Әсіресе, еліміздің түкпір-түкпірінен елордаға арман арқалап келген студенттер үшін бұл кезең жаңа ортаға бейімделіп, сапалы білім алуға қадам жасауымен қатар, тұрмыстық мәселелермен де бетпе-бет келетін шақ. Соның ішінде жатақхана – студент өмірінің ажырамас бір бөлігі. Бұл жай ғана баспана емес, күнделікті тұрмыс тіршілігінен бөлек, өзін-өзі дамытуға, достар табуға, білімін тереңдетуге мүмкіндік беретін ерекше орта.
Сондықтан «Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе жеке инвесторларды тарту арқылы жүйелі шешілуі тиіс», – деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің осы тапсырмасы бүгінде нақты нәтижесін беріп, еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары бұл бағытта тиімді шешімдер қабылдап жатыр. Ал Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздің жетекші оқу орындарының бірі ретінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі әрі нақты шешіп келеді. Әрі университет басшылығы жыл сайын студенттер санының артып келе жатқанын ескере отырып, заманауи студенттер үйлерін салуға және инфрақұрылымдық жағдайды жақсартуға ерекше назар аударып отыр.
Мәселен, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында университет тағы бір заманауи жатақхананы пайдалануға берді. Пушкин көшесі, 13А мекенжайында орналасқан жаңа ғимарат 354 орынға арналған. Бұл студенттер үйін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Bastau Partners.kz ЖШС салып, университет балансына тапсырды. Жалпы аумағы 4 421 шаршы метрді құрайтын 5 қабатты бұл нысанда 118 бөлме бар, әр бөлмеге 3 студенттен жайғастырылады. Барлық бөлме қажетті жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықталған. Сонымен қатар коворкинг бөлмелері де қарастырылған – мұнда студенттер сабақ оқып, шығармашылық жобаларымен айналысып, түрлі іс-шара өткізе алады.
ЕҰУ әкімшілігі студенттерге жатақхана тек тұратын орын емес, өзара пікір алмасып, жеке қабілеттерін дамытуға, бос уақытты тиімді өткізуге арналған кеңістік ретінде қарастырады. Университет философиясы – әрбір студент өзін қауіпсіз, жайлы ортада сезініп, толыққанды білім алуға тиіс.
Жалпы, соңғы жылдары Еуразия ұлттық университеті жатақхана инфрақұрылымын жаңғыртуда үлкен қадам жасады. Былтырғы оқу жылында университеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін 2 656 орынға арналған үш бірдей жаңа жатақхананы пайдалануға берді. Бұл студенттер үйлері де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі негізінде салынған. Олар барлық заманауи талаптарға сай жабдықталып, коворкинг аймақтармен, кітапханалармен, спорттық және тұрмыстық қызмет көрсету орындарымен толықтырылған. Сондай-ақ бұл жатақханаларда ерекше қажеттілігі бар студенттердің жағдайы ескерілген – ғимараттар инклюзивті дизайн және қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Бүгінде университетте жалпы саны 7 мыңға жуық студентті қамтитын 11 студенттер үйі бар. Оның үшеуі инвесторлардың есебінен салынса, алтауы жекеменшік жатақханалармен жасалған ынтымақтастық меморандумдары аясында студенттерге қызмет көрсетуде. Нәтижесінде, биыл университет бойынша жатақхана орындарының жалпы саны 8 500-ге жетті. Бұл – ауқымды көрсеткіш.
Сонымен бірге жатақханаға орналастыру тәртібі де уақыт талабына сай өзгерді. 2025-2026 оқу жылында студенттерді жатақханаға қабылдау электронды түрде Platonus жүйесі арқылы жүзеге асуда. Студенттер өз өтініштерін онлайн жолдай алады. Бұл процесс қабылдау комиссиясымен бірлесіп, мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шыққан сәттен бастап басталып кетті. Жүйені енгізу – адами факторларды азайтып, ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге арналған тиімді қадам. Сонымен қатар жатақхана қабылдау комиссиясы орналасқан орталыққа арнайы компьютерлер орнатылып, студенттердің құжаттары сол жерде де қабылдануда.
Университет ректорының тапсырмасына сәйкес, алыс өңірлерден келетін студенттердің жағдайын ескере отырып, мереке және демалыс күндері де қызметкерлер жұмыс істеуде. Сондай-ақ «БанкЦентрКредит» басшылығымен келіссөздер нәтижесінде, жатақхана төлемақысын мереке және демалыс күндері де қабылдау мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Сонымен қатар университет жанынан ашылған Ахуал орталығы да ерекше атап өтуге тұрарлық бастама. Бұл орталық – жаңадан қабылданған студенттер мен олардың ата-аналары үшін уақытша орналастыру алаңы. Университетке құжат тапсыру кезеңінде қысқамерзімді баспана қажет болған жағдайда орталық 30 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда студенттер мен ата-аналар 1-3 күн аралығында тұра алады. Ахуал орталығы тәулік бойы жұмыс істейді және ішкі тәртіп ережелеріне сай қызмет көрсетеді.
Ал жатақханаларға қабылдау нақты белгіленген кесте бойынша жүзеге асырылады: 1-курс студенттері – 25-27 тамыз аралығында, 2-курс пен жоғары курс студенттері – 25-31 тамыз аралығында, ал әлеуметтік осал топқа жататын білім алушылар (ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі студенттер) 28-29 тамыз күндері орналастырылады.
Жатақхананың жылдық ақысы 200 мың теңгеден 400 мың теңге аралығында. Бұл баға Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылғы №374 бұйрығына сәйкес бекітілген. Алайда студенттер үйін ұстауға жұмсалатын нақты шығындар әлдеқайда жоғары. Университет бұл қаражатты коммуналдық қызметтерге, ағымдағы жөндеу жұмыстарына, қызметкерлердің жалақысына және ғимарат инфрақұрылымын сақтауға жұмсайды. Яғни, студенттер төлейтін ақы нақты шығынды толық өтей алмайды. Сол себепті жеке инвесторларды тарту арқылы жатақхана құрылысын дамыту – ең тиімді әрі тұрақты шешім. Бүгінде Еуразия ұлттық университеті тек сапалы білім берумен емес, студенттерге қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырумен де көшбасшы оқу орнына айналып отыр. Мұның барлығы – жастардың болашағына жасалған нақты инвестиция. Себебі жайлы орта – сапалы білім мен жарқын болашақтың кепілі.
Айна ХАСАН