BBC News студенттерге чат-ботты қолдануға ресми рұқсат берілгенін жариялады. Оксфорд университетінің бұндай шешімін британдық ақпарат сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz түсіндіреді.
ChatGPT Edu оқу процесін байытып, зерттеу мен шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады Иллюстрация mothership.sg сайтынан алынды
Оксфорд университеті Ұлыбританияда алғашқылардың бірі болып, барлық студенттер мен ғылыми қызметкерлерге жасанды интеллектің ChatGPT Edu білім беру нұсқасын қолдануға бергенін мәлімдеді. Жаңа жүйе студенттер мен университеттің ғалымдары, қызметкерлері қатысқан бір жылдық эксперименттік кезеңнен кейін енгізілді.
Бұл шешім наурыз айында жарияланған оқу орны мен OpenAI арасындағы бес жылдық серіктестіктің бір бөлігі болып саналады.
Университеттің цифрлық технологиялар жөніндегі проректоры, профессор Энн Трефетен бұл технологияны енгізу «цифрлық трансформациядағы еліктірер қадам» деп атады.
«Бізде зерттеулер мен инновацияларды жеделдету, жаһандық мәселелерді шешетін серпінді жаңалықтарға қол жеткізу үшін оны пайдаланудың үлкен мүмкіндігі бар. Барлық студенттеріміз ChatGPT Edu-ды қолжетімді оқу құралы ретінде пайдалана алады. Бұл олардың оқу процесін байытып, жекелендіруге мүмкіндік береді және зерттеу мен шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады», – дейді профессор Трефетен.
ChatGPT Edu университеттерде қолдануға арналған. Ол деректерді әрбір оқу орны жеке басқаратындай етіп, құпиялылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Бұл жобаның бүкіл университет көлемінде іске қосылуы шамамен 750 оқытушы, студент және қызметкер қатысқан пилоттық бағдарламаның жалғасы болған. OpenAI-дың халықаралық білім беру бағытының жетекшісі Джейна Девани Оксфордтың бұл бағдарламасы «ЖИ-дің жоғары білімді байыта алатынын көрсететін жаңа стандарт жасайды» деп атап өтті.
Ол: «ChatGPT Edu-ды барлығына қолжетімді ету арқылы Оксфорд студенттерін, оқытушыларды және қызметкерлерді осы керемет технологиядан барынша пайда алу үшін қажетті дағдылармен, құралдармен және біліммен қамтамасыз етеді», – дейді.
Бағдарламалық жасақтамамен қатар ChatGPT Edu мен басқа да генеративті ЖИ құралдарын пайдалану бойынша оқыту материалдары да қолжетімді болады. Университет бұл бастама «этикалық пайдалану, сыни ойлау және жауапты қолдану» қағидаттарын баса көрсететінін айтуда.
ChatGPT Edu білім беру нұсқасы енді студенттер мен ғылыми қызметкерлерге қолжетімді. Фото harringtonhousing.com сайтынан алынды
ChatGPT Edu – университеттерге арнайы әзірленген ChatGPT-дің нұсқасы. Ол ғылыми зерттеулердің қауіпсіздігін, құпиялылықты сақтайтын және академиялық ортаға бейімделген жасанды интеллект құралы. Тегін нұсқадан айырмашылығы, ChatGPT Edu оқу орнының деректерін университет шегінде сақтауға кепілдік береді.
Академиялық адалдық қағидаттарына сәйкес студенттерге чат-ботты үй тапсырмаларын дайын күйінде орындау немесе дайын жауапты көшіру үшін қолдануға тыйым салынады. Оксфорд университетінің ChatGPT Edu-ды енгізу шешімін осы тұрғыдан қарастыру қажет.
Бұл құрал студенттерді көшіруге емес, интеллектуалдық дамуға, зерттеу мәдениетін және ғылыми этиканы сақтауға бағыттайды. Фото daily.hse.ru сайтынан алынды. Авторлығы: iStock
Біздің ойымызша, бұны зерттеу дағдыларын дамытатын, сыни ойлауды күшейтетін және инновациялық оқыту әдістерін қолдануға арналған білім жүйесіндегі алғашқы қадам деп қабылдау керек. Чат-бот студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуіне, мәліметтерді талдауға, жаңа идеялар іздеуге, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін құпия сақтау және авторлық құқықты қорғау тұрғысынан қауіпсіз етіп жасалған. Яғни, бұл құрал студенттерді адал емес әрекеттерге итермелеу үшін емес, керісінше, олардың интеллектуалдық дамуына, зерттеу мәдениетін және ғылыми этиканы сақтай отырып жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.