in

Қоғамды алаңдатқан қатер

Өкініштісі сол, жасөспірім балалар мен жастардың нашақорлықтың «әліппесін» дәріханалар арқылы өтіп жатқаны көпшіліктің санасына кіріп те шықпай тұр. Кәдімгі дәріханаларда самсап тұратын препараттардың құрамындағы есірткі заттарының болуы бүгінгі қоғамға аса зор кері ықпалын тигізе бастаған. Дәріхана арқылы қолға оңай түсетіндіктен, жастар мұндай дәрілерді еш қиындықсыз-ақ сатып алады. Сала мамандары мен құқық қорғау органдарының мәліметінше,  мұндай қауіпті дәрі-дәрмек қазір тек дәріханалар мен емдеу мекемелерінде  емес, мектептер мен кәдімгі үйлердің подъездерінен-ақ сатып алу мүмкіндігі бар. 

Дәріхана арқылы таралатын мұндай нашақорлық пен есірткі саудасы Ақмола өңірін де қатты алаңдатып отыр. Бұған аймақтағы нашақорлық дертіне тап болған адамдардың, сондай-ақ дәріханалардан «сауда» жасағандардың еселеп артуы айқын дәлел болмақ. Тек жыл басынан бері  облыс аумағында дәріханалардан заңсыз түрде рецептуралы психотропты препараттарды сатып алынған 53 адам тәртіп сақшыларының құрығына ілінгені мәлім болды. 

Бұл аса ауыр есірткі түрлерімен қатар дәріхана арқылы таралатын наша­қор­лықтың да іс жүзінде аса үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын айғақтап береді. Ерекшелігі сол, ауыр есірткі түрлері қолға оңай жолмен түспейтіні  әрі бағасының қымбаттығымен қолжетімсіз болса, дә­ріхана арқылы таралатын есірткінің жас­өспірім балалар мен жастардың да оңай жолмен ала алатыны аса зор қауіп тудырады. Өйткені дәріханалық препа­раттарға тәуелділікке ұшыраудың арты көп жағдайда аса ауыр есірткі түрлерін тұтына бастайтын алғашқы қадамға ай­налатыны мәлім. Бұл өз кезегінде одан әрі нашақорлыққа тәуелділікке жеткізетіні белгілі болып отыр. 

Өңір прокуратурасы мен құқық қорғау органдарының мамандары дәріханалар арқылы ашық саудаға түсіп, есірткіге еліткендердің «оңай олжасына» айналатын, есірткілі препараттар жастардың болашағына аса зор қауіп төндіріп жатқанын ашық айтып отыр. 

– Өкінішке қарай, бәрі кәдімгі қарапа­йым дәріханалар арқылы емін-еркін түрде сатылып жатқан дәрі-дәрмектер арқылы кеңінен таралып жатқанын атап өтпеске болмайды. Мәселен, дәріханаларда самсап тұрған трамадол таблеткаларының құрамында кодеин шәрбатының аса мол болатыны анықталып отыр. Мұндай дәрі-дәрмектер дәріханалар арқылы тіпті бала­ларға дейін қолжетімді. Есірткіге еліткендер мұндай дәрі-дәрмектерді заңды өрескел түрде бұза отырып, дәріханалардан-ақ са­тып ала алады. Сонымен қатар «Бармақ бас­ты, көз қысты» жолымен де қажет адам­ды тұ­тынушы еш қиындықсыз тауып, құрамын­да есірткісі бар дәрілерді қолға түсіре ала­ды, – дейді Ақмола облысының  прокуро­ры Руфат Құттықов. 

Мамандар мен құқық қорғау саласы өкілдерінің айтуынша, құрамында есірт­кі түрлері бар дәрі-дәрмектердің осылай­ша таралуы, әсіресе жастар арасында оның қолжетімді әрі қауіпсіз жолмен алуға болады деген жалған сезім тудыра­ды. Заң алдындағы жауапкершілік пен өзінің алдағы өмірі мен болашағына аса зор қатер төндіретінін ескермеген­дік­тен, есірткіге еліткендердің көбеюіне себеп болған. 

