in

Ұлт тәрбиесі – тұтастықтың темірқазығы

Оның ішінде мәдениет пен тәрбие жайы ерекше сөз болды. Қоғамның ащы дертіне айналып отырған келеңсіз көріністер, дөрекілік, бейәдеп мінез-құлық сынға алынды. Сондықтан тәрбиенің тамыры сақталғаны жөн. 

Расында да, кейінгі уақытта әлеуметтік желілер мен қоғамдық орталарда әдепсіздік, тәрбиесіздік, мәдениетсіздік көріністері жиілеп барады. Мұның астарында отба­сын­­дағы тәрбиенің әлсіреуі, руха­ни тіректің босаңсып бара жатқаны да қылаң береді. Осы түйткілді тү­­зету мақсатымен Ақмола облы­сын­­да ерекше серпінмен жұмыс іс­­теп келе жатқан құрылым – Қа­зақ­­стан халқы Ассамблеясы жа­нын­­дағы аналар кеңесі. Бүгінде оның құрамында 1 200-ге жуық ардақты ана, қоғам белсенділері, ұлт жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері бар. Бұл кеңестің мақсаты – отбасы институтын ны­ғайту, ананың қоғамдағы орнын арт­тыру, ұлттық тәрбие мен мәде­ниетті дәріптеуге бағытталып отыр.

Аналар кеңесі – жай ғана ке­ңестік сипаттағы ұйым емес, нақты әлеуметтік жобаларды жүзеге асы­ратын, қоғамның рухани өзегіне әсер етіп отырған белсенді құры­лым. Кеңес жұмысы аясында «Мә­дениетті ана – мәдениетті ұлт», «Әже тәрбиесі – ұлылықтың дәні», «Салауатты ана», «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты», «Кешкі шай», «Айналайын» секілді жоба­лар қамтылған. Онда отбасы құн­дылықтары, ізеттілік пен ина­бат­тылық нәсихатталды.

Мәселен, жыл басынан бері ке­ңес бастамасымен облыс көле­мінде 100-ден астам іс-шара өткі­зіліп, оған 3 500-ден көп адам қа­тыс­ты. Бұл – тек бір облыс емес, рес­публикалық маңызға ие көрсет­кіш екені даусыз. Мұндай шаралар ұлттық рухты, отбасылық тәрбие мен мәдениетті жүйелі түрде наси­хаттауға бағытталған.

Кеңестің тағы бір басым бағы­т­ы – отбасы институтын экономи­калық тұрғыдан да нығайтуға назар аударуы болып отыр. Осы мақсатта көпбалалы және аз қамтылған аналарға кәсіп бастауға мүмкіндік беретін арнайы павильондар ашылды. Онда нәзік жандыларға өз өнімдерін – тағам, қолөнер, тұрмыстық бұйымдарын сату ар­қылы экономикалық дербестікке қол жеткізуге мүмкіндік беріліпті.

Сондай-ақ жастармен және білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін қыздар клубтары, әжелер мектебі, ата-ана­лармен ұлттық тәрбиеге арнал­ған тұрақты кездесулер де осы ке­ңестің бастамасы. Әсіресе, ұл-қыз тәрбие­сіне қатысты жүйелі ұйым­дасты­рылып жүрген кездесулер  бүгінгі ұрпақтың бойына рухани жаназық сіңірудің тиімді құра­лына айналған.

Айрықша атап өтерлігі, жуырда Көкшетау қаласы мен облыстық әкімдік бірлесіп, «Ақ кимешек» шеруін өткізді. Бұл шара қазақ әйелінің дәстүрлі киімін ұлықтап қана қоймай, ұлттық болмыс пен этникалық ерекшелікті сақтауға бағытталған ауқымды мәдени оқи­ға болды. Іс-шара Қазақстан ре­корд­тар кітабына еніп, көпшілік көңі­лінен шықты.

Аналар кеңесі өз жұмысын жү­йелі жүргізу үшін жергілікті және республикалық ұйымдармен ау­қым­ды ынтымақтастық желісін ор­натып отыр. Кеңес төрайы­мы­ның айтуынша, бұл әйелдердің түрлі мәселені бