Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айтылған бұл сөздің мәні – қазіргі кезеңдегі жаңа технологияның даму үрдісін, білім-ғылым ісін, оның басым бағыттарын, сапалық қыры мен оны оқып үйрету жолдарына ден қойып, кең түрде маңыз беруге саяды. Бұл ретте сөз жоқ қазіргі кезеңнің бағыт-бағдарын айқындайтын, ұлттық-руханияттық мәні мол Һәм өмір танытқыштық қызметі зор – оқу құралы мен оқулықтардың алатын орны айрықша.
Оқулық – ұлттың бағдары, руханияттың асыл өзегі. Оқулық ұлтқа қызмет етеді, сауаттылықты жүзеге асырып, саналылыққа кең жол ашып, ұрпаққа ұлағат дәнін егеді. Оқу-ағарту бағытында – білім стандарты, оқу бағдарламасы басты көрсеткіштер қатарына жатады. Осының негізінде тақырыптық бағыттағы әдістемеліктер, оқу құралы мен оқулықтар жазылады. Білім мазмұны мен сапасы, автор ұстанымы мен жауапкершілік жүгі де терең танылады. Осы орайда еске алсақ, бастапқы тұста – Бағдарламаны Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы дайындайды. «Оқулық» орталығы оны таратып, мектептерге талқылауға жібереді. Арнаулы министрліктен бекітіледі. Бұған дейін, әрине Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының бағалау өлшемдері назарға алынып, тақырыптық туынды әр алуан арна, басым бағыттар бойынша жіті жүйеленіп, зерттеп-зерделеу, талдап-тексеру, салыстыру сынды бірқатар бақылаулар мен сүзгіден өтеді. Атауы мен бағыты, тақырыптық ерекшеліктеріне қарай әр алуан баспалардан жарық көреді. Ақиқатында, оқулық көп… Олар – негізінен мектепке дейінгі мекеме, мектеп жүйесі мен жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары мен оқулықтар.
Оқу құралы балабақшадан басталады
Ұлт құрамының жас өскіндері – балабақшадағы бүлдіршін-жеткіншектерге көп көңіл бөліп, арнаулы әдебиет, оқу-үйрету құралдарымен қамтамасыз ету – болашаққа қалтқысыз қызметтің құрамдас бөлігі. Алайда балабақшадағы балалар табиғи өсіп-жетілгенімен, танымдық-тілдік тұрғыдан жан-жақты дамымағанын, талап деңгейінен тым төмен екенін жасыру қиын. Отбасында немесе даладағы жүріс-тұрысынан, әрекет-қимылынан, сөзі мен ісіндегі үйлесімсіздіктен, смартфонға тәуелділіктен, өзге тілде «жүйрік» те, ана тіліне келгенде мақау-мылқау кейпіне оп-оңай енуі – ел мүддесін жоққа шығарып, ұлт болашағына көлеңке түсіреді. Ұлттық тәлім-тәрбиеге, отан мен отбасы құндылықтарына бұрынғыдан бетер басымдық беру қажеттілігін сәт сайын еске салады. Абай айтқан ақиқат осыған саяды: «…Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады…».
Ұлттық оқулықтың қажеттілігі, ана тілі мен тәлім-тәрбиенің алғашқы кезекте орын алатынын – өмір, уақыт шындыққа шығарып тұрғаны анық. Мектепке дейінгі мекеме (балабақша) санын арттырып, ұлттық бағытты ұстанған тәлім-тәрбие өзегін алға шығарып, көргені көп, тәжірибесі мол тәрбиешілердің үздіктерін анықтап, авторлық құқық беріп, танымдық-тілдік бағыттағы оқу-әдістемелік құралдарын, суретті кітапшалар жиынтығын (дайындап, құрастырып), көптеп шығарған жөн.
Ақиқатында, мектепке дейінгі мекемелер – бала тәрбиесінде әке-шешесіне көмек етіп, үйден біліп-көргенін әр алуан бағыттарда дамытып, ақыл-ойын жетілдіріп, дүние дидарына, еңбек болмысына, өмірге құштарлығын еселеп арттырғаны жөн. Қимыл-қозғалыстарынан бастап, ұлттық дәстүр мен ана тілін жетік меңгеріп, орта білімнің қазыналы ордасы – мектеп жүйесіне еркін енгені баршамыз үшін мерейлі мәртебе екені анық.
