Aikyn.kz жасанды интеллект бәсекесіндегі жаңа кезеңнің басталғанын bgr.com сайты жариялаған хабарламаға сүйеніп болжайды.
OpenAI-дың GPT-5 жаңартуы ауқымды болғанымен, оны ЖЖИ ретінде қабылдауға әлі ерте. Иллюстрация itp.net сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
Екі жыл бұрын OpenAI-дың GPT-5 жаңартуы Жалпы жасанды интеллект (ЖЖИ – AGI) болады деп күтілген. Жасанды жалпы интеллект – адамнан көп жағдайда асып түсетін жүйе ретінде сипатталуда. Ол кез келген тапсырманы адаммен салыстырарлық деңгейде, ерекше шығармашылықпен орындай алатын жасанды интеллект деп бағалануда. Алайда 2024 жылдың басынан бастап GPT-5 пен ЖЖИ арасындағы байланыс әлсірей бастады. OpenAI-дың GPT-5 жаңартуы ауқымды болады деп болжануда. Бірақ, біздің ойымызша, оны ЖЖИ ретінде қабылдауға әлі ерте.
Тамыз айында қолдануға тегін ұсынылады деген GPT-5-тің мүмкіндіктері қазірдің өзінде қызу талқылануда. Оның ішінде OpenAI бас директоры Сэм Альтманның қызықты мәлімдемелері де бар. Соңғы хабарламалар бойынша OpenAI шынымен де ChatGPT жүйесін тамызда жаңартуға дайын.
Сарапшылар GPT-5 келесі айда бірнеше қызықты жаңалықпен шығатынын айтады. Соның ішінде ChatGPT-тің тегін нұсқасына шексіз қолжетімділік болады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Америкадағы жасанды интеллект бойынша іс-қимыл жоспарын таныстыру алдында OpenAI-дың CEO-сы осы аптада Вашингтонда кездесу өткізді. Жасанды интеллектпен айналысатын кез келген компания сияқты, OpenAI да АҚШ үкіметінің қолдауына мұқтаж. Компанияларға инфрақұрылымға инвестиция, реттеудің жеңілдетілуі және Қытайдан қорғау шаралары қажет.
Сэм Альтман: «Әр адамға үздіксіз жұмыс істейтін GPT-5-тің тегін көшірмесін ұсыну – мені ерекше қызықтырады». Фото yahoo.com сайтынан алынды
Вашингтонға сапары барысында Сэм Альтман GPT-5-тің шығуы туралы бірнеше маңызды пікір айтты. «Әр адамға үздіксіз жұмыс істейтін GPT-5-тің тегін көшірмесін ұсыну – мені ерекше қызықтырады», – дейді Альтман осы аптада АҚШ Федералдық резерв жүйесінде сөйлеген сөзінде. Келесі күні ол This Past Weekend подкастында Тео Вонмен сұхбаттасып, GPT-5-пен жұмыс істеу барысында алған әсерімен бөлісті:
«Бүгін таңертең біз жаңа модельді тестілеуден өткіздік. Маған бір сұрақ келді, оны толық түсінбедім. Соны GPT-5-ке енгізіп едім – ол керемет, нақты жауап қайтарды. Мен креслоға шалқайып: «О, сайтан алғыр, міне, осы!» деп ойладым. Осы жұмысты мен істеуім керек сияқты еді, бірақ мен істей алмадым. Бұл күрделі тапсырма болатын. Ал ЖИ оны әп-сәтте шеше салды. Бұл түсініксіз сезім болды».
Өткен сенбі күні (19 шілде) Альтман Twitter-де (қазір X) GPT-5-ке қатысты тағы бір пікір жазды. Ол жаңа ЖИ моделін шағын бағдарламалау жобасы үшін қолданғанын және GPT-5 оны бес минутта орындағанын айтқан.
«Бұл модель өте, өте мықты. Оған деген көзқарасым әзірге екіұшты», – деп жазды ол.
Сэм Альтман GPT-5 ChatGPT-тің Халықаралық математика олимпиадасында жеңіске жеткен нұсқасындай қуатты болмайтынын да атап өткен. Өйткені компания математика олимпиадасында күрделі есептерге үйретілген нұсқасын жарысқа қосқан.
GPT-5 не істей алады?
Сэм Альтманның жұмбақтап айтуынша, GPT-5 моделі ChatGPT-ді бағдарламалаудан (код жазу) бастап күнделікті диалогтарға дейінгі барлық жұмыстарды айтарлықтай жақсартады. Ең қызығы – GPT-5-ті барлық ChatGPT қолданушылары тегін және шектеусіз қолдана алады. Ал ChatGPT Plus және Pro сияқты ақылы жазылым иелері тіпті одан да интеллектуалды деңгейдегі ЖИ-мен жұмыс істейтін болады.
Бүгінге дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, GPT-5 қазіргі ChatGPT жүйесіндегі бірнеше модельді біріктіреді. Яғни, бұрынғыдай тапсырманың мазмұнына қарай o3, GPT-4.1 немесе GPT-4o нұсқаларын таңдамай-ақ, GPT-5 сіздің сұранысыңызға автоматты түрде ең тиімді құралды таңдайды. Сонымен қатар, GPT-5-тің мини және нано нұсқалары жасалуы мүмкін. Олар арнайы мақсаттарға арналмақ. GPT-5 Microsoft Copilot жүйесіне де енгізіледі.
Дегенмен GPT-5 OpenAI ұсынған жалғыз жаңалық емес. Компания жуырда ChatGPT-дің барлық ақылы пайдаланушыларына арналған AI Agent жүйесін іске қосты. Енді ол бүкіл әлем бойынша қолжетімді. Agent те GPT-5 құрамына кіруі мүмкін.
OpenAI жазда бірнеше рет кейінге қалдырған ашық кодты ChatGPT нұсқасы GPT-5-ке дейін жарияланбақшы. Егер ақпараттар расталса, OpenAI келесі екі апта ішінде кемінде екі маңызды жаңалықты жарияламақ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.