Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz көрші мемлекеттер арасында болып жатқан жанжалдағы америкалық президенттің рөлін талдайды.
АҚШ президенті Нобель Бейбітшілік сыйлығына Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысты шешуге көмектескені үшін ұсынылмақшы. Фото interfax.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Newscom / Vostock-photo
Пәкістан сенбі күні (21 маусым) АҚШ президенті Дональд Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынатынын мәлімдеген еді. Трамптың өзі біраз уақыттан бері айтып жүрген жоғары марапатқа АҚШ президенті Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысты шешуге көмектескені үшін ұсынылмақшы болған.
Бастапқыда бұл қадам АҚШ-тың Израильді әскери мақсатта қолдап, Иранның ядролық нысандарына соққы беру шешімін өзгертуіне әсер етуі мүмкін деп бағаланғаны да рас. Дегенмен маусымның 22-сіне қараған түні америкалық әуе күштерінің жеті B-2 Spirit бомбалаушы ұшақтары Иранның Фордо, Натанза мен Исфахандағы ядролық нысандарына шабуылдады.
Бұдан кейін президент Трамптың өзі жазғандай, «не істесем де, мен Нобель бейбітшілік сыйлығын ала алмаймын» деген сөздері дұрыс болар.
Бұл жерде Пәкістанның Израильдің әрекеттерін халықаралық құқықты бұзу және аймақ тұрақтылығына қатер деп айыптағанын да ескеру қажет. Мамыр айында Трамптың атышулы бітім туралы мәлімдемесі ядролық держава саналатын Үндістан мен Пәкістан арасындағы төрт күндік қақтығысты бірден тоқтатқан. Содан бері Трамп ядролық соғыстың алдын алып, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалдым деп мәлімдеп келеді. Алайда бұл үшін ешкімнен алғыс естімегеніне қынжылуда.
Пәкістан АҚШ-тың дипломатиялық араласуы әскери әрекеттерді тоқтатуға себеп болды деп келіссе, Үндістан бұл екі ел әскері арасындағы екіжақты келісім болғанын мәлімдеуде.
«Президент Трамп Исламабад пен Нью-Делимен тұрақты дипломатиялық байланыс орнатып, стратегиялық көрегендік пен мемлекеттік даналық танытты. Бұл араласу оның шынайы бейбітшілікті жақтайтын тұлға екенінің айғағы», – делінген Пәкістан мәлімдемесінде.
Жұма күні (20 маусым) әлеуметтік желідегі жазбасында Дональд Трамп «өзім шештім» деген қақтығыстар тізімін жариялады. Коллаж cotidianul.md сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Нобель бейбітшілік сыйлығына үміткерлерді мемлекеттер ұсына алады. Дональд Трамп бірнеше рет Үндістан мен Пәкістан арасындағы ең басты даулы аймақ саналатын Кашмир бойынша араағайын болуға дайын екенін білдірген. Кашмир мәселесін халықаралық деңгейге шығаруға ұмтылып жүрген Исламабад бұл мәлімдемені қуанышпен қарсы алды.
Бұл ұстаным АҚШ-тың Оңтүстік Азиядағы бұрынғы саясатын өзгертіп, Қытайға қарсы салмақ ретінде Үндістанды қолдауға бағытталған ұстанымды шайқалтты. Сонымен бірге Трамп пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди арасындағы қарым-қатынасты күмәнді етті.
Жұма күні әлеуметтік желідегі жазбасында Трамп «өзім шештім деген қақтығыстар тізімін жариялады. Олардың қатарында Үндістан мен Пәкістан, сондай-ақ Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде жасалған Израиль мен мұсылман елдері арасындағы Авраам келісімдері де бар. Ол: «Не істесем де, мен Нобель бейбітшілік сыйлығын ала алмаймын», – деп жазбасын түйіндеген.
Пәкістан Трампты ұсыну туралы шешімді осы аптада қабылдаған. 19 маусымда Пәкістан әскерінің қолбасшысы фельдмаршал Асим Мунир АҚШ президентімен түскі ас ішіп, кездесу өткізген. Бұл – Исламабадта азаматтық үкімет бейбіт қызмет етіп жатқан кезде пәкістандық әскери басшының Ақ үйге алғаш шақырылуы.
Президент Трамп: «Не істесем де, мен Нобель бейбітшілік сыйлығын ала алмаймын». Скриншот truthsocial.com әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: @realDonaldTrump
Президент Трамптың жазбасының орысша аудармасы. Скриншот truthsocial.com әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: @realDonaldTrump
Канадада өткен (15-17 маусым) G7 саммитінде Трамп пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің жоспарланған кездесуі АҚШ президентінің ерте кетуіне байланысты болмай қалған. Алайда кейін олар телефон арқылы сөйлескен. Үндістан үкіметі мәлімдегендей, Нарендра Моди бұл әңгімеде «Үндістан Пәкістанмен екі арадағы дауға үшінші тараптың араласуын қолдамайды және ешқашан қабылдамайды» деп айтқан.
Пәкістан парламенті Сенатының бұрынғы Қорғаныс комитетінің төрағасы Мушахид Хуссейн президент Трампты бейбітшілік сыйлығына ұсыну орынды екенін айтады.
«Трамп Пәкістан үшін пайдалы. Егер бұл Трамптың өзін-өзі бағалауына жағымды әсер етсе, жарайды. Еуропа көшбасшылары да оған көптен бері жағынып жүр ғой», – дейді ол.
Дегенмен бұл қадам Пәкістанда өзінде де бірауыздан қолдау таппады. Себебі Трамптың Газадағы соғыс кезінде Израильге қолдау көрсетуі халықтың ашуын тудырған. Енді бұған Иран-Израиль соғысы қосылды.
«Газа секторындағы Израильдің демеушілері мен Иранға қарсы шабуылдарды қоздырушы адамдар ешқандай марапатқа лайық емес. Ал егер ол бірнеше айдан кейін Модиді қайтадан екі беттен сүйіп қарсы алса ше?», – дейді танымал пәкістандық саяси ток-шоудың тележүргізушісі Талат Хуссейн X желісіндегі жазбасында.
Иран мен Израиль арасындағы соғыста АҚШ-тың өзінің бұрынғы серіктесін әскери құралдармен қолдап, Тегеранға шабуылдауы Пәкістанды ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Бұдан кейін Пәкістанның АҚШ президентін Бейбітшілік сыйлығына ресми түрде қалай ұсынатыны, Нобель Комитеті оған қалай қарайтыны беймәлім.
Қалай болғанда да әлем үлкен дағдарыстар алында тұр. Таяу Шығыстағы шиеленіс Орталық Азия мен Қазақ еліне де оң әсер етпесі белгілі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.