in

Қала инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Алдымен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов қаланың даму жоспары туралы баяндама жасап, шаһарда атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталды. Былтыр 1,3 млрд теңгеге бір магистралдық желі жаңартылса, биыл 9,9 млрд теңгеге қаладағы тағы бір ірі магистралдық желі жаңғыртылған. 

– Былтырғы жұмыстардың нәтижесінде 12 әлеуметтік нысан мен 63 көпқабатты үй­ге үздіксіз жылу беру жұмыстары жүрді. Биыл қаладағы ең ірі магистралдық желіні жаң­ғыртқанымыздың арқасында 75 көпқа­батты үй мен 7 әлеуметтік нысанға үздіксіз жылу берілуде. Алдағы екі жылда тағы үш ма­гистралды желіні жаңғырту жоспары тұр. Ол үшін 8,1 млрд қаржы жоспарланып отыр. Егер осы жұмыстардың бәрі іске асса, біз қаладағы жылу желілерін 50%-ға жаңар­та­мыз, – деді Мұрат Байменов. 

Орал қаласындағы су және жылу желі­лерінің әбден тозғаны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Осы олқылықтың орнын тол­тыру мақсатында қалада бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 

Қала әкімі өз сөзінде қаладағы ірі су жи­нау стансасында жаңғырту жұмысы жү­ріп жатқанын атап өтті. Ол үшін бюджеттен 12,1 млрд қаржы бөлінген. Бұл жобалар қа­ланың Жұлдыз, Ескі әуежай, 10, 7, 6, 5, 4-шағын аудандарын үздіксіз ауызсумен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаланы таза ауызсумен үздіксіз қамтамассыз ету үшін қалада тағы 5 су ұңғымасын салу жос­пары бар.

Бұдан бөлек, 2024 жылы 4,6 млрд тең­геге №3 және №2 кәріз-сорғы стансалары жаңартылса, биыл Ақжайық шағын ауда­нында жаңа кәріз-сорғы стансасы пай­да­лануға беріліп отыр. Қазір 2 млрд теңгеге №18А кәріз-сорғы стансасын қайта жаң­ғыр­ту жұмыстары жүргізілуде. 

– Ал 2026 жылы №29 және №1 кәріз стан­саларын қайта жаңғырту көзделген. Ол үшін бюджеттен 4,1 млрд теңге көлемінде қара­жат бағыттау жоспарланды, – деді қала әкімі өз сөзінде. 

Тұрғындарды ауызсумен қамту қанша­лықты маңызды болса, қала көшелерін жа­рық­тандыру да соншалықты өзекті дү­ние. Себебі қараңғы көшелер адамдардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкіне кесірін тигізуі мүмкін. 

– Қаланың сыртқы келбетін ретке кел­тіру және тұрғындар арасындағы қауіп­сіздікті күшейту мақсатында қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп ке­леді. Былтыр ұзындығы 15 шақырым бо­ла­тын үш көшеге жарық өткіздік. Ал биыл жалпы ұзындығы 22 шақырым болатын екі көшеге жарық жүргізу жұмысы жүргізілді. Ол – Сырым Датов көшесі мен Жәңгір хан көшелері. Бұдан бөлек, қаладағы нысандар мен үйлердің сыртқы бетіне сәндік жарық­шамдар орнату жұмысы да жүргізілуде. Былтыр осы бағытқа 600 млн қаржы бөлі­ніп, 13 нысанға жарықшамдар қойдық. Ал биыл­ғы жылы 40 млн қаржыға 7 нысанға сәндік жарықшамдар орнатудамыз, – деп атап өтті Орал қаласының әкімі Мұрат Бай­менов.

Облыстық халық шығармашылығы орталығына жиналған тұрғындар әкімнің баяндамасынан кейін сұрақ қоюға көшті. Халықтың көкейіндегі сұрақтар негізінен БҚО әкімі Нариман Төреғалиевке бағыт­талды.  

Жиналғандар қала тазылығы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөлек мектеп ашу мәселесін, отандық өнімді қолдау ша­ра­­лары туралы сұрақтары мен ұсыныс­та­рын айтты. Ал жеке сұрақтары бар тұр­ғын­­дарды сала мамандары арнайы қабыл­дады.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы