Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сарсенбай үндеу жасады, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол өзінің атынан жалған парақша ашылып жатқанын ескертті.
«Құрметті азаматтар! Мен, Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сарсенбай, әлеуметтік желілерде менің атымды, қызметімді және фотосуретімді заңсыз пайдаланып, жалған аккаунттар ашылып жатқандығына байланысты осы бейнеүндеуді жасауды қажет деп санаймын. Менің Instagram әлеуметтік желідегі жалғыз аккаунтым — @s.d.n__ — тек отбасым мен жақындарыммен байланыс орнату үшін ғана құрылған. Бұл парақшада ешқандай ресми жарияланым, пікір немесе кәсіби сипаттағы ақпарат жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақшалар – жалған. Менің атымды, қызметімді немесе фотомды рұқсатсыз пайдалану, әсіресе қылмыстық іс аясында – бұл заңсыз әрекет және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Назар аударыңыздар!» – деді Дана Сарсенбай.
Ол көпшілікті барынша сақ болуға шақырды.
«Аталған жалған парақшаларда:
– түрлі блогерлерге жазылуға шақырулар жарияланады,
– жалған сауалнамалар мен сілтемелер таратылады,
– сыйлықтар мен ұтыс ойындары уәде етіледі,
– қылмыстық іске қатысы бардай көрсетілген жалған мәліметтер таратылады,
– менің атымнан пікірлер мен мәлімдемелер жазылады.
Сондықтан сіздерден өтініш:
– мұндай сілтемелерге өтпеңіздер,
– күмәнді ұтыс ойындарына қатыспаңыздар,
– менің атымнан ұсынылған блогтарға немесе парақшаларға жазылмаңыздар.
Бұл әрекеттер – алаяқтық сипаттағы схемалар болуы мүмкін. Олар сіздердің жеке деректеріңізді алу, халықты шатастыру немесе прокуратура органдарының беделіне нұқсан келтіру мақсатында жасалуда.
Құрметті азаматтар,
Сіздерді сақ болуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырамын.
Мұндай фейк парақшалар мен жалған мәліметтер құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіріп, тергеу барысына кері әсер етуі мүмкін.
Іске қатысты барлық ресми ақпарат тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми арналары арқылы ғана жарияланады.
Назар аударып, түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деді Дана Сарсенбай.
Айта кетейік, Шерзат Полатты өлтірген Шынасыл 23 жылға, қалғаны 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.