in

Ұлт медиасы ақпараттың шынайылығы мен мемлекет мүддесін қорғауға қызмет етуі тиіс

Aikyn.kz журналистер мерекесінде әлемдік ақпарат кеңістігіндегі беделді медиа құрылымдардың қызметіндегі трансформацияға арналған талдау материалын ұсынады.

CNN ұлттық шеңбермен шектелмей, жаһандық деңгейде беделге ие болды. Фото lindeal.com сайтынан алынды

Жаһандану дәуірінде әлемдік медиа құралдары бір-бірімен тығыз байланысқа түсіп, ақпарат алмасу мен қоғамдық пікір қалыптастыруға ерекше әсер етуде. BBC, The New York Times, Al Jazeera, Reuters, Associated Press, CNN, The Guardian, Le Monde, NHK және Deutsche Welle сынды коммуникациялық құрылымдар ұлттық шеңбермен шектелмей, жаһандық деңгейде беделге ие болды. Олар – ақпараттық кеңістікте бәсекелесе және ынтымақтаса жұмыс істейтін ірі ойыншылар. Мысалы, BBC мен The New York Times көбіне халықаралық мәселелерде ұқсас позиция ұстанады, бұл олардың ортақ журналистік стандарттар мен дереккөздерге сүйенуінен көрінеді. Екі медиа да терең сараптамалық мақалалар мен кәсіби зерттеулерді басты орынға қояды. 

Ал Al Jazeera болса, кейбір жағдайларда осы екі медиамен пікір таластырып, Таяу Шығыс оқиғаларын өзгеше ракурстан көрсетеді. Бұл – ақпараттық плюрализмнің және мәдени әртүрліліктің көрінісі.

Reuters пен AP агенттіктері жаһандық жаңалықтардың негізгі жеткізушілері ретінде аталған басылымдармен тығыз байланыста. Олар өз деректерін CNN, DW, NHK, тіпті Le Monde пен The Guardian арқылы таратады. Осылайша, халықаралық оқиғаларға қатысты бастапқы ақпараттар осы агенттіктерден таралып, әр медиа өз аудиториясына сай өңдейді.

CNN мен Al Jazeera – телевизиялық форматтағы жаһандық жаңалық таратушылар. Олар өзара кейде бәсекелес, кейде бір-бірін толықтырып отырады. Айталық, бір оқиғаны CNN Батыс мүддесі тұрғысынан баяндаса, Al Jazeera аймақтық геосаяси тұрғыда ұсынады. Бұндай әртүрлілік – аудиторияның ақпарат таңдауы мен алу еркіндігін қамтамасыз ететін маңызды элемент.

Reuters пен AP материалдарын ірі медиа құрылымдар қолданады. Бұл өзара серіктестік пен сенімділіктің белгісі. Фото lindeal.com сайтынан алынды

The Guardian, Le Monde және DW сияқты еуропалық медиа – адам құқықтары, демократиялық құндылықтар, климат және миграция мәселелеріне ерекше назар аударады. Олар ақпараттық саясатта ынтымақтасып, ортақ еуропалық көзқарасты қорғайды. DW мен BBC кейде медиасауаттылық, фейк-ньюс және сөз бостандығы тақырыбында бірлескен жобалар ұйымдастырады.

NHK сынды азиялық медиа болса жаһандық мәселелерге өзіндік байыппен қарап, технология мен индустрия саласына басымдық береді. Осындай әлемдік медиа құралдар технологиялық алпауыт елдердің дауысына айналып, өзара диалог құруға негіз қалайды.

Бүгінгі ірі медиа холдингтер арасында ақпарат алмасу тетіктері жақсы дамыған: BBC мен DW кейде бір-бірінің тілшілерін пайдаланып, ортақ репортаждар жасайды. Reuters пен AP материалдары барлық аталған медиаларда қолданылады. Бұл өзара серіктестік пен сенімділіктің белгісі. Осылайша, беделді әлемдік медиа құралдары бір-бірімен бәсекелесе отырып, өзара байланысты, ықпалдастықты сақтап отыр. Олардың ақпарат тарату стилі, аудиториямен жұмысы, редакциялық саясаты – ақпараттық кеңістіктегі әралуандықтың көрінісі. Бұл плюрализм, пікір алуандығы мен ақпараттың шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Журналистика болашағы осы медиалар арасындағы жауапты ынтымақтастық пен кәсіби этиканы сақтау арқылы қалыптасып келеді.

Reuters, Bloomberg ЖИ-журналистикасын сынақтан өткізуде. Фото lindeal.com сайтынан алынды

Цифрлық дәуірдегі медианың болашағы мен трансформациясы туралы

Медианың болашағы толықтай цифрлық кеңістікпен байланысты. Газет, радио, телевизия сияқты дәстүрлі бұқаралық коммуникация құралдары («бұқаралық ақпарат құралдары» бүгінде ескірген, қате ұғым – авт.) ескіше формалармен аудиторияны ұстап тұра алмайды. Олардың орнын онлайн медиа, подкастар, видеожурналистика, TikTok журналистикасы, сондай-ақ ақылы авторлық платформалар (мысалы, Substack) басып жатыр. The Guardian басылымының 2023 жылғы есебінде цифрлық жазылым мен жарнамадан түсетін табыс алғаш рет баспа таралымынан асып түскені – осы үрдістің айқын мысалы.

Жасанды интеллект (ЖИ) медианың өндірістік процестерін түбегейлі өзгертуде. Мәтін жазу, видеомонтаж, деректерді сараптау сынды функциялар бүгінде автоматтандырылған. Reuters, Bloomberg және басқа да медиа құрылымдар ЖИ-журналистикасын сынақтан өткізуде.

ЖИ-дің артықшылығы – жаңалықтарды жылдам әрі мол көлемде тарату. Алайда бұл үрдіс эмоциялық-адамгершілік өлшемнің жойылуына, фейк жаңалықтардың таралуына әкелуі мүмкін. Осы арада технологиялық трансформациямен қатар, медиа этикасы мен сенім мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Фейк ақпараттардың таралуы, алгоритмдермен басқарылатын контент ұсыныстары аудиторияның бұқаралық коммуникацияға деген сенімін азайтты.

BBC мен DW – ақпараттық кеңістікте бәсекелесе және ынтымақтаса жұмыс істейтін ірі ойыншылар. Фото lindeal.com сайтынан алынды

Edelman Trust Barometer 2024 есебінде аудиторияның тек 48%-ының ғана бұқаралық медиаға сенім білдіретіні көрсетілген. Бұл шынайылық пен әділеттілікке негізделген журналистикалық миссияның өзгергенін білдіреді.

Ірі корпорацияларға деген сенім төмендеген сайын, тәуелсіз және жергілікті медиа қарқынды дамуда. Бұл үрдіс азаматтық журналистика мен фрилансерлік репортаждардың көбеюіне, сондай-ақ тілдік және мәдени әртүрліліктің сақталуына жол ашады. Жергілікті контент – қоғаммен тығыз байланыс орнатудың маңызды құралына айналды.

Кейбір мемлекеттерде (мысалы, Ресей, Қытай) медиаға бақылау күшейіп келеді. Демократия үлгісі саналатын батыстық елдер де сөз бостандығы туралы даурыққанымен, тура немесе жанама формалар арқылы медиа құрылымдарды еш уақытта бақылауынан шығармаған. Сонымен қатар, цифрлық ортада қолданушылардың дербестігі, деректер қауіпсіздігі күн тәртібінен түспей келеді.

ЕуроОдақтың Digital Services Act заңнамасы фейк ақпаратпен күреске бағытталған, ал АҚШ – медиа бостандығын Конституциялық деңгейде қорғайды. Ал болашақ медианың басты белгілері көпшілікке белгілі. Олар: интерактивтілік – аудитория тек тұтынушы емес, контентпен әрекеттесуші; дербестік – алгоритмдер арқылы әрбір оқырманға бейімделген ұсыныстар; мультиплатформалылық – жаңалықтар бір уақытта мәтін, видео, аудио форматта ұсынылады; мәмілеге қабілеттілік – медианың аудиториямен шынайы байланыс орната білуі.

Төмендегі видео осы байланыстарды әзіл түрінде көрсетеді:

Бұл жерде біздің ұлттық медианың болашағын да цифрлық, интеллектуалды және адами құндылықтардың түйіскен жерінен іздеу қисынды деп ойлаймыз. Коммуникация мүмкіндіктері артқан сайын, медиа мен жеке контент жасап, таратушылардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту де заңдылық.

Сондықтан ұлттық медиа технологиямен қатар, этика мен сенімге, шындық пен ашықтыққа негізделген жаңа парадигмаға көшуге тиіс. Бұл – журналистиканың жаңа дәуірі.

Жалпы мемлекет, қоғам мен оған қызмет ететін журналистер осы үдерістерге баға беріп, бірлесіп, шынайы ақпараттың қадірін ұғынуы – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі деп ойлаймыз. Қазақ елінің журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз, ұлттық мүддеге қызмет етуде шабыттарыңыз шарықтасын!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.