in

"Қараңғылық құрсауында": Алматы іргесіндегі саяжайда тұрғындар айлап жарықсыз отыр

Алматы облысы Қарасай ауданы Тұрар ауылына қарасты саяжай тұрғындары айлап жарықсыз отыр. Жұрт бұл мәселе тұрмысымызды қиындатып, су мен интернет желісі де қатар тоқтап қалғанын жеткізді. Халық мұны жылдар бойы қордаланып келген қарыз қамытымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрар ауылының маңында 10-ға жуық саяжай бір ғана электр желісіне тәуелді. Оның техникалық жағдайы да күрделі. Ал жиналған қарыз көлемі бүгінде 6 миллион теңгеден асып кеткен. Сондықтан жарықтың сөнуі елдімекен үшін үйреншікті жағдайға айналыпты. Айлап электр қуатын көрмеген жұрт күнделікті тіршіліктің машақатын тартып отыр. Тұрғындардың айтуынша, жарықтың жиі өшуінен тоңазытқыштағы азық-түлік бұзылып, тұрмыстық техникалар бірінен соң бірі істен шыға бастаған. Ал тұрғындардан ақша жинап, электр желісіне қызмет көрсетеміз деген делдал уәдесін орындамаған көрінеді. Жұрттың сөзінше, қаражат тұрақты жиналғанымен, оның нәтижесін халық көрмей келеді.

"Сіздер келеді" деп естіген соң кеше сағат 23:00-де жарық жанды. Оған дейін 2-3 ай өшіп тұрды. Холодильник, морозильникте сақталған тамағымыздың қоқысқа кетіп жатыр, сатып алған етіміз құрттап, шіріп кетті. Су жоқ, бірақ ақысын төлейміз", – деді Тұрар ауылының тұрғыны Мақсат Сабырбаев.

"Электр жағына ақша төлеп отырмыз, бірақ мекеме қарызға батқан. Сол қарызды қара халық төлеп отыр. Олар квт 29 теңгеден алады, 36 теңгеден төлейміз. Үстінен 10 мың теңгеден тағы жинайды", – деді Тұрар ауылының тұрғыны Ерғали Ерденов.

Жылдар бойы жарықсыз отырған ауыл тұрғындары тығырықтан шығудың жолын өздері іздеген. Айтуларынша, электр жарығына жауапты төраға заңсыз желілерді кесіп кеткен. Сондықтан тұрғындардың көбі балама жарық көздерін өздері тапқан. Кей тұрғындар  күн энергиясынан тоқ алып отыр. Оның өзі электр құрылғыларын қуаттауға келмейді, тек кешке дейін жарықты қамтамасыз ету үшін орнатылған.

"Біз өстіп отыра береміз бе? 3 күн электр жарық жоқ. Мүмкіндігі шектеулі баланы оқытып отырмын. Екі күнде бір суға түсіру керек. Су жоқ. Дәрігерге хабарласайын десең, байланыс жоқ", – деді Тұрар ауылының тұрғыны Динара Мамырбаева.

Мұнда жарық өшсе, тіршілік те тұралайды. Электр қуатымен бірге су тоқтап, интернет үзіледі. Ауыл жұрты қараңғылық құрсауында қалады. Ал мұнша қарыздың қайдан шыққанын нақты ешкім білмейді. Тұрғындардың сөзінше, жарыққа жауапты төрағалар миллиондаған қарыздың қалай жиналғанын, төлеген қаражаттың қайда жұмсалғанын ашып түсіндірмеген.

"Миллиондаған қарыздың қайдан пайда болып жатқанын анықтауға талай рет тырыстық. Алайда бұл  ішкі мәселе, оған ешкім араласа алмайды. Сондықтан бұл түйткілді өз күшімізбен шешуге мәжбүр болып отырмыз. Ең басты мәселе – бізде барлық саяжай бір ғана жеке есепшотқа біріктірілген. Ал бұл заңға қайшы деп санаймыз. Өйткені әрқайсымыз – бөлек заңды тұлғамыз және әрбір бірлестіктің жеке есепшоты болуы тиіс. Сондықтан есепшоттарды бөлу мәселесін талап етіп отырмыз. Бұл бойынша қазір құқық қорғау органдарына жүгініп, мәселенің мән-жайын анықтауға күш салып жатырмыз", – деді жарыққа жауапты бірлестіктің төрағасы Галина Галушко.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бұл мәселе құқық қорғау органдарының қарауында. Алайда жауаптылар қарыз толық өтелмейінше төрағаларды ауыстыру да, қазіргі басқару жүйесінен бірден бас тарту да мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан әзірге түйткіл түбегейлі шешілген жоқ.

"Қыста және жазда тұратын адамдар бар. Кейбір азаматтар жазда ғана келіп кетеді де, пайдаланып светтің ақшасын төлемейді. Бау-бақша серіктестерінің төрағалары нүктелік өшірулер жүргізу керек. Әр қолданушы, тұтынушы сол кісілермен бірге жұмыс істеу керек", – деді Қарасай ауданы  ТҮКШ бөлімінің басшысы Бекзат Кәрімов.

Ал ауыл халқы уақытша уәде мен кейінге шегерілген шешімнен шаршағанын жеткізді. Тұрғындар қаржының жұмсалу жолын ашық көрсетуді, әр саяжайға жеке есепшот ашуды және электр желісін делдалдарсыз тікелей басқару тетігін қарастыруды талап етеді. Әзірге әкімдік жарық жеткізуші мекемеден электр қуатын өшірмеуді сұрап, уақыт ұтып отырғанын айтады.

Бірақ бұл – мәселенің түпкілікті шешімі емес. Сондықтан қараңғылық құрсауында қалған жұрт енді уақытша емес, жылдар бойы қордаланған түйткілге нақты нүкте қойылуын күтеді.