Сала мамандарының пікірінше, дәрі­ханалар арқылы таралатын құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмектерді тұтынудың алғашқы кезеңінде адамның бар тәні бо­саңсығандай сезініп, рақаттана бастайды. Одан әрі тұтыну мөлшері де көбейе береді. Әрі қарай ағзаның өзі мұндай дәрі-дәрмектерге әбден еті үйреніп, әдеттегідей қалыпты жағдайға айналады. Тіпті, құра­мында есірткісі бар дәрілерді тұтыну еш­қан­дай да әсер етпегендей күй кешеді. Сондықтан да дәл осындай сәттерде есірткіге тәуелділікке ұшыраған адамдардың көпшілігі дәрі-дәрмектерді қойып, айтарлықтай күші жоғары тіпті заңмен тыйым салынған есірткі заттарын да іздей бастайтыны мәлім болды. 

Осылайша, бүгінде емін-еркін таралып жатқан «қауіпті» дәрілердің  түптің-түбінде шынымен де нашақорлықтың аса ауыр түрлеріне тәуелділікке әкелетін «қақпаға» айналған. Яғни, бір қарағанда зәредей де зияны жоқ болып көрінгенімен, есірткі құрамды дәрі таблеткалары адам тағдырының тас-талқанын шығаратын тозақ билетіне айналып шыға келеді. 

Көп жағдайда мұндай мәселелер дәріханаларда  рецептімен ғана берілетін дәрі-дәрмектердің тамыр-таныстық арқылы, тіпті кейде ештеңе сұрамастан-ақ босатылып, бақылаусыз түрде сатылатыны аса үлкен қиындық тудырады. Бұл өз кезегінде заңның өрескел түрде бұзылғанымен қоймай, қоғамның қауіпсіздігіне аса зор қатер төндіре бастайды. Әсіресе, дәрі-дәрмектің мұндай түрлері жасөспірімдердің қолына түскен жағдайда оның өмірі мен денсау­лығының талқанын шығаруы мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда аса күшті әсер ететін психотропты және есірткі зат­тарының заңсыз сатылуына айыппұл түрінде, ал фармацевтикалық саланың қызметкерлері үшін лицензия әрекетін мүлде тоқтатуға дейінгі жауапкершіліктің қарастырылғанын атап өткен жөн. 

Мұндай жаза өз кезегінде есірткі заттары мен дәрі-дәрмектерін сатпастан бұрын дәріхана фармацевтері де ойлануға тиіс. Ал егер дәріханадағы құрамында есірткі заттары бар дәрі-дәрмектердің кәмелет жасына толмаған балаларға сатылған жағ­дайда жазаның одан сайын қатаңдаты­латы­нын атап өткен жөн. 

Сондықтан дәріханалық нашақор­лық – ол тек жай ғана медициналық диаг­ноз  емес, оның бүгінгі қоғам үшін ас үлкен әлеуметтік қасіретке әкеліп соғатын қатер екенін де естен шығармау қажет. Есірткінің емін-еркін түрде кәдімгі дәріханалар арқылы таралуына немқұрайдылықпен қараудың арты біртіндеп жүздеген, тіпті мыңдаған тағдырдың балта шабылып, өмірінің тозаққа айналуымен аяқталып жатады. 

Облыс прокуратурасы дәріханалық нашақорлықтың таралуының алдын алу және жою мақсаты  құқық қорғау органдарын ғана алаңдатып қана қоймай, әрбір қоғам мүшесінің оған бейжай қарамау қажеттігіне назар аударып отыр. 

– Егер  қоғамның әрбір мүшесі өзінің жақын адамдары, болмаса тіпті басқа жандар нашақорлыққа тәуелділік тап болған жағ­дайда үнсіз қалмай бірден әрекет етіп, оның емделуіне қоғамға қайта оралуына барынша қолдау қажет. Бұл орайда есірткіге тәуел­ділікке ұшырататын емдік препараттардың рецептісіз сатылу фактілерін байқаған жағдайда дереу хабарлаудың аса маңызды екенін естен шығармаған жөн. Ертерек дабыл қағылған жағдайда адам тағдырын арашалауға мүмкіндік болмақ, – деп түйіндеді Руфат Бауыржанұлы. 

 

P.S.

Расында да, нашақорлық дертінің алдын алуда оның дәріханалық жолмен таралуына тосқауыл қою аса маңызды болып отыр. Бұл орайда заң қағидаларының қатаңдатылуы мен солқылдақ тұстарының түзетілгені жөн. Тек сонда ғана қоғамның, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында емін-еркін сатылып жатқан дәріханалық на­шақорлықтың тамырына балта шабылады деген үміттеміз… 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы