in

Шымкент агросекторы жаңғырып келеді

Қалада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға соңғы жылдары тың серпін берілді. Ең бастысы, нақты нәтиже бар, жаңа мақсат айқын, ал шаруаларға көрсетілетін қолдау жылдан жылға күшейіп келеді.

Жыл басынан бергі 9 айда Шым­кент ауыл шаруашылығы 41,1 млрд тең­генің өнімін өндірді. Бұл – қа­ғаз­дағы көрсеткіш қана емес, жер жырт­қан диқанның, мал баққан шаруа мен жылыжайда тынымсыз ең­бек еткен мамандардың маңдай те­рінің өтеуі. Биыл қала аумағында 23 мың гектар жер игерілді. Оның әрбір тобығына дейін бабымен өң­деліп, өнімнің түр-түрі егілді. Оның ішін­де 7 мың гектар – дәнді дақыл, 3,3 мың гектар – майлы дақыл, 1,7 мың гектар – көкөніс пен бақша, 0,1 мың гектар – картоп және 10,9 мың гектар мал азығы бар.

«Бұл – қала халқын өз өнімі­міз­бен қамтып, нарыққа сапалы, та­биғи азық ұсынудың нақты қадамы. Ай­та кетейік, бүгінде шаруаның жү­гін жеңілдеткен мемлекет қол­дауы да едәуір тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері аг­рарлық салаға 394 млн теңге кө­ле­мінде қолдау көрсетілді. Атап айтсақ, тыңайтқышқа – 19 млн тең­ге, жылыжай шығынына – 360 млн теңге және тұқым шаруашылығына 15 млн теңге қолдау білдірілді», – де­ді Шымкент қаласының ауыл шаруа­шылығы және ветеринария басқармасы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы Сағдат Маханов. 

Күзгі дала жұмысына 337 тонна ар­зан дизель бөлініп, шаруаларға литрі 250 теңгеден берілген. Бұл – нау­қан кезінде жанармайды уайым­дамай, алаңсыз еңбектенуге мол мүм­кіндік беріп отыр. Басқарма ма­­­­мандары қалада ауыл шаруа­шы­лығы өнімдері тұрақты түрде өсіп ке­ле жатқанын айтады. Биыл 5,3 мың тонна ет, 54,3 мың тонна сүт және 175 млн дана жұмыртқа алын­ған. Ал төрт түлік саны да көңіл қуан­тады. Бүгінде үшінші мега­по­лис­те – 100,9 мың ірі қара, 108,4 мың уақ мал, 22,2 мың жылқы, 1,2 млн құс бар. Осынау жетістіктер – тір­шілік көзі саналатын мал шаруа­шылығының берекесі тасығанының белгісі.

Тағы бір айта кетерлігі, Шым­кент қаласында еліміздің агро­өнер­кәсі­біне тың тыныс әкелетін алып жоба іске асып жатыр. Alsera KZ ком­паниясының 650 гектарлық жы­лыжай кешені – нағыз ауыл шаруа­шылығы дәуірінің көрінісі. Инвес­тиция көлемі – 650 млн АҚШ дол­лары болған жобаның бірінші кезеңі келер жылы аяқталып, 5 мың адам тұ­рақты жұмыспен қамтылады де­ген жоспар бар. Ал екінші кезең ал­да­ғы бес жылда іске асырылады. То­лық қуа­тында жұмыс істеген уа­қытта жы­лына 155 мың тонна ө­нім жиналмақ. Бұл жоба Шымкентті Ор­талық Азия­дағы ең ірі агроло­гис­тикалық орта­лықтардың біріне ай­нал­дырмақ.

Сонымен бірге, Шымкенттің рес­­публикалық маңызы бар қала мәр­тебесін алуы – тарихи шешім, жаңа мүмкіндіктердің бастауы бол­ды. Дегенмен кез келген даму жо­лын­да өткінші қиындықтар кезде­се­тіні белгілі. Қала аумағының кеңеюі­­­мен бірге ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігі елді мекен құ­ра­­мына енді. Бұл өзгеріс қала үшін стратегиялық маңызды болғанымен, шаруа адамдарына қосымша салмақ салды. Кеше ғана егін егіп, мал ба­ғып, туған жердің ырысын арттырып отырған қарапайым қожалықтар аяқ астынан ауыр салық қысымына тап болды. Гектарына 91 700 теңге кө­­ле­міндегі салық – көптеген шар­уа­лар үшін еңсені түсірткен, тір­лікті тығырыққа тіреген мәселе еді. 2022 жылы шаруалардың жанайқайы ескеріліп, мәслихат шешімімен мөлшер 45 850 теңгеге дейін тө­мен­детілді. Бұл – алғашқы жеңілдік, ал­­­ғашқы демеу болды. Алайда бұл жүктеменің өзі де ауыл кәсіпкерлері үшін оңай болмады. Сол себепті мә­селе жай ғана көтерілмей, жүйелі түрде шешім іздеу жолына түсті. Шым­кент қаласының әкімі Ғабит Сыз­дықбековтің бастамасымен ор­талық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында үлкен жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, шаруалар үні естіліп, ел игілігі үшін маңызды ше­шім қабылданды. Шаруаның жа­найқайы ескерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол­дауы­­мен жаңа Салық кодексіне өз­герістер енгізілді. Бұл жай қағаз­дағы бап емес, бұл – ауылдағы еңбек адамына деген құрметтің, олардың еңбегін ескерудің көрінісі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­дің салығы гектарына небәрі 1 013 теңге болады. Бұл – бұрынғы мөл­шер­ден 45 есе төмен! Шаруаның ең­се­сін көтеретін жерін тастамай, ең­бегін жалғастыруға жігер беретін тарихи жеңілдік туралы осынау бас­қарма өкілі атап өтті. 

Айта кетейік, Шымкенттің ауыл шаруашылығы – тек статистика емес, тіршілік тынысы. Бұл – ерте тұ­рып, күнмен бірге егін басына бара­­тын диқанның адал еңбегі. Жыл он екі ай жеміс өсіретін жылыжай­шы­лар­дың табандылығы, ауылдың тынысы, шаруаның үміті, еңбекке адал азаматтардың жүрекпен істеген ісі. Шымкенттің топырағына түскен әр дән – ертеңгі нәпақа, әр жаңа жы­­лыжай – болашақтағы экспорт, әр жеңілдеген салық еңбек адамына жа­­сал­ған құрмет екені сөзсіз. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы