"КТК" АҚ компанияның Бас директоры Эльмира Жәмилованың өз еркімен өкілеттігін аяқтап, телеарнаның стратегиялық дамуы жөніндегі Кеңесшісі ретінде қызметін жалғастыратынын хабарлайды. Бұл ретте телеарнаның редакциялық және хабар тарату саясатындағы сабақтастық сақталады.
Эльмира Нариманқызы телеарнадағы қызметін 2007 жылы бас директордың орынбасары ретінде бастап, 2016 жылы компанияның басшысы болды.
Оның жетекшілігімен КТК жаңалық тарату, төл өнім өндіру және digital-бағытты жүйелі түрде дамыту арқылы .медианарықтағы өз орнын нығайтты. Сөйтіп, Қазақстан телевизия нарығының көш басында табан тіреп, көрермен қауымның жоғары сеніміне ие болған, әрі ең танымал жаңалықтар брендіне ие телеарнаға айналды.
"КТК" АҚ-ның негізгі құрылтайшысы "Нұрсұлтан Назарбаев Қоры" мен КТК телеарнасының ұжымы Эльмира Нариманқызы Жәмиловаға ұзақ жылғы жемісті қызметі және кәсіби біліктілігі, компанияның, жалпы Қазақстан телевизиялық индустриясының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін шынайы ризашылығы мен алғысын білдіреді.
"Бүгінде телевизия индустриясы күрделі кезеңді бастан кешіруде: технология, жарнама нарығы, контентті тұтыну моделі және аудиториямен өзара ықпалдастықтың сипаты да өзгеруде. Мен осы кезеңге КТК-ның мықты, танымал және ықпалды телеарна болып келгеніне қуаныштымын! Телеарнадағы жиырма жылға жуық жұмыс мен үшін кәсіби өмірімнің аса маңызды белесі. Ал стратегиялық бағытқа ойысу – компанияның дамуына атсалысуды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік", – дейді Эльмира Жәмилова.
"КТК" АҚ жаңа Бас директоры болып Бек Кенжебай тағайындалды. Ол бұған дейін "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Бек Кенжебайдың медиа және талдау (аналитика) саласында басқарушылық тәжірибесі бар. Ол әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, "Қазақстан", "Астана", 31-арна, "Алматы" телеарналарында еңбек еткен.
Анықтама:
"КТК АҚ 1991 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік телеарна. 2026 жылы телеарна өзінің 35 жылдығын атап өтеді.
КТК өз қызметінің барлық кезеңінде дерлік еліміздегі теленарықта жетекші орынды иеленіп келеді. TV Index телевизиялық аудиторияны мониторинг жасау және зерттеу жүйесіндегі "0+ тұрғындары бар Қазақстандағы қалалар мен ауылдар" панелінде КТК соңғы екі ай қатарынан Қазақстандағы телевизияны тамашалау деңгейі бойынша бірінші орында тұр.
