Aikyn.kz соңғы күндері әлеуметтік желілер арқылы тараған айыптаулардың президент пен миллиардердің имиджіне әсерін axios.com материалына сүйеніп талдайды.
Кеше Aikyn.kz «Миллиардер президентке импичмент жариялап, жаңа саяси партия құруға шақырды» атты мақала жариялады. Бүгінгі материал екі ықпалды тұлғаның арасындағы жанжалдың салдарын талдайды.
«Мен болмасам, Трамп сайлауда жеңіске жетпес еді. Демократтар Өкілдер палатасын бақылап, республикашылдар Сенатта 51-49 құрамымен отырған болар. Жақсылықты білмеу қандай қиянат!», – деген мазмұндағы жазбалар Илон Масктің абыройын өсірмеген сияқты.
Қазақта «жаман бергенін айтады» деген сөз бар. Миллиардердің жаман болғаны ма?! Немесе бергенін айтуға мәжбүр болғаны ма?! Қалай болғанда да бейсенбіде (5 маусым) Илон Маск X желісінде президент Трампқа «жаппай соғыс» жариялағандай болып көрінді.
Ал Дональд Трамп болса, Truth Social желісінде бұрынғы DOGE жетекшісін «ақылынан адасқан» деп, Масктің миллиардтаған долларлық мемлекеттік келісімшарттарын тоқтатуға ниетті екенін білдірді.
Бұл жанжалдың себебі – президент Трамптың ұсынған салық және бюджеттік шығындар реформасымен байланысты болды. Сарапшылар бұл заң жобасы мемлекеттік қарызды келесі 10 жылда бірнеше триллион долларға өсіреді деп болжауда.
Илон Маск: «Трампқа 3,5 жыл қалды. Ал мен өз орнымда 40 жылдан аса боламын». Скриншот X әлеуметтік желісіндегі Илон Масктің ресми аккаунтынан алынды. Авторлығы: X / @elonmusk
Илон Маск осы заң жобасына қарсы науқанын бастағанда, Трамп Tesla-ның бас директорын электрокөліктерге субсидиялар алынып тастағанына өкпелі екенін көпшілікке жария етті. Бұл жанжал бастала салысымен Tesla акциялары 15%-ға құнсызданды.
Президент Трамп Ақ үйде Германия канцлері Фридрих Мерцті қабылдап жатқанда, Маск президенттің бұрынғы бюджет тапшылығы мен мемлекеттік борышты көтеруді сынаған жазбаларын тауып жариялайды.
«Қайда бүгін сол жігіт?», – деп сұрау тастайды.
Демократтар мен либерал сарапшылар Маск пен Трамп – пікірлерін еркін білдіретін мықты екі тұлға – арасындағы қатынас үлкен даумен жалғасатынын бұрыннан болжаған. Илон Маск X әлеуметтік желісінде өзінің миллиондаған жазылушылары арасында сауалнама жүргізіп: «Америкада халықтың 80%-ының мүддесін қорғайтын жаңа саяси партия құру кезі келді ме?», – деп жазды.
Жазбаның жалғасында миллиардер: «Республикашылдар ойланып көрсін: Трампқа 3,5 жыл қалды. Ал мен өз орнымда 40 жылдан аса боламын», – деп тұспалдап айтқан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.