Aikyn.kz қазіргі соғыстардағы технологиялық қарудың маңызын zmescience.com сайтының материалына сүйеніп талдайды.Аспандағы құжынаған дрондар қазіргі соғыстарда үлкен қатерге айналуда. Фото builtin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Andy Deal Photograph
Өткен аптаның басында Индианадағы әскери көрсетілім кезінде аспаннан толассыз құлаған квадрокоптерлерді ешқандай зымыран да, снаряд та құлатпаған. Олардың кенеттен және бір мезетте құлауына көзге көрінбейтін қуат сәулесі себеп болды.
Аттербери лагерінде қорғаныс мердігері Epirus өзінің аса қуатты микротолқынды Leonidas қаруын таныстырды. АҚШ әскерилері мен одақтас елдерден, Үнді-Тынық мұхиты аймағынан келген өкілдердің алдында екі сағаттық шоу көрсетілді. Оның шарықтау сәтінде Leonidas жүйесі бірден 49 дронды атып түсірген. Epirus компаниясының бас директоры Энди Лоури бұл оқиғаны «ерекше мәні бар сәт» деп атады. Ол бұл технология тек соғыс алаңында ғана емес, бейбіт ортада да қажет болатынын айтады.
«Бұл платформаны стадиондарда, порттарда, әуежайларда пайдалануға болады. Оны қолдану ауқымы үлкен», – дейді ол.
Аспандағы құжынаған дрондар қазіргі соғыстарда үлкен қатерге айналуда. Украинада квадрокоптерлер траншеяларға жарылғыш зат тастайды. Қызыл теңізде хуситтер дрондар мен катерлерді жүк кемелеріне, тіпті алыс Израильге шабуыл жасауға қолданады.
АҚШ-тың кейбір базалары да арзан дрондардың шабуылына ұшырады. Ал оларды жою үшін қолданылатын зымырандардың құны әлдеқайда қымбат.
Бұл асимметрия америкалық әскерилерді қатты алаңдатады. АҚШ армиясының бас техникалық директоры Алекс Миллер тіпті он мыңдаған автономды дрондар қысқа уақытта Тынық мұхиттағы базаларға шабуыл жасайтын қорқынышты сценарийді елестетудің өзі қорқынышты екенін мойындайды.
Қазіргі қолданыстағы қарулардың барлығының шектеуі бар. Зымырандар қымбат. Лазерлер бір уақытта тек бір дронды көздей алады. Радиоэлектрондық күрес жүйелері тиімділігін жоғалтып барады. Өйткені дрондар автономды ұшуға бейімделіп жатыр. Украинада соғыс алаңында мыңдаған шақырым талшықты кабельдер дрондарды басқаруға пайдаланылып, радиоэлектрондық күрес құралдарын керексіз етіп тастады.
Алайда дрондарды мүлдем кемшіліксіз деп айтуға болмайды. Дәл осы тұста Leonidas іске қосылады. Leonidas оқ-дәрі, зымыран немесе лазерлік импульс атпайды. Ол дрондардың электроникасына әсер ететін көзге көрінбейтін энергия толқындарын жібереді. Нәтижесінде қозғалтқыш контроллері күйіп, микросхемалар істен шығып, дрондар жерге құлайды.
Жүйе – тіркемеге орнатылған үлкен металл тақтаға ұқсайды. Оның артында аса қуатты кернеуді көтере алатын галлий нитридінен жасалған күшейткіштер орналасқан. Арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету антенна торын басқарып, сәулені дәл бағыттайды.
Epirus инженерлері Калифорниядағы Торранс қаласындағы зертханада дрондарды түрлі бұрыштарда тексеріп, микротолқындардың қалай әсер ететінін зерттеп жатыр. Қорғаныс мыс қабатымен қапталса да, антенналар мен сымдардағы ұсақ саңылаулар энергияға жол ашады.
Leonidas 60 градусқа дейінгі секторда бірден бірнеше дронды жоюға қабілетті. Ең басты артықшылығы – оқ-дәрісі таусылмайды. Қуат көзі барда жүйе шексіз жұмыс істей береді.
АҚШ армиясы қазірдің өзінде ондаған миллион долларлық келісімшарттарға қол қойды. 2023 жылы Epirus 66 млн долларлық, ал күзде тағы 17 млн долларлық келісім жасасты. Leonidas қондырғылары Филиппиндегі атыс жаттығуларында сыналды.
Әскери-теңіз күштері өз нұсқасын – ExDECS жүйесін (топтық дрондарға қарсы бағытталған энергияның экспедициялық жүйесі) әзірлеуде. Ол теңіздегі дрондар мен жарылғыш катерлерді де залалсыздандыра алады. Тәжірибелер кезінде микротолқындар катерлердің моторларын істен шығарған.
Энди Лоури: «Пилотсыз соғыс ұрысты түбегейлі өзгертуде. ExDECS секілді жүйелер теңіз жаяу әскерлеріне бірнеше электронды қатерді бірден бейтараптандыру мүмкіндігін береді», – дейді.
Микротолқынды қарулардың өсуі – қорғаныс өнеркәсібіндегі үлкен өзгерістердің бір бөлігі. Epirus пен Anduril секілді венчурлық компаниялар жеке инвестициялар тартып, қысқа мерзімде жүйелерді әскерге ұсынуда. Epirus биылдың өзінде жарты миллиард доллар инвестиция тартты.
Қытай да өзінің Hurricane (Дауыл) атты қуатты микротолқынды жүйесін таныстырды. Егер мұндай қарулар екі жақта да кең қолданыс тапса, болашақ соғыстарда олар зымыран мен артиллерия сияқты кәдімгі құралға айналуы мүмкін.
Epirus инженерлері Leonidas-тың шағын нұсқаларын әскери машиналарға немесе тіпті дрондардың өзіне орнатуды жоспарлап отыр. Лоури тіпті тұтас қалаларды қорғайтын ауқымды жүйелер орнату идеясын ұсынды. Ол дрондарды «балауыз қанатты Икарға» теңеп: «Біз сол қанаттарды еріту үшін керемет пеш жасадық», – дейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.