Aikyn.kz «жұмсақ мұздың» қасиеттерімен zmescience.com мақаласына сүйеніп таныстырады.
«Жұмсақ мұз» жасау идеясы супермаркеттен шыққан. Калифорния университетінің тағамтану профессоры Люксин Ван балық салынған жәшіктегі еріген мұзды көріп, патогендер таралу қаупіне алаңдаған. Содан әріптестерінен мұздың жұмсақ баламасын ойлап табуды сұрайды.
Шабыт оларға тофудан келді. Профессор Ган Сунь былай дейді: «Мұздатылған тофу суды ішінде сақтайды, бірақ ерігенде босатады. Біз бұл мәселені желатин арқылы шешуді ойладық».
Желатин гидрогель түзгенде микротесіктерге толы құрылым құрып, мұздату мен ерітуде суды ұстап тұрады. Зерттеуші Цзяхан Цзоу бірнеше жылдық тәжірибеден кейін «желе мұзын» жасау процесін жетілдірді. Оның айтуынша, бұл 90%-ы судан тұратын, бірнеше рет жуылып, мұздатылып-ерітіле беретін бірқадамдық әдіс.Бөлме температурасында желе мұзы кәдімгі десерт сияқты жұмсарады. Ал нөлден төмен температурада кәдімгі мұз кесегіне ұқсайды. Қарапайым мұз жылуды жақсы сіңіреді, бірақ ерігенде шалшыққа айналады. Желе мұзы ондай емес.
«Сондай форма мен өлшемдегі кәдімгі мұзбен салыстырғанда желе мұзы 80%-ға дейін салқындату тиімділігіне ие. Оны бірнеше рет қайта пайдаланып, салқындату қасиетін сақтауға болады», – дейді Цзоу.
Бөлме температурасында желе мұзы кәдімгі десерт сияқты жұмсақ болса, нөлден төмен температурада кәдімгі мұз кесегіне ұқсайды. Фото snexplores.org сайтынан алынды. Авторлығы: UC Davis / Gregory Urquiaga
Қазіргі гель қаптамалары немесе құрғақ мұз сияқты баламалар пластик не синтетикалық химикаттардан тұрады. Олар қолайсыз әрі био ыдырау қасиетіне ие емес. Ал желе мұзын текше, тақтайша, тіпті әшекейлі гүл пішінінде де жасауға болады. Қолданылып болған соң, оны компостқа жіберуге болады. Нақты тәжірибе кезінде ол топырақты байытып, қызанақтың жақсы өсуіне ықпал еткен.
Бұл технология жаңа піскен тағамдар мен вакциналарды қалдықсыз тасымалдауға мүмкіндік береді. Жарты келі желе мұзы пластикпен қапталған салқындатқышты алмастыра алады. Ерекше пішінге ие болу қасиетінің арқасында нәзік өнімдер мен медициналық үлгілерді сақтауға ыңғайлы. Герметикалық қасиеті оны теңіз өнімдерін қауіпсіз сақтауға да қолдануға болатынын көрсетеді.
Қатты мұз кесегі жылуды жақсы сіңіреді, бірақ ерігенде шалшыққа айналады. Желе мұзы ондай емес. Фото greatbritishchefs.com сайтынан алынды
Желе мұзы микропластикке ыдырамайды. Ғалымдар соя ақуыздары секілді өзге табиғи биополимерлерді де зерттеуде. Цзяхан Цзоу оларды ас үстелін қаптау не зертханада ет өсіруге арналған қаңқа жасау үшін пайдалануға болатынын айтады.
«Табиғаттың биополимер жасау күші керемет. Олар бізге материалдармен жұмыс істеуді үйретеді», – дейді ол.
Бұл технология әлі нарыққа шыққан жоқ. Алдымен нарыққа талдау жасау, өнімді әзірлеу және ірі өндірістік сынақтар қажет. Дегенмен Калифорния университеті жаңа материалға лицензия бере бастады. Бұл коммерциялық компаниялардың қызығушылығы бар екенін дәлелдейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.