Атыраулық 15 жастағы Ернұр Сатыбалдының өзгелерді шабыттандыратын оқиғасы сенімнің, табандылықтың және қолдаудың шынайы ғажайыптар жасай алатынын көрсетті.
Ғажайып оқиға
Сал ауруы диагнозымен сәби кезінен күресіп келе жатқан Ернұр аяққа нық тұрып қана қоймай, жалпы білім беретін мектепте оқиды және пара ат спорты бойынша медальдар жеңіп алып жүр. Ернұрға алты айлық кезінде қойылған диагноз бүкіл отбасы үшін үлкен сынақ болды. Оның анасы Назгүл Есенғалиева сол кезден бастап ұлын емдеуге бар өмірін арнады: оңалту, массаж, мануалды терапия, басқа қалалар мен елдерге сапарлар. Бірақ бәрін өзгерткен сәт – Ерлан Күмісқалиев басқаратын «Атырау. Кішкентай ел» қоғамдық бірлестігімен танысу болды.
– Бұл орталық туралы алғаш рет Ернұр 1 жас 7 айлық кезінде теледидардан білдім. Сол кезде орталықта небәрі екі терапиялық ит – Федя мен Форбс жұмыс істеді. Солардың арқасында ұлымның ас қорыту жүйесі жақсара бастады, – деп еске алады Назгүл Есенғалиева.
Үш жыл бұрын бұл бірлестік аясында иппотерапия орталығы ашылды. Ернұр сол жерде жаттыға бастаған алғашқы балалардың бірі болды. Бұл жаттығулар жай ғана пайдалы емдік тәсіл емес, нағыз серпіліс болды. Ернұр атқа мініп үйренді, өзіне деген сенімділік артты, жарыстарға қатыса бастады. Бүгінде ол – пара ат спортының үш дүркін чемпионы.
– Иппотерапияның арқасында Ернұр өздігінен жүре бастады. Енді оған қолдау қажет емес. Ол инклюзивті сыныптан жалпы сыныпқа ауысты. Қазір оның физикалық және менталдық дамуы өз жасына сай. Біз тіпті Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясына түсуге дайындалып жүрміз. Өйткені Ернұр музыкаға ғашық. Егер оқуға түсе алмаса, 10-сыныпта оқуды жалғастырамыз, – дейді анасы.
«Атырау. Кішкентай ел» ҚБ-ның иппотерапия орталығындағы барлық бағдарламалар табиғи әдістерге негізделген – дәрі-дәрмексіз, табиғаттың, жануарлардың және кәсіби нұсқаушылардың көмегімен емдеу жүзеге асады.
– Біз мейірімді және сезімтал жануарлармен жұмыс істейтінімізді мақтан етеміз. Бұл жай ғана атқа міну емес – бұл кешенді терапия. Қазір бізде арнайы үйретілген 12 жылқы бар, – дейді Ерлан Күмісқалиев.
Орталық қазірдің өзінде Мақат және Құрманғазы аудандарында белсенді жұмыс істеуде. Бірақ команда мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мақсат – облыстың барлық аудандарында филиал ашу. Қазірдің өзінде жаңа бағдарламалар әзірленіп, мамандар іріктеліп жатыр.
Шыны керек, Атырау қаласы маңындағы Ақсай ауылында орналасқан «Атырау. Кішкентай ел» – бұл еліміздегі теңдесі жоқ әлеуметтік жоба. Мұнда 12 жылдан бері ми мен жұлынның ауыр жарақаттарын алған балалар мен ересектерге ерекше тәсілмен көмек көрсетіліп келеді. Ақ халат пен аурухана қабырғаларының орнына табиғат аясында шипа беретін, мейірімге толы орта қалыптасқан. Бұл – тек емдеу орны емес, бұл – өмірді сүюді үйрететін, үміт пен жанашырлық мекені.
Табиғат аясындағы ерекше ауыл
«Атырау. Кішкентай ел» әлеуметтік ауылы 5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда арнайы оқу корпусы, отбасыларға арналған қонақ үй кешені, жабық иппотерапия алаңы, ат қоралар мен жылқыларға арналған еркін жайылым аумағы бар. Алайда бұл ауылдың нағыз ерекшелігі – ондағы адамдардың жүрегінде. Мұнда махаббат пен жанашырлық – басты ем.
Ауылда иппотерапияға арналған 10 жылқы, арнайы үйретілген 2 канистерапевт ит және 6 мысық «жұмыс істейді». Мұнда осы команданың көмегімен ерекше балалармен, инсульт алған жандармен, мүмкіндігі шектеулі ересектермен жануарлар арқылы жұмыс жүргізіледі. Бұл әдістер – ғылыммен дәлелденген ем түрлері.
Ауылдың негізін қалаушы Ерлан Күмісқалиевтің айтуынша, жақында орнитотерапия да іске қосылады. Бұл – тыныс жолдарын жақсарту үшін арнайы құстардың сайрауын тыңдай отырып, дұрыс тыныс алуға үйрету әдісі. Жылқы мен адам ағзасындағы қан айналым жүйесінің ұқсастығы иппотерапияны ерекше емдеу әдісіне айналдырады. Ат үстінде жүргенде берілетін микроқозғалыстар мен вибрациялар қан айналымын жақсартып, миға оттек жеткізуге көмектеседі.
«Кішкентай ел» – тек оңалту орталығы емес, сонымен қатар кәсіби иппотерапевтерді даярлайтын оқу орны. Қазір мұнда халықаралық деңгейдегі 7 маман жұмыс істейді. Олар әр пациентке жеке бағдарлама жасайды. Өткен жылы мұнда 27 жаңа маман дайындалып, аймақтарда жаңа иппотерапия орталықтары ашыла бастады.
Чемпиондар ауылы
Мұнда Атырау облыстық Спорт басқармасымен бірлескен параат спорты секциясы жұмыс істейді. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандар параат спорт түрімен айналысып, Қазақстан чемпионаттарына қатысып, жүлде иегері атануда. Ерлан Күмісқалиевтің өзі – кәсіби спорт жаттықтырушысы, осы бағытта бірнеше чемпионды тәрбиелеген.
Ауыл ұжымы да өз күшімен табыс көздерін табуда – биогумус өндіріп, сатады, саумал мен қымыз ұсынады, демалыс күндері қолжетімді бағамен иппотерапия сеанстарын өткізеді. Жақында экскурсиялық бағыттағы турлар ұйымдастырылмақ. Бұл – ауыл өмірімен танысып, жануарлардан ем алғысы келетіндер үшін керемет мүмкіндік.
– Бізге қол күші жетіспей жатады. Екі мыңнан астам ағаш бар, оларға күтім жасау керек. Ағашты ақтап, аумақты ретке келтіріп кететін еріктілерге әрдайым қуаныштымыз. Ит мен мысықтарға жем, дәрі-дәрмек алып берген жандарға да шексіз алғыс, – дейді Ерлан Күмісқалиев.
«Кішкентай ел» – бұл тек ем орны емес. Бұл – жүрекпен жұмыс істейтін жандардың мекені. Бұл жерде үміт оты өшпейді. Әркімге есігі ашық. Себебі жақсылық көп болуы керек.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы