Шымкент тазалығына жауапты "Еңбекші" коммуналдық мекемесінің жүргізушілері жаппай жұмысқа шығудан бас тартты. Олар мекемені тексеру керегін айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Кеше, 6 сәуірде жүзден астам жүргізуші шу көтерді. Олардың айтуынша, мекеме директорына жұмысшылардың артық жұмыс күніне ақша сұрағаны ұнамай қалған.
"Жұмыс күні 9-дан 6-ға дейін деп бекітілген. Бірақ бір күндері сағат 9-да, 10-да, 11-де, кейде түнгі 2-де де қайтқанмын. Таңғы 4-ке дейін істегендер бар, сенбіде кеткенімізге жұмыстан шығарып жатыр. Төленбейді, жексенбі де жұмысқа шығартады. "Шықпаймын" десең болды, "боссың" дейді. Бұл кісінің жұмысы – жұмыстан шығару", – дейді мекеме жұмысшысы Бақытжан Төлеев.
Телеарнаның жүргізушілердің сөзіне сүйеніп хабарлауынша, жүргізушілер арнайы техниканың май-суын да, тіпті кейде бөлшектерді де өз қалталарынан ауыстыратынын айтуда.
"Мына діңгекті де өз қалтамыздан алдық. Бағасы 3 жарым мың, 3670 теңгедей. Жүргізушілердің бәрі алды. 25 жүргізуші. Баллон тесілсе де, өз қалтамыздан төлеп жүрміз. Тығылып батып қалсақ, кранды өзіміз жалдаймыз. 3-4 машина, төрт түрлі кран жалдадық, біреуі 80 мың, біреуі 50 мың, біреуі 70 мыңға, өз қалтамыздан шығарып", – дейді "Еңбекші" КММ жүргізушісі Ерғали Төреханов.
Былтыр қарашада құрылып, жұмыс істеп жатқан коммуналдық мекеменің директоры қол астындағылардың шағымының біреуімен де келіспейді.
"Өз қалтамыздан аламыз дегені өтірік. Оны ешкім "алыңдар" деп мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бұл жерде бөлім басшысы "алты күндікке ауысып жатырмыз" дұрыс жеткізбеген деп ойлаймын", – деп пікір білдірді директор.
Жұмысшылар қала басшысын шақырған. Қала әкімінің орнына аудан әкімінің орынбасары келді. Шенеунік жұмысшылардың уәжіне келіспеді. Телеарна мәліметінше, "жұмысқа шықпадыңдар" деген себеппен жұмыстан босатылатынын білген соң, жүргізушілердің біразы көлікке қайта отыруына тура келді.
Бірақ 180 жүргізуші мәселеге қала әкімі араласып, мекеме жұмысына прокурорлар мен еңбек инспекциясы араласқанын қалайды.
Дереккөз: КТК
