in

Қанат Әуесбай: Журфакта ЖИ мен дрон-журналистикасын да оқытамыз

Бұл сала білім алушыларды заманауи ақпараттық ортаға жедел бейімделіп, жұмыс істеуге дайындайды. Медиа және коммуникация саласы аясына бүгінде цифрлық журналистика, медиаменеджмент, қоғаммен байланыс, жарнама және медиатехнологиялар сияқты бағыттар кіреді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика заман сұранысына сай білім беру бағдарламаларын теориялық білім мен практикалық дағдыларды (мысалы, сыни ойлау, зерттеу, сторителлинг, визуалды нарратив) ұштастыра оқытады.

Филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай тұтас әлемде қазір заманауи журналистік білім берудің тәжірибесінде практик-мамандарды тарту кеңінен жолға қойылғанын айтты. Өндірісте өнген, журналистің ұстаханасында ысылған майталмандарды журналистика факультетіне дәріс беруге шақыру кеңінен қолға алдынған.

«Өзім де 20 жылдан астам журналистика қазанында қайнаған практик-маманмын. Осы қажеттілікті ескеріп, былтырғы оқу жылынан бастап, Әмірхан Меңдеке, Серік Жанболат, Иманбай Жұбай, Серік Жанболат, Серік Әбікенұлы, Асылбек Ықсан, Нұржан Жалауқызы сынды қазақ журналистикасында орны бар майталмандарды дәріс оқуға шақырдық», – деді Қанат Әуесбай.

Журналистика факультеті дуалды білім берудің озық дәстүрін жолға қойып келеді. Салыстырып айтар болсам, дуалды білім берудің жақсы бір үлгісі медицина университеттерінде жүзеге асқан.

«Олар бірінші курста ғана жалпы профильді сабақтар – психология, әлеуметтану, философия секілді дәрістерді тыңдау үшін университет аудиториясында отырады да, екінші жылдан бастап, дәрістерді клиникалық жағдайдағы аурухана, емханаларда өтеді. Дәл осы қағидат журналистика факультетінде де жүзеге асып келеді. Елімізде ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғалы бері бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Министр Саясат Нұрбек, ректорымыз Жансейіт Қансейітұлы да дуалды білім жүйесін қолдайтынын әрдайым айтып келеді. Министрлік деңгейінде елімізде дуалды білім берудің ережесі 2023 жылы бекіді. Ережемен жан-жақты танысып, журналистика факультетінде дуалды білім беруді кең ауқымда жүзеге асыруға кірістік. Ол үшін, ең алдымен, жұмыс беруші мекемелермен меморандумға отырдық. Соның аясында дәрістер, семинарларымыздың бір бөлігі телеарналарда, баспаларда, басылымдарда өте бастады. Бір абзалы, бізге керек мекемелердің барлығы да университетімізге жақын орналасқаны   қолайлы болып тұр», – деді декан.

Медиа мамандарына білім беру үшін, ең алдымен, материалдық-техникалық база мықты болуға керек. Осыны ескеріп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде биыл ректораттың және демеуші инвесторлардың қолдауымен 8 нысан жөнделіп, қажетті құрал-жабдық сатып алынды. Олар студенттер үйіндегі жаңа асхана, жасанды интеллект медиа зертханасы, «Түрксой» медиа білім беру орталығы, Марат Барманқұлов телестудиясы, дәріс залы, коуоркинг бұрышы сияқты білім алушылардың жайлы білім алуы үшін аса қажетті нысандар.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде жасанды инттелектіні дамытудың стратегиясы қабылданды. Соны ескеріп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жасанды интелектті оқу процесіне енгізу тапсырмасы аясында университетте еліміздегі алғашқы жасанды интеллект медиа зертханасын ашылды.

«Оның аясында журналистерге қажетті AI-QazMedia жасанды интеллект көмекшісін жасалды. Бұл жұмыс жасанды интеллект және Big data кафедрасымен бірлесе пәнаралық бағытта жасалып жатыр. Бұл жерде айқындап алатын нәрсе бар. Медиа мамандары «жасанды интеллект салдарынан жұмыссыз қаламыз» деп қорықпауы керек. Керісінше нейрожеліні журналистердің кәдесіне жарата білуді игергені мақұл. Бұл бағыттағы жұмысымызда біз әрдайым осы қағидатты көздейміз. Биылғы жаңа оқу жылынан  бастап жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу мақсатында «AI&Media» магистрлік білім беру бағдарламасын ашып жатырмыз», – деді   Қанат Әуесбай.                  

Елімізде медиа және коммуникация саласында ғалымдар өте аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында былтыр ҚазҰУ журналистика факультетінде диссертациялық Кеңес ашылды. Дисскеңесте «журналистика, халықаралық журналистика, медиа және коммуникация» салалары бойынша PhD докторанттар даярланбақ. Кеңес ашылғалы 7 бірдей докторант әлеуметтік медиа, жасанды интеллект, журналистика тақырыптарында диссертация қорғаған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайдың айтуынша, факультетте білім беру сапасын арттыру ұдайы назарда. Бұл тарапта жұмыс беруші мекемелермен тұрақты байланыс орнатып, олардың сұранысын ескеріп, оқу үдерісіне қоғаммен байланыс бағытында оқитындар үшін «үкіметпен байланыс (GR)», «медиа менеджмент», «дрон-журналистикасы» сияқты заман сұранысына сай мамандықтарды ашу жоспарланған. Дронды басқару арқылы контент жасау, яғни дрон-журналистикасы бүкіл әлемде 2019 жылдан бері оқытыла бастаған жаңа сала.   

«Журфакты Орталық Азиядағы бірегей білім беру медиахабына айналдыруымыз керек деген асқақ мақсатымыз бар. Бұл – қолдан келетін іс. Қазір осы асқақ мақсатты орындау жолында жұмыс жүріп жатыр», – деді Қанат Әусебай.

Бүгінде «журналистика және ақпарат» мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша білім беретін 24 жоғары оқу орны бар. ҚазҰУ түлектері ең үлкен KPI-көрсеткішке ие. 1 мемлекеттік хатшы, 5 министр, 3 облыс әкімі, 2 елші, мемлекет басшысының 7 бірдей баспасөз хатшысы, Президенттің 2 кеңесшісі және қазіргі Парламенттің 8 бірдей депутаты ҚазҰУ журфагын тәмамдаған. Жазушылар одағының тарихында төраға болған 5 тұлға да факультет түлектері.

Кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысы жуырда масс-медиа өкілдерін арнайы қабылдап, марапаттады. Осы қабылдауда болғандардың 80 пайызы журфакта білім алған.  

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.