы көтеретін әйелдер үшін бұл нәтижелер жақсы үміт сыйлайды. Бұл алдын ала деректер болса да, шағын әрі тұрақты әдеттер ұзақмерзімді денсаулыққа ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді», – дейді.
Зерттеу тек әйелдерге жүргізілгендіктен, кофеиннің ерлерге әсері қандай екені және гендерлік айырмашылықтың себептері әзірге белгісіз.
«Гормондар мен генетикаға байланысты кофеин метаболизмі әртүрлі адамдарда әрқалай жүруі мүмкін. Сондықтан бұл биологиялық механизмдер әлі де зерттеуді қажет етеді», – дейді Махдави.
Кофеинді қалыпты мөлшерде тұтынған әйелдердің денсаулығы жақсы сақталады. Фото outpatientcenterofdelray.com сайтынан алынды
Кофеин жасы ұлғайған сайын сіздің денсаулығыңызға қалай әсер етеді?
1. Кофе ішкеннен кейін сергектік сезімімен қатар, көптеген зерттеулер кофеиннің ми қызметін жақсартатынын, адамның жадын күшейтетінін көрсеткен. Neuroscience & Biobehavioural Reviews журналында жарияланған шолуға сәйкес, 32-300 мг арасындағы кофеин дозасы зейін, сергектік және реакция уақыты секілді негізгі когнитивтік функцияларды жақсартады.
Кофе сонымен қатар хлороген қышқылдарына бай. Бұл – миды қорғайтын антиоксиданттық полифенолдардың тобы. Диетолог ғалым Эмили Лиминг былай түсіндіреді:
«Бұл полифенолдар қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымын жақсартып, миға қан ағуын күшейтуі мүмкін».
Кофеин бета-амилоид пен тау-протеиннің (Альцгеймердің негізгі белгілері) түзілуін азайтады. University College London-дағы геронтопсихиатрия профессоры доктор Джилл Ливингстон:
«Зерттеулер әлі бірауызды қорытындыға келмесе де, кофеиннің зияны жоқ секілді. Кофе миды қорғауға қабілетті бірнеше жолмен әрекет етуі мүмкін. Ол қабынуды азайтып, инсульт қаупін төмендетіп, нейрондардың жойылуын баяулатуы ықтимал», – дейді.
Кофе құрамындағы полифенолдар ішек микробиомының пребиотигі ретінде әрекет етеді. Фото continentalhospitals.com сайтынан алынды
2. Кофе құрамындағы полифенолдар ішек микробиомының пребиотигі ретінде әрекет етеді. Олар пайдалы бактериялардың өсуін және әртүрлілігін ынталандырады.
ZOE тамақтану қосымшасының зерттеуі 150 тағамды салыстырып, кофе микробиомға ең күшті әсер ететін өнім екенін анықтаған. Кофе ішетіндердің ішегінде L. asaccharolyticus бактериясы 6–8 есе көп болған. Бұл бактерия гиппурат деп аталатын метаболизм маркерін жоғарылатады. 22 000 адамға жасалған талдау нәтижесі бойынша зерттеушілер:
«Бұл бактерия полифенолды жолдарға жауап ретінде әрекет етеді. Және кофенің ішек денсаулығына тигізетін оң әсерін түсіндіре алады», – деген қорытындығы келген.
Алайда доктор Лиминг кешке жақын кофе ішу ұйқы сапасын нашарлататынын ескертеді.
«Кофеин денеде ұзақ сақталып, түнгі демалысқа кері әсер етеді. Тіпті, ұйықтап қалу қиын болмаса да».
Нашар ұйқы – өлім қаупін арттыратын фактор. Сонымен қатар кофеин кальцийдің зәр арқылы бөлінуін арттырады. Егер бұл жағдайда кальций жеткілікті мөлшерде ағзаға келмесе, сүйек тығыздығы төмендеуі мүмкін. Ұлыбританиядағы остеопороз қоғамы:
«Кальций жетіспейтін немесе остеопороз қаупі бар адамдар күніне 4 кеседен артық кофе ішпеуі керек», – деген кеңес береді.
Кофе миды қорғайды, ішек саулығын жақсартады және жүрек, қан тамыр ауруларының қаупін төмендетеді. Фото pexels.com сайтынан алынды. Авторлығы: Victor Cayke
3. 2022 жылы Лондон университеті мен Будапешттегі Земмельвейс университеті жүргізген зерттеу күніне 3 кесеге дейін кофе ішу инсульт пен өлім қаупін төмендететінін көрсеткен.
Еуропалық кардиология журналында жарияланған тағы бір зерттеуде таңертеңгі кофе ішу жүрек саулығын жақсартатыны дәлелденген. Кофе ішпейтіндермен салыстырғанда, оны таңертең ішетіндер жалпы өлімге шалдығу ықтималдығын 16%-ға, ал жүрек-қан тамырынан өлімді 31%-ға азайтады. Британ жүрек қорының диетологы Трейси Паркер:
«Күніне 4-5 кесеге дейін кофе ішу жүрекке зиян келтірмейді және көп адам үшін қауіпсіз», – дейді.
Бірақ тәулігіне 400 мг-нан асатын кофе көлемі қан қысымын, жүрек соғысын және мазасыздық, жүрек қағысының жиілеуі, жүрек айнуы мен бас ауруы сияқты жанама әсерлерді тудыруы мүмкін. Доктор Эмили Лиминг:
«Кофе бәріне бірдей әсер етпейді. Кей адамдарда ол жүйке қозуын немесе асқазан-ішек мәселелерін туындатуы мүмкін», – деп ескертеді.
Сондай-ақ кофенің сапасы ғана емес, оған не қосқаныңыз да маңызды.
«Кофеңізді пайдалы етіп ішкіңіз келсе оған сироп, қант, кілегей, майлы сүт қоспаңыз. Бұлар артық калория мен қаныққан майлар әкеледі», – дейді сарапшы.
Мөлшермен ішсеңіз кофе денсаулыққа зиянды емес. Ол миды қорғайды, ішек саулығын жақсартады және жүрек, қан тамыр ауруларының қаупін төмендетеді. Бірақ кофеиннің әр адамға әсері әртүрлі, сондықтан жеке төзімділікті ескеру және шамадан тыс тұтынбау маңызды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.