in

Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты ірі геологиялық зертхана салады

Геология – еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа технологияларды енгізу және пайдалы қазбалар қорын тиімді басқару жөніндегі тапсырмалары аясында институт биыл маусым айынан бастап халықаралық стандарттарға сай толық циклді зертханалық кешен салу жұмыстарын бастады.

Жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, институт сенімді инвесторлармен бірлесіп,  2025 жылдың маусым айында GeoLab Eurasia атты бірлескен кәсіпорынды құрды және зертханалық кешеннің құрылыс жұмыстарын ресми түрде бастады. Құрылыс Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитетінің, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі жанындағы Инвестициялар комитетінің тікелей қолдауымен жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы институт аумағында заманауи аналитикалық жабдықтармен жабдықталатын зертхананың алғашқы блогы бой көтеруде. Оның ашылуы 2025 жылдың қарашасына жоспарланған.

Жоба аясында барлық зертханалық процестер цифрландырылып, зертханалық ақпаратты басқару жүйесі (LIMS) енгізіледі. Сонымен қатар  ISO/IEC 17025-2019 халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан өту, қызметкерлерді оқыту және метрологиялық калибрлеу жұмыстары қамтылған.

Жаңа зертхана геологиялық үлгілерді кешенді түрде зерттеуді қамтамасыз етеді. Мұнда үлгілерді дайындау, спектрометриялық әдістер (XRF, XRD, ICP-OES, ICP-MS және т.б.), химиялық, физика-механикалық, термиялық және гидрохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Бірінші кезеңде екі мамандандырылған аспаптық зертхана, оқу аудиториялары және демонстрациялық зал ашылады.

Екінші кезеңде, 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін, Қонаев қаласындағы Satbayev University полигонында жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын зертханалық-өндірістік кешеннің құрылысы аяқталады. Бұл кешенге жоғары технологиялық зертханалар, өндірістік цехтар, оқу-әдістемелік блоктар, талдамалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымы кіреді.

Зертхана қызметкерлерінің 80%-ын институттың бірегей білім мен тәжірибесіне ие қазақстандық ғалымдар мен геологтер құрайды. Бұл жоба еліміздің ғылыми тәуелсіздігін арттырып, Орталық Азиядағы әлемдік деңгейдегі геологиялық зерттеу орталығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі таңда жастардың осы маңызды салаға дұрыс бағытталып, біліктілігін жетілдіре отырып, еліміздің дамуына үлес қосуы ерекше маңызды.

Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты Президенттің стратегиялық бастамаларын қолдап, Қазақстанның геология саласын жаңғыртуға нақты үлес қосуда. Біз Мемлекет басшысының Жолдауын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырып жатырмыз.