Саиданың ата-анасы бірі – Қостанайдан, бірі – Павлодардан арман қуып Астанаға келгенде танысыпты. Екеуі студенттік шақтан бері бірге, осы қалада үлкен өмірге алғашқы қадамдарын да бірге бастайды. Жас жұп алда не күтіп тұрғанын сол кезде сезбеген де еді. Алайда тағдыр оларға ерекше сый дайындап қойған екен. Тұңғыш қыздары Астананың миллионыншы тұрғыны атанып, тек отбасына емес, бүкіл елге қуаныш сыйлады. 2016 жылы 4 шілдеде түнгі сағат 01:00-де №1 перинаталдық орталықта дүниеге келген Саида – Астана тарихында есте қалар сәттің кейіпкері.
– Әкімдік қызметкерлері Саида дүниеге келгенде перзентханаға құттықтап келді. Саидаға сыйланған ең үлкен сыйлық – қаламыздың оң жағалауынан берілген екі бөлмелі пәтер. Біз мұндай сый береді деп күтпедік. Өзіңіз де білесіз, елордаға келген әрбір жас осы қалада тұрақтап қалуды, баспаналы болуды армандайды. Саида біз үшін несібесімен келген бала болды, – дейді анасы Арайлым Мұхамедияр.
Қазір Саида Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында оқып жүр. Саида бой жеткен сайын, елорда тұрғындарының қатары да артып келеді. Анасы Арайлымның айтуынша, қазақтың дархан пейілі бұл қызға да дарыған. Ол ешкімді жатсынбайды, қай ортада болса да айналасындағы адамдармен тіл табысып, сүйкімді қылықтарымен баурап алады. Мінезі де байсалды, сонымен бірге табанды: бір нәрсені қаласа, соған жетпей тынбайды.
– Саида таэквандомен айналысады. Ағылшын тілін үйреніп жатыр. Сурет сабағына да барады. Түрлі браслеттер, әшекейлер жасағанды ұнатады. Ал өскенде мұғалім болғысы келеді, – дейді анасы.
Үйдің үлкені болу – үлкен жауапкершілік. Себебі өзіңнен кейінгі бауырларыңа үлгі болуың, ата-анаңа демеу болуың қажет. Саида 9 жаста болса да өзіне артылған сенім жүгін қазірден түсінеді. Анасының айтуынша, Саида артынан ерген 3 сіңлісіне қамқор. Әрқашан оларды ойнатып, қасында жүреді.
– Саиданың есімін ата-әжесі қойды. Себебі ол – әулеттің асыға күткен тұңғыш немересі. Саида есімі араб тілінен аударғанда «бақытты», «жолы болғыш» деген мағынаны білдіреді. Әлі күнге дейін қызымыздың елорда тарихында қалғанына қуанып, мақтан етіп отырамыз. Бұрын Саида журналистер келіп суретке түсірген кезде түсінбейтін. Қазір есейген сайын өзін ерекше қабілетті бала деп санайды. Ешкімнен қысылмайды. Біз бала тәрбиесінде адамгершілік пен бауырмалдықты бірінші орынға қоямыз. Қыздарымызды ешкімнің алажібін аттама деп тәрбиелеудеміз, – дейді Арайлым Мұхамедияр.
Қазақта «Қыз – әкенің қырық жылдық арманы» деген сөз бар. Бұл тек ұлттың қыз балаға деген ерекше көзқарасын ғана емес, әке мен қыз арасындағы нәзік әрі мызғымас байланысты да білдіреді. Қыз бала – ананың еркесі болғанымен, әкенің жүрегіне жол тапқан шынайы сырласы, үміті, көзінің нұры. Арайлымның айтуынша, Саида кішкентай кезінен әкесіне жақын. Болмыс бітімі де әкесінен аумайды.
Халықтың ел орталығына шоғырлануы – әлемде қалыпты құбылыс. Айталық, Токиода – 38 миллион, Делиде – 28 миллион, Мәскеуде – 13 миллион, Ытамбұлда 17 миллион адам тұрады. Ал еліміздің Астанасы алдағы бес жылда 2 миллиоға жетіп қалуы бек мүмкін. Дегенмен елорда тарихында Саиданың есімі ұмытылмайтыны анық. Біз миллионыншы тұрғынның болашағы да Астанадай асқақ болатынына сеніммен қараймыз.
Көктем ҚАРҚЫН