Bgr.com сайтының хабарламасын негізге алған Aikyn.kz тілдік кедергілердің қалай жойылатынын талдайды.
Gemini үлгілері Google Translate қызметін жетілдіреді, нақты уақыт режимінде әңгімелерді аударады. Иллюстрация masslive.com сайтынан алынды
Google Translate енді Android және iPhone құрылғыларында нақты уақытта әңгімелерді тікелей аудара алады. Тіл білмейтіндер үшін енді қарым-қатынас едәуір жеңілдеді. Сонымен қатар қолданбада Duolingo тәрізді жаңа оқыту режимі пайда болады.
Сейсенбідегі (26 тамыз) Google брифингінде Gemini үлгілерінің «дамыған логикалық ойлау қабілеті мен мультимодальды мүмкіндіктері» Google Translate қызметін жетілдіруге, нақты уақыт режимінде әңгімелерді аударуға пайдаланылғаны айтылды.
Оқыту барысында жасанды интеллект пайдаланушының тіл деңгейіне сәйкес бейімделген интерактивті жаттығулар ұсынады. Бұған дейін де Google Translate-ке ЖИ негізіндегі контекстік аударма мүмкіндіктері енгізілген еді. Жаңа мүмкіндіктер барлық қолданушыларға тегін қолжетімді болады. Бірақ оқыту режимі әзірге бета-нұсқада және бірнеше тілмен шектелген. Google бұл функция толық іске қосылғаннан кейін оның ақылы болатыны немесе болмайтыны туралы мәлімет бермей отыр.Жаңартудан кейін Android және iPhone үшін Google Translate қосымшасында «Нақты уақыттағы аударма» батырмасы пайда болады. Бұл мүмкіндік араб, француз, хинди, корей, испан, тамиль тілдері және тағы 70-тен астам тілде аударма жасай алады. Алғашқы болып осы жаңартуды АҚШ, Үндістан және Мексика қолданушылары алады.
Батырманы басқаннан кейін қолданушы сөйлей бастайды. Ал жасанды интеллект оның сөзін нақты уақытта, синхронды режимде аударады. Аударма дауыстап оқылады, әрі мәтін екі тілде экранда көрсетіледі. Әңгімелесушінің жауабы да дәл осылай аударылады.
Gemini үлгілері сөйлеушілерді ажырата алады, әңгімедегі үзілістерді таниды және акцент пен интонацияны анықтайды. Сонымен қатар фондық шуды сүзгілеп, негізгі дауысқа назар аударады.
«Бұл шулы әуежайда немесе кафе сияқты шынайы ортада да жоғары сапалы аударма жасалатынын білдіреді», – деп жазды Google блогында.
Бұл функцияны пайдалану үшін интернетке қосылу қажет. Яғни, аударма құрылғының өзінде емес, серверде жүзеге асады. Қазіргі уақытта аударылған мәтінді дауыстап оқу үшін бір ғана дауыс қолжетімді.Google Translate-тің ең таңғаларлық жаңа мүмкіндігі – тілді үйрету режимі. Бұл мүмкіндік жаңа тіл үйреніп жүргендерге тыңдау және сөйлеу дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Google-дың айтуынша, қолданушылардың үштен бірі Translate-ті тіл үйренуге көмекші құрал ретінде пайдаланады. Осы себепті компания бөлек қосымша жасаудың орнына, тіл үйренуге арналған ЖИ функцияларын тікелей Google Translate-ке енгізген.
Жаңа тіл үйренушілер қосымшадағы «Практика» батырмасын басып, өз деңгейін және мақсаттарын белгілейді. Қолданба нақты уақытта бейімделетін жеке сценарийлер құрады. Бұл сценарийлер тіл үйрену саласындағы соңғы зерттеулерге сүйене отырып жасалған. Жаттығулар прогресті бақылап, пайдаланушының деңгейіне қарай өзгереді.
Қазіргі таңда бұл тәжірибе Duolingo қолданбасына ұқсас көрінгенімен, оның функционалы шектеулі. Бета-нұсқадағы мүмкіндік тек бірнеше тіл жұбына арналған. Қазір ағылшын тілін үйренгісі келетін испан, француз және португал тілді қолданушылар немесе керісінше ағылшын тілін білгендер испан және француз тілдерін жаттықтыра алады. Бұл функция да Android және iPhone үшін қолжетімді.
Тілдік шекаралардың жойылуы адамдар арасындағы коммуникацияны жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.