Құнды оқулық – ұлт мерейі
Орта білімнің басты құралы – оқулық. Оның негізгі қызметі – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, кемел келешекке батыл қадам жасатады. Ұлттың басым бағыттарын, яки дәстүр мен дүниетаным, білім-ғылым ісі, тарих пен таным, тәлім-тәрбие арналарын әр алуын сабақтардың түйінді тұстарымен бекітіп, асыл арналары айқындалып, нәрлі өзегін көрсетеді. Нәтижесінде, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға, санаға өзгеріс енгізуге әсер ықпал етеді. Адалдық, әділеттілік, бірлік, бірегейлік, достық, мейірім сынды құндылықтар жүйесіне кең жол ашылады.
Арғы арналарда, атап айтқанда әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы т.б. білім-ғылым ісін – белесті биікке көтерді. ХХ ғ.б. ұлт элитасы, қайраткер-қаламгерлер (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов т.т.) елдік мәселелерге (мысалы, оқу-ағарту, білім-ғылым, мәдени-рухани арналар мен діл-дін, тарих-таным салаларына) жіті ден қойды. Әр алуан білім-ғылым салаларына еркін барып, соның жауапты, шынайы адамы ретінде ерен еңбек етті. Қоғамға, ел-жерге қажетті маңызды мәселелермен айналысты. Оқу-ағарту ісіне, мәдени-рухани арналарға батыл барып, ұстаздық-ғалымдық қырларымен кеңінен көрінді. Оқу құралы мен оқулықтар жазды.
Ал қазір отандық оқулықтар қалай жазылып жүр? Оқулықты кімдер жазуға тиіс? Оқулық – ұлт пен ұрпаққа қызмет етіп, қымбат қазынаға айналу үшін не істеу керек? Оқулықтың басты мұраты мен мәні, қызметі не?
Біздіңше, Отандық оқулықта ұлттық мұрат, елдік мүдде алдыға шығады. Ұлт тарихының арғы-бергі кезеңдері, танымал тұлғалардың тағдыры мен тағылымы, қозғалыс-көтерілістердің шынайы шындығы, империялық-отаршылдық һәм әкімшіл-әміршіл жүйенің түп-төркіні кеңінен көрсетілуі керек. Халық тарихы мен дүниетанымына қарасақ, еліміз әуелден-ақ өткенге құрметпен қарап, келешекке үлкен үміт артқан. Ел тарихына жіті ден қойып, үміт-сенім артып, сергек қараған. Өйткені «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» (А.Байтұрсынов) екені анық. Бұл – бір.
Екіншіден, оқулық табиғаты мен тағылымынан білім мазмұны (теориялық һәм практикалық тұрғыдан тұтастығы мен сабақтастығы нанымды көрсетіліп) терең танылып, оның өзі елдік мұрат-мүддеден бастау алып, қоғамдық жағдай, тарихи шындық, уақыт талаптары тұрғысынан кең көлемде қарастырылып, ақиқат жайттарға негізделіп, зерттеп-зерделенуге тиіс.
Үшіншіден, ұлт пен ұрпақтың қымбат қазынасы – оқулықты орта және жоғары мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызметте болған, адами сапасы жоғары, жан-жүрегі мейірім-шапағатқа толы, білім-білігі көп кәсіби маман, яғни тәжірибесі мен тағылымы мол ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, тәлімді әдіскер жазуға толық құқығы бары шындық.
Төртіншіден, оқулық – ұлт пен ұрпаққа қызмет ететіндіктен (бірнеше буынды оқып-үйретіп, рухани тұрғыдан өсіп-есейтеді. Қоғамдағы орнын тауып, өмір жолын ұсынады т.с.с.), асығыстық пен көзжұмбайлыққа, енжарлық пен тайыздыққа, самарқаулық пен селқостыққа, жемқорлық пен сыбайластыққа, жең ұшынан жалғасқан таныс-тамыр мен көңіл жықпастыққа, қысқасы бармақ басты көз қысты сынды ашық қоғамға, демократиялық үрдіске, адами сапаға кері әсер етер өрескел өктемдік пен жасанды белсенділікке, теріс әрекет, жат қылықтарға жол берілмеуге тиіс.
Бесіншіден, оқу құралы һәм оқулық – дәлдік пен нақтылыққа, шынайы шындыққа негізделеді. Романтизм әуенімен емес, керісінше ақиқат жайттарға, обьективтілік дәлдік тұрғысынан терең таразыланады.
Алтыншыдан, ұлттық оқулықты мемлекет атауымен – «Қазақ тарихы» деп атасақ, ақиқат үстемдік алып, шындық жүзі жарқырай түсер еді. Қалың көпшілікке керегі де осы. Қазіргі кезеңнің шындығы осыған келіп саяды.
Жетіншіден, оқулық, безендірілімі мен бейнелілік, көркемдік пен көрнекілік қырлары жағынан айшықты да нақышты,тартымды болғаны нұр.
Сегізіншіден, елдік оқулық – ұлт қазынасы, ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығының басты негізі. Кешеден бүгінге жеткен білім-ғылым құндылықтарының жиынтығы. Өмір, тәжірибенің көрнекті көрсеткіші. Тарих пен танымның тұтастығы. Ақыл-парасаттың айбыны мен айдыны. Ендеше ұлт тарихын зерттеп-зерделеу, оқыту мен насихаттау, қысқасы әдістемесі мен методологиясы, оқыту үдерісіндегі орын-үлесі барынша айқын, бедерлі болғаны керек-ақ. Бұдан сөз жоқ дос – сүйсінеді, дұшпан – күйінеді. Қазіргі кезеңнің басты талабы, шынайы шындығы – осы.
Тоғызыншыдан, оқулық – ұлтқа қызмет етсін десек, білім-білігі мол ұлағатты ұстаз бен тәлім-тәжірибесі көп, оқытушылық қызметі зор ғибратты ғалымның жазғаны жөн. Ұлттың жаңа болмысын, ақыл-парасаттың азаттығын, санадағы өзгерісті тереңнен тартып, ақиқат алдында – ұрпақ болашағы мен жауапкершілік жүгін жан-жақты сезіну басты ұстаным етіледі.
Оныншыдан, ең негізгісі оқулық – ұлттың басты кітабына айналып, болашақ бағдары мен өмір сүру құралы болып, ұрпаққа қызмет еткені жөн.
Ұлт оқулығы – жылдар жемісі, тәлімді тәжірибенің негізі мен нәтижесі ретінде ұрпаққа қызмет етіп, ел деңгейін, ақыл-парасат өлшемін, білім-білігі мерейін, дәстүр мен сабақтастық тұтастығын терең танытады.
Ұстаздық қызметте, ғылыми-педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияны, цифрлық платформаларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін, электрондық нұсқаларды жіті пайдаланумен бірге, оқу құралдары мен оқулықтарды негізгі ұстаным ету – басты борыш-парыздар қатарына жатады. Қазір кітап оқу үдерісі төмендегенімен, оқулық – ұлтқа қызмет ету функциясынан ажыраған жоқ. Арғы кезеңдерде, қазіргі уақытта да рухани құндылықтардың бастауында – оқулықтар тұр. Жарық дүниенің бастауында – сауат ашу, білім нәрімен жан әлемін байыту миссиясы тұрғандықтан, оқулықтар – ұлтқа қызмет ету бағытында басымдыққа ие.
Жинақтап айтқанда, Мектепке дейінгі мекеме, Орта білім және Жоғары білім беру сатылары оқыту жүйесіндегі – оқу құралы мен оқулықтардың бағыт-бағдары, тақырыптық ерекшелігі, мазмұндық мәні, мәдени-рухани Һәм танымдық-тағылымдық қырлары, баршасына қатысты өзекті тұстары қазіргі кезеңде де айрықша болып табылады. Оқулық – ұлтқа қызмет ету миссиясын атқаратынын ескерсек, оның авторы ел мұраты мен ұрпақ алдындағы абыройлы міндетті, жауапкершілік жүгін терең сезінуге тиіс.
Ендеше оқу құралы мен оқулықтар жүйесіне жіті мән беріп, жауапкершілік жүгін арттырып, абыройлы істің даму үрдістеріне серпін беріп, сергек қараған жөн.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор