in

Таир Балбаев, инженер: Қазақстанда дрон бөлшектерін өндіру жолға қойылмаған

Әсіресе, ұшқышсыз ұшатын аппараттар, робот техникалары, дрон-катерлер елдің назарын аударып отыр. Әлемнің түрлі аймақтарындағы қақтығыстарда осындай үлгідегі технологиялар қолданылып жатыр. Сондықтан дрон технологиясымен қарулану трендке айнала бастаған. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Бүгінде күш құрылымдары дрондарды белсенді қолданып жүр. Олар шекарашылардың қолында да, теңізшілерде де, құрлық әскерлерінің түрлі бөлімінде де бар. Ал мұндай  құралдарды  өзімізде өндіру жайы ше?

Міне, мәселе – осында. Біле­тіндер елімізде түрлі дең­гейде әскери дрондар құрас­тырыла бастағанын айтады. Қарулы күш­тер, Ұлттық ұлан мен шек­ара қызметінде отандық өнім­дер ішінара қолданып та жүр. Ал­айда көпшілік бұл бағыттағы стартаптарды біле бермейді. Ал олардың қатарында инженер Таир Балбаев та бар. Ол отандық «Шағала-М» дронын жасауға атсалысқан. Ал қазір Tahara Tech­nologies стар­тапының не­гізін  қалап,  дрондар құрастыру, жобалау бағытында жұмыс істеп жүр. Осы орайда маманмен отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі жаңа бағыт жайлы тілдестік. 

– Таир мырза, ХХІ ғасырдың әскери технологиясында ұшқыш­сыз ұшатын аппараттар мен дрон­дар төңкеріс жасады деп айта аламыз ба? 

– Расында, ХХ ғасырдың ба­сындағы танктер сияқты, ХХІ ғасырда дрондар әскери ғы­лымда, ұрыс жүргізу тактика­сында төңкеріс жасады. Арзан дрондар, технологияның қол­жетімді болуы соғыс барысын өзгерткені сонша, бұрынғы қым­бат жабдықтарға қатысты көптеген жауапсыз сұрақ туғыз­ып отыр. Яғни, жаңа құралдар жоятын қару-жарақтың өзіндік құны дрондардың бағасынан ондаған, жүздеген есе қымбат болып тұр. 

– Отандық әскери мақсатқа арналған ұшқышсыз ұшатын ап­параттар өнеркәсібінде қолтаң­баңыз бар екенін білеміз. Қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз? 

– Біз қазір «ақылды» деп атауға болатын технология­лар­мен жұмыс істеп  жатырмыз. Армияға барлық әскери мәсе­лелерді жедел шешуге, тез ше­шім қабылдауға, жылдам ақ­парат қабылдауға, нысананың ізіне әп-сәтте түсуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект тех­нологиялары төңірегінде жұмыс істеудеміз. Біз қазір мультиротер түріндегі, коптер деп аталатын дрондарды әзірлеп жатырмыз. Өйткені бұл платформалар тез арада іске қосуға, пайдалануға мейлінше ыңғайлы құралдар. Бұл жүйелер робототехниканы пайдалану принциптерін пайда­лануға болатын белгілі бір жағ­дайларда дербес жұмыс істейді. Біз осы жүйелерге мейілінше дер­бестік беруге ұмтылып жатырмыз. 

– Қазақстанда әскери дрон жасау қандай деңгейде? Оның белгілі бір бөлшегін өзіміз жасай ала­мыз ба? 

– Елімізде әскери дрондар құрастыру деңгейіне келсек, әлбетте, өзара соғысып жатқан Ресей, Украина сияқты елдерден артта қалғаны рас. Оларда тех­нология қарқынды дамып, ұш­қыш­сыз ұшатын аппараттар (ҰҰА) өндірісінің жаппай сипат алуы өте жоғары деңгейге жетті. Оларда мұндай аппараттардың өндірілуі мен әскерді қарулан­дыруға берілуі өте жылдам. Әрі өнім мөлшері де өте мол. Ұш­қыш­­сыз ұшатын аппараттар кең  өндірістік плат­фор­маға жеткіз­іл­ді. Бұл деңгейге қа­зір тіпті Еуропа Одағы да, АҚШ та қол жеткізе алмай отыр. Еуропаның, АҚШ-тың өн­дірісі мен тех­нологиясының деңгейі жоғары болғанына қара­мастан, олар әзірлеген көптеген жабдық өзін-өзі ақтай алмады. Ресей мен Украина арасында болып жатқан ұрыстағы зама­науи «дрон соғысындағы» шын­айы тиімділігін көрсете алмады. 

Ал қосалқы бөлшектерге кел­сек, қазір біз оларды өзіміз жасай аламыз. Онда тұрған еш­теңе жоқ. Қазір біз корпус­тарды да, электрониканы да жасай ала­мыз. Біздің ком­пания дрон бөлшектерін сатып алып, жинақ­­тап қана қоймай, барлық процеске терең үңіледі. Дрон­дардың электронды бөліктерін, бағдарламалық қамтамасыз етуді өзіміз әзірлейміз. Менің ойымша, жалпы алғанда, ұш­қыш­сыз ұшатын аппараттардың технологиялық тұрғыда   «сезім­тал» бөлігін әзірлеуді өз мойны­мызға алып, оларды өз елімізде өндіре аламыз. Дегенмен дәл қазір ұшқышсыз ұшатын а­ппа­рат­тар бөлшектерінде  қазақ­стан­дық жабдықтардың көп үлесі жоқ. Бізде, әдеттегідей, көп бөлшек Қытайдан сатып алынады, оларды біз жергілікті жағдайларға, талаптарға  бейім­дейміз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда дрон бөлшектерін жаппай өндіру жолға қойыл­маған. 

– Дрон технологиясын әскери салаға енгізуде мемлекеттің қол­дауы қандай деңгейде? 

– Дрон технологиясын әс­кери салаға енгізудегі мемлекет­тік қолдау мәселесіне келсек, әзірге айрықша демеу жоқ. Мем­лекет ұшқышсыз ұшатын ап­парат өндірушілеріне, жоба­лаушыларға енді ғана бет бұрып келе жатыр. Бірақ ұшқышсыз ұшатын аппараттардың басым бөлігі әлі де болса импортталады. Яғни, дәл қазір бізге айрықша қолдау жоқ, алайда мемлекет ұшқышсыз ұшатын аппараттар  өндірісін осында, Қазақстанда локализациялау бағытына бет бұруы қажет екенін ескере бас­таған сияқты. Өйткені отандық  ұшқышсыз авиация өндірісіне, локализацияға сұраныс бар. Бұл тілекті мемлекеттік органдар­дың өздері де байқатып жүр. Бірақ жедел дамып жатқан  ештеңе жоқ. 

– ҰҰА түрлері көбейді. Қоз­ғалтқыштары да, басқару жүйесі де әртүрлі. Оптикалық-талшық­ты басқару жүйесін қолданатын дрондар да бар. Отандық маман­дар мұның бәрін ескере ала ма? 

– Иә, әскери ғалымдар, Қорғаныс министрлігінің ұш­қышсыз ұшатын аппараттарға жауапты мамандар барлық тен­ден­цияны, технологияларды бақылап отыр. «Айбалта» әс­кери оқу-жаттығулары кезінде біздің компания  оптикалық-талшықты басқару жүйесі бар дрондарды сынақтан өткізді. Сонымен қатар дрондарды бас­қаруға арналған интеллект жүйе­сін таныстырдық. Әрине, бұл технология бағытында өз­геріп жатқан дүние көп,   біз де осы тенденциялардан қалмай, ізіне түсіп, кей тұстарында ба­сып озуға, кейде қалып қоймауға тырысып жатырмыз. Дәл қазір біздің компания Қазақстанда оптикалық-талшықты дрондар өнеркәсібін қалыптастыру үшін  катушкалар өндірісін локали­зациялап жатыр. Жабдықтар сатып алдық. Технологияларды игеруге кірістік, түрлі типтегі дронды назарға алып,  зерде­леу­деміз. Сөйтіп, алғашқы өнімі­мізді шілде айында әскери по­ли­гонда таныстырып, ұшырдық. Кейінгі өтіп жатқан әскери оқу-жаттығуларда да біз оптика­лық-талшықты ҰҰА-ны таныс­тырдық. 

– Кейінгі жылдары көп мем­лекет ҰҰА өндірісіне назар аудар­ып, экспортқа шығаруға ұмтыл­ып жатыр. Біз ше? 

– Расында, қазір ҰҰА өндір­ісіне назар аударған мемлекет көп. Дегенмен нарық тез толып кеткені байқалады. ҰҰА жоба­лау­мен, өндірісімен айнал­ыса­тын Қытайдағы көптеген ком­паниялар, стартаптар банкротқа ұшырап жатыр. Әлемде де солай. Бәрі өнімдерін экспортқа шығаруға ұмтылады. Бірақ ҰҰА қос мақсаттағы өнім санала­тын­дықтан, экспорт, импорт  мәсе­ле­сі күрделеніп барады. Сон­дық­тан әр мемлекет осы са­ла­ның өндірісін локализациялауға тырысады. Содан соң ғана экс­портты ойлайды. 

– Қазақстан жеріне кейінгі бір жылда бірнеше дрон құлады. Оларды бақылай алдыңыз ба? Сіз сияқты мамандарға мұндай тех­ни­калармен жақыннан танысу мүмкіндігі беріле ме? 

– Иә, шынында да біздің жерге, атап айтқанда, Батыс Қа­зақстан, Маңғыстау облысы­ның жеріне ҰҰА құлады. БҚО-дағы жағдайлар Ресейдің әскери поли­гонының жақындығына байланысты болып отыр. Поли­гонда сынақтан өтіп жатқан дрондар біздің аймаққа ұшып кіреді. Сонымен бірге Украина жақтан ұшырылған дрондар да бізге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармау керек. Әлбетте, тиісті мамандар ол құралдарды қарап зерделейтін шығар, бірақ біздің компания сияқты жекеменшік мекемелерге бұл техникамен таны­су мүмкіндігі беріле қой­май­ды. Дәлірек айтқанда, бізге ондай  ұсыныс түскен жоқ. 

– Қазақстанда өзіңіз сияқты маман көп пе? Өзара байланыс­тарыңыз қандай? 

– Дәл әскери дрон мен ҰҰА жобалаумен, құрастырумен  айналысатын мамандар  көп пе, аз ба, менде нақты ақпарат жоқ. Бірақ мұндай мамандар бар. Біз бір-бірімізді білеміз. ҰҰА пи­лот­тары, оларды бақылаушылар қауымдастығы дегендей түрлі топ бар. Жобалаумен, құрас­тыру­мен, зерттеумен, қызмет көрсетумен айналысатын ком­паниялардың өкілдері бір-бірі­мізді білеміз, түрлі жағдайда жолымыз түйісетіні бар. Іс-шара­ларда, көрмелерде, сынақ алаңдарында кездесіп қаламыз. Ал жаңа компаниялардың осы нарыққа шығып, орнығып қа-л­уы қиын. Өйткені сөз басында айтқанымдай, Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша нарық әбден толып кетті. Сол себепті бұл бағыттың дамуы өз ырғағын тауып алатын шығар деген пі­кір­демін. 

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Амангелді ҚҰРМЕТ