Қазақстанда шекарадағы кезекті азайту үшін күту аймақтарына қатысты жаңа талаптар енгізілмек, деп хабарлайды Көлік министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Ведомствоның мәліметінше, Көлік министрлігінде күту аймақтарының инфрақұрылым параметрлерін, жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібін және техникалық жабдықталу деңгейін егжей-тегжейлі реттейтін құжат қаралып жатыр.
"Күтуге арналған сервистік аймақтарды жобалау кезінде олардың географиялық орналасуы, бекеттердің өткізу қабілеті, болжамды көлік ағындары, сондай-ақ жер бедері мен климаттық жағдайлар ескеріледі.
Жол-көлік сызбасы көлік құралдарының барынша жоғары өткізу қабілетін қамтамасыз етіп, қауіпсіз маневр жасауға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл ретте қозғалыс ағындары кіру, сәйкестендіру, күту, қызмет көрсету және шығу кезеңдеріне бөлінеді", – делінген хабарламада.
Сервистік күту аймақтары үш функционалдық блоктан тұрады: тұрақ, коммерциялық және әкімшілік аймақтар.
Жеке талаптар блогы техникалық жабдықталуға қатысты. Сервистік аймақтар кіру және шығуды бақылайтын автоматтандырылған жүйелермен, мемлекеттік нөмірлік белгілерді тану функциясы бар көлік құралдарын есепке алу жүйелерімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау мүмкіндігімен жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік жүйелері, тұрақты мобильді байланыс және интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет.
Аталған жаңашылдық сервистік күту аймақтарының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, көлік ағындарын тиімді басқаруға, сондай-ақ транзиттік тасымалдар кезінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді, деп күтіліп отыр.
