Олардың сөзіне сүйенсек, жергілікті билік аумағы 110 мың гектарды құрайтын зираттың қақпасына қара құлып салмақшы екен. Осылайша, «қаза болған туыстарымыздың қасына жерлене алмай қалатын болдық» деп жанайқайын жеткізген жұртшылық әкімдік өкілдерінің есігін қақты. Алайда биліктегілер бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, ел аузында «Зеленый ковер» атанып кеткен зираттың жабылатыны туралы екі-үш жылдан бері айтылып жүрген болатын. Себебі қорым мүрдеге толып, адам жерлейтін орын тапшы болып бара жатқанын жергілікті билік мәлімдеген. Оған қоса, зират аумағына түрлі кәсіпкерлік нысандар салынып кеткеннен кейін санитарлық мәселе де өзекті бола түскен. Осыған байланысты зират бүгін болмаса да, ертең жабылатындығы айтылған. Міне, осы мәселеге Тараз қаласы әкімдігі биыл мықтап кірісе бастағандай. Алайда бұған бұқара қарсы болуда.
– Бұл мазарда ата-бабаларымыз, жақындарымыз жатыр. Арманымыз солардың жанына жерлену болатын. Егер әкімдік қорымды жауып тастайтын болса, осы арманымыз үзілейін деп тұр. Одан бөлек, қазір мазарға қарап отырған кәсіпкер бар. Ертең әкімдік мазарға адам жерлеуге тыйым салса, ол кәсіпкер бәрін тастап кетеді. Содан кейін молалар тоналып, вандализм дендейтіні анық. Осыған жүрегім ауырады. Аруақты қорламайық, – дейді қала тұрғыны Палым Байжанов.
Негізі, аумағы 110 мың гектарды құрайтын зират бұл күнде 4 гектарға ұлғайып, рұқсат етілген шекарасынан шығып кеткен екен. Билік осы уәжді алға тартса, тұрғындар аумағын тағы кеңейтуге жер жеткілікті деп отыр.
Ал жалпы, бүгінгі күнге зиратта 300 мыңнан аса түрлі дін өкілдері жерленген. Коронавирус пандемиясы кезінде молалар саны еселеп артқан екен. Күнделікті 3-4 мола қазылыпты. Ал бұқара көтеріп отырған басты мәселе – қала тұрғындарының дені көзі тірісінде өздеріне бұл зираттан орын алып қойған.
Қала әкімдігінің мамандары қорымды жабу туралы шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеп отыр. Олар қазір зират аумағын қоршап, қай жылға дейін жерлеу рәсімін өткізуге болатындығын анықтап жатыр екен.
– Жаңа бас жоспарға сай, қазір қаладағы зираттың барлығын зерделеуден өткізіп жатырмыз. Бұл қорымдарды бірден жаба салу деген сөз емес. Қазір жерлеу рәсімі мұсылмандарға 12 мың теңге болса, христиандарға – 11 мың теңге. Бұл бағыттағы жұмыстарды зиратты жалға алған кәсіпкер жүргізуде. Біздің тарапымыздан аталған қорымға әлі қанша жыл жерлеу рәсімдерін өткізуге болатынын нақтылап беру, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.
Негізі, бүгінгі күнге Тараз қаласы әкімдігі теңгеріміндегі 7 зират та қоршалған екен. Олардың қаншасы ашық, ал қаншасы жабық қорым болатындығы зерделенуде. «Жабық» деген қорымға мүлде жерлеу жүргізілмейтін болса, «ашық» қорымға жерлеу рәсімдеріне рұқсат беріледі. Тағы бір назар аударатын жайт, ашық мазардың санитарлық аумағы тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандардан 300 метр болуы керек. Ал жабық мазардың санитарлық нормасы – 100 метр.
Әкімдік мамандарының айтуынша, қазір қалалықтар жабық қорымға да жақындарын жерлеуді тоқтатпай жатыр екен. Сондықтан бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, қазір зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Егер қорым аумағы толған болса, онда арнайы қаулы шығарылып, қақпасына қара құлып салынады. Жоғарыда аталған «Зеленый ковер» мазарына қатысты нүктені де арнайы құрылған комиссия қоймақ.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы