Жиында «Заң және Тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетін, қалыптастыру керектігін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Заң және Тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты. Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жүріп жатқанын білесіздер. Бұл маңызды бастама халықтың кең қолдауына ие болды. «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз. Себебі қоғамдық әдеп пен заңға деген құрмет айналадағы тазалықтан басталады.
Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және Ттәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда бұл бірреттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.