in

Құжаттан шыққан құрылыс дауы

Заң мен қауіпсіздік талаптарын еш ескермеген компаниялар жобаларды өз бетімен өзгерте салудан да тайынбайтын болып шықты. Мәселен, қағаз жүзінде тоғыз қабатты үй салынып жатса, іс жүзінде оп-оңай он қабатқа айналып кете салатын оқиғалар тіркеліп отыр. Техникалық қабаттар аяқ астынан тұрғын пәтерге айналып, салдарынан алғашқы жобалық құжаттар мен тіркеу актілері бір-біріне сәйкес келмей қалған фактілер жетіп артылады. Мұның бәрі кездейсоқтық па, әлде заңды айналып өтудің әбден қалыптасқан «салалық схемасы» ма деген сұрақ қоғамды мазалап тұр.

Түйткілді жағдай жөнінде Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өзі келтірген деректер саладағы «шытырманның» жылдар бойы қордаланып келгенін ашық көрсетеді. Ведомствоның бөлім басшысы Рауан Шаймерденовтің мәліметінше, тек былтырдың өзінде ғана 116 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 106 заңбұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген, сондай-ақ 183 әкімшілік іс қозғалған. Бұл құрылыс компанияларының мұндай «тәсілдерді» көптен бері қолданып келе жатқанын айғақтайды. Яғни, іс жүзінде құрылыс нарығының бір бөлігінде заң талаптарының тек формальды қағазға айналып бара жатқанын дәлелдейтін нақты дерек десек, қателеспейміз. 

– Құрылыс жобасы мен сапасына сәйкес келмегені үшін техникалық қадағалауды жүзеге асыратын 12 мердігер ұйым мен 8 тұлға жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, жоғарыда аталған заңбұзушылықтар­ды жыл ішінде қайта жасағаны үшін екі бірдей мердігер ұйым Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 312-бабының екінші бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілік­ке алынды. Жобалық және рұқсатнама­лық құжаттары болмағаны үшін тағы 59 кә­сіпкерлік субъектісі жауапкершілік арқала­ды, – дейді Рауан Шаймерденов. 

Жалпы, былтыр әкімшілік айыппұл­дардың жалпы көлемі 60 млн теңгеден асып жығылған. Сотқа 66 бірдей әкімшілік істер жөнелтілген. Бұл құрылыс нарығындағы заңсыз табыстың көлеңкелі ауқымының шектен тыс межеге жеткенін айғақтай түседі.

Шаһардағы тұрғындардың ащы жанайқайын тудырып, қоғам тарапынан өткір резонанс болған жайттың бірі – River­side тұрғын үй кешенінің айналасындағы дау. Алғашында тоғыз қабатты болып жоспарланған тұрғын үй құзырлы орган­дардың тіркеуі кезінде аяқ астынан он қабатты болып шыға келген. Техникалық қабат тұрғын пәтерлерге айналып, онда заңсыздықтан еш күдіктенбеген жиырмаға жуық отбасы қоныстанған. Бұл орайда баспанаға зәру болып жүрген қарапайым тұрғындар үшін бұл аса үлкен қуаныш болса, құрылысшылар үшін қосымша табыс көзі болғаны айдан анық. 

Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы сотқа тұрғын үй нысанын пайдалануға беруге қабылдау актісін заңнамаға сәйкес келмейтінін алға тартып, жарамсыз деп тану туралы арыз берген. Сот процесінде жауапкер тарап нысанның актіге қол қойған комиссияның қарауымен қабылданғанын тілге тиек етіп, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін, ал құжаттағы сәйкессіздік бұрынғы заңгердің «қателігімен» болғанын түсіндіруге тырысқан. 

Алайда құрылысты салу кезінде жобалық-сметалық құжаттама бас мердігермен сақталған болып шықты. Тұрғын үйде жалпы 138 пәтер. Ал актіні жарамсыз деп тану барлық меншік иелерінің құқығын аяққа таптап, қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудыруы да әбден мүмкін. Яғни, бұл орайда көпқабатты тұрғын үйдің тіркеуі бір адамның «салғырттығының салдарынан» өзгеріп кете берсе, онда мемлекеттік бақылау жүйесінің өзі қандай деңгейде деген заңды сауал туындайды.  

Сот шешімінде тұрғын үй-жайлардың техникалық қабатта орналасуы құрылыс нормаларына қайшы келетіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Санитарлық нормаларға сәйкес, техникалық қабат тек инженерлік коммуникацияларға арналып, тұрғын үй ретінде қолданылылмауға тиіс. Сонымен қатар сот тоғыз және он қабатты тұрғын үйлерге қауіпсіздік жөнінде әртүрлі талаптар болатынын атап көрсетті. Оның ішінде өртке қарсы шығу есіктері, сатылар мен жеделсатылар саны, құрылым жүк­темелері де әртүрлі болатыны аталды. Бұл нормалардың бұзылуы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндірмек. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің сарап­тамасы да жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетті. Тұрғын үй мемлекет­тік са­рап­тама қорытындысына сәйкес келмеген. Әртүрлі ведомстволарда бекітілген қабылдау актілері бір-біріне сәйкес емес. Тексеріс барысында қабат саны қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына да қайшы келетін болып шықты. Яғни, бір тұрғын үйдің құжаттары үш түрлі нұсқада жасалған. Деректер мен дәйектерді тұтастай жіпке тізген сот қабылдау актісін жарамсыз деп таныды.

Ведомствоның мәліметінше, қазір ҰҚКД-нің ұсынымдары негізінде облыс орталығының жеті бірдей тұрғын үй кешені бойынша сот процестері жүріп жатыр. Атап айтқанда, «Жаңа Әлем», «Жеңіс», «Айдай» тұрғын үй кешендерінің бәрінде сценарий бірдей. Құжаттағы сәйкессіздік, жобадан ауытқу, қабылдау актілеріндегі айырмашылық жер мен көктей.

Құзырлы басқарма өкілі Рауан Шай­мерденов Riverside бойынша демонтаж немесе тұрғындарды көшіру қарастырыл­майтынын мәлімдеді. Құрылыс компаниясы тек құжаттарды реттеп, техникалық тек­серуден өтуге тиіс. Бірақ мәселенің түп та­мыры құжаттарды түзете салумен ше­шілмейтіні айдан анық. Егер жүйеде жауап­кершілік нақты әрі қатаң болмаса, ертең тағы бір техникалық қабат баспанаға ай­нал­­майтынына ешкім кепіл бола алмайды. 

Көкшетаудағы жағдай бір қаланың проблемасы емес, бүкіл ел үшін ескерту да­былы десек артық айтпағандық болар. Егер заң талаптарын айналып өту тәжіри­бе­сі тоқ­тамаса, ертең жаңа үйлердің қа­бырғасы ғана емес, қоғамның сеніміне де селкеу түсуі әбден мүмкін.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы