Aikyn.kz Жерге құлаған метеориттердің сипатын bgr.com сайтының материалына сүйеніп түсіндіреді.
Метеорлар ғаламат жылдамдықпен қозғалады – 60 000 км/сағ! Фото tochka.by сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock.com / Geermy
Метеор әдетте түнде байқалады, артында сызықтар қалдырады. Оларды «аққан жұлдыз» деп атаймыз. Метеор мен метеорит – бір құбылыстың әртүрлі кезеңдері. «Метеор» атауы осы ғарыш денесі атмосферада жанып кетпей, шынымен жерге құласа «метеоритке» айналады. Жыл сайын темір мен никельден, силикатты материалдардан немесе олардың қоспаларынан тұратын мыңдаған метеориттер Жерге құлап жатады. Біздің атмосфераға бұдан да көп метеорлар кіреді. Бірақ олардың басым бөлігі атмосферада толық жанып кетеді. Тек ең берік бөлігі ғана Жерге жетіп, құлайды. Олардың адамдарға зиян тигізуі өте сирек, бірақ ондай жағдайлар болуы мүмкін.
Бір қызығы, Жер – метеориттердің жалғыз нысанасы емес. Астрономдардың бірі Айға соғылған аспан денесін видеоға түсіріп алған.
Жыл сайын мыңдаған метеорит Жерге құлағанымен, қарапайым адамның оларды таспен шатастырып алуы оңай. Сонымен қатар оларды анықтау да өте қиын. Метеорлар ғаламат жылдамдықпен қозғалады. Мысалы, 60 000 км/сағ жылдамдықпен Жерге құлаған метеориттің видеосы бар. Бұл – орасан зор жылдамдық!
Ең үлкен метеориттердің Жерге жету ықтималдығы көбірек. Олар атмосфераға өте ірі болып кіруі мүмкін. Бірақ Жермен соқтығысқанша жанып, кішірейеді. Жерге жеткенде бастапқы көлемінің көп бөлігін жоғалтады. Демек, метеорит қаншалықты ірі болса, оның жерге жету мүмкіндігі соншалықты жоғары.
Олардың жерге жету ықтималдығы траекторияға да байланысты. Егер олар атмосфераға тіке түссе, көбірек сақталып қалады. Өйткені көлбеу ұшқан метеорит ұзақ жанады.
Адамға тікелей метеориттің зиян тигізуі алғаш рет АҚШ-та 1954 жылы тіркелген. Сол жылдың қарашасында Энн Ходжестің Алабамадағы үйінің шатырына метеорит түсіп, үй иесінің денесіне соғылған. Салмағы 3,5 келі болған метеорит тасынан оның денесі көгергенімен, сүйектері сынбаған.
2013 жылы үй көлеміндей метеорит Ресейдің үстінен ұшып өтті. Ол Жерден 22 шақырым биіктікте жарылып, 200 шаршы миль аумақтағы терезелерді сындырып, ғимараттарға зақым келтірді. Нәтижесінде, 1 600-ден астам адам жарақат алды.
Алайда мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Жер атмосферасы бізді тамаша қорғайды, оған түскен метеорларды жойып жіберуге қабілетті. Әйтпесе біз ғарыштық қоқыстардан қорғанумен әлек болар едік. Оның орнына Персеидтер сияқты әсерлі метеориттік жауындарды жыл сайын тамашалай аламыз.Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.