Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, баланы Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бекен Асыл мен Жұмағалиев Дархан тапқан.
“Жоғалған бала үйінен шамамен 10 шақырым қашықтағы орманнан табылды. Оны Затон полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары тапты. Қиын жағдайға қарамастан, полиция қызметкерлері іздеуді бір сәтке де тоқтатпады”, – деді Өңірлік полиция департаменті.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі баланың анасымен қауышқан сәтінің видеосын жариялады.
“Ұзақ уақытқа созылған іздеуден кейін көптен күткен сәт жетті – анасы ұлын құшағына алды. Бұл көрініс барша жанның жүрегін елжіретті. Полиция, құтқару қызметтері және бейжай қарамаған тұрғындардың арқасында бала аман-есен табылды”, – деп хабарлады полиция.
Еске салайық, 7 жасар ерекше бала 21 маусымда кешке үйден шығып, жоғалып кеткен еді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.