Биыл да жылдың алғашқы үш айында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚСжАЕК) деректері бойынша, адам трафигіне байланысты 116 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткішпен пара-пар (112) рекорд қайталанған. Бұл – тек статистикадағы сандар ғана емес, саудаға түскен тағдырлар әрі қайғы-қасірет арқалаған аянышты адамдардың өмірі.
Адам саудасы – ғасырлар өтсе де, гуманизм ережесіне бағынбай келе жатқан жаһандық індет. Әлем ғылыми технологияны дамытып, заң мен тәртіпке ұмтылғанымен, адам өмірін тауарға айналдыруға араша бола алмай отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуінше, адам саудасы құрбандарының 70 пайызын әйелдер құрайды. Олардың әрбір үшіншісі – жасөспірімдер. Біздің елдегі ахуал да осыған ұқсас. БҰҰ ақпараттық орталығының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында адам саудасынан зардап шеккендердің саны 34,1%-ға өсіп, 59 адам жәбірленуші деп танылса, оның 84,7%-ы – әйелдер мен қыздар. «Адам саудасы» және «Кәмелетке толмағандар саудасы» баптарына қатысты қылмыстардан тікелей зардап шеккен 19 жәбірленушінің ішінде 11 жасқа дейінгі 5 қыз бар. Яғни, еліміздегі құлдық құрбандарының басым көпшілігі – әйелдер мен жасаөспірімдер. Олар заңсыз еңбекке, жыныстық құлдыққа, тіпті адам мүшелерін алу мақсатында қолданылады.
«Әйелдер мен жасөспірімдер неге оңай құлдық құрбанына айналады?» деп сұрағанымызда, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Айман Омарова: «Себебі олар заңды білмейді, өз құқығын қорғауды білмейді. Салдарынан адамды тауар ретінде пайдаланудың статистикасы нақты емес және құқықбұзушылықтардың жоғары үлесі жасырын күйінде қалады. Сондықтан жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Азаматтардың құқығын қорғау және қоғамда құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек. Учаскелік инспекторлардың және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ширатып, жауапкершілігін арттыру қажет», – деді.
Десек те, еліміз мемлекеттік деңгейде адам саудасына қарсы табанды күрес жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, Қазақстан адам саудасымен күресетін бірнеше халықаралық шарттар мен келісімдерге қол қойған. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылдың 10 желтоқсанында қабылдаған «Адам құқықтарының жалпы декларациясына» қосылған.
2024 жылы елімізде алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. Заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған. Сондай-ақ заңға «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» және «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғымы енгізіліп, осы сипаттағы заңбұзушылықтарға алғаш рет қылмыстық жауапкершілік жүктелді.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, құлдыққа, адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері Президенттің ерекше бақылауында екенін айтты. Депутаттың айтуынша, адам саудасы туралы ХХІ ғасырда айтудың өзі жабайылық сияқты болғанымен де, өкінішке қарай, бұл – бүгінгі күннің шындығы.
– Жыныстық, еңбекпен қанау, адам ағзаларының саудасы сияқты басқа да түрлері зорлық-зомбылық тыйылмай келеді. Қазақстан бұған қатысты адам құқығын қорғайтын арнайы заң қабылдауды көп жылға «кешіктірді». Басқа посткеңестік елдер оны 2005 жылдан бастап қабылдай бастаған еді. Дегенмен былтыр заң қабылданды, заң азаматтарымыздың конституциялық құқығын тиімді қорғауға, мемлекеттік органдардың қызметін нақты реттеуге, сондай-ақ адам саудасының құрбандарына көмек көрсетуге, олардың құқығын қорғауға және қамтамасыз етуге бағытталған. Біз күзге қарай осы заң қабылданған бір жылда атқарылған жұмыстарға әлеуметтік сараптама жасап, Үкіметке қорытынды ұсыныстар беретін боламыз, – деді ол.
«Цифрлы дәуірде адам саудасының асқынуына ғаламтордың да қосар үлесі зор» дейді мамандар. Заманауи құлдық әлеуметтік желілерде адамдарды жалған уәдеге тойдырып, еш кедергісіз қолға түсіру арқылы жүзеге асса, оңай олжа табудың сипаты да түрлене түскен. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының адам ресурстарын дамыту департаментінің директоры Арсен Жақыповтың мәліметінше, негізінен адамдар құлдыққа әртүрлі жолмен түседі.
«Мәселен, таныс немесе шетелдік ұйымдар шетелде жұмыс істеуді ұсынуы мүмкін. Көп жағдайда адам лайықты жалақымен жақсы жұмыс ұсыныстарға, өмір сүруге қолайлы жағдайларға, жұмыс таңдау құқығына, тіпті үйленуге немесе жоғары білім алуға байланысты алданып жатады. Walk Free коммерциялық емес ұйымының 2023 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда қазіргі құлдықтағы адамдардың болжамды саны 200 мыңға жуықтаған екен. Соның ішінде қазір заманауи құлдық та пайда болған. Ол қандай десеңіз, дәстүрлі құлдық, мәжбүрлі еңбек, қарыздық құлдық, крепостнойлық, құлдықтағы немесе құлдыққа ұқсас жағдайдағы балалар еңбегі, тұрмыстық құлдық, жыныстық құлдық және мәжбүрлі неке сияқты құлдықтың неше түрі дамыған», – дейді А.Жақыпов.
Мамандар бұл тұрғыда «Интернетті мемлекеттік саясат арқылы реттеп, веб-сайттар мен технологиялық компанияларды өз платформаларында зиян келтіретін дүниелерге қатысты тексеру жүргізуге мәжбүрлеу керек. Оларды әділет органдарына қанауға және зиян келтіруге ықпал ететін платформаларды жабу құралдарын ұсынуға міндеттеу қажет» деген пікірді жиі айтып жүр. Сондай-ақ зерттеуші сарапшылар БАҚ-тарда адам трафигіне қатысты көтерілетін мәселелердің көбі Қазақстан аумағындағы жағдай, ал ел аумағынан тыс елдерде қиын жағдайға тап болып, еңбек құлдығына немесе басқа да түрлі мәжбүрлі зорлықтан зардап шеккендер туралы нақты статистика айтылмайды, тіпті олардың арасында шетелдік оқу орындарында оқитын жастарымыз да бар дейді.
Мәселен, 2022 жылы жаһандық құлдық индексінің бағалауы бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен құлдық жағдайында 75 мыңнан астам адам өмір сүреді. Осылайша, Қазақстан бұл мәселеде «Еуропа және Орталық Азия» өңіріндегі 50 мемлекеттің тізімінде 21-ші, әлем бойынша 83-орында. Заң мен тәртіп қағидатын өміріміздің мызғымас тұғыры етуді мақсат етіп отырған мемлекетіміз адамды тауарға айналдыруға қарсы үздіксіз күресіп келеді. Осы мақсатта тек құқық қорғау органдары ғана емес, қоғамның заң аясындағы құқығын білуі де маңызды. Ақпараттың жетіспеуі немесе адамдардың бейқамдығы салдарынан еңбек құлдығы, мәжбүрлі жыныстық құлдық, сәбилер мен балалар саудасы, адам ағзасын бөлшектеп сату секілді аяусыз қанау түрлері цифрлы технология дәуірінде тіптен түрлене түсті. Сондықтан әрбір адам өзінің және қоғамның игілігі үшін құлдық қамыты деген не екенін ұққаны абзал.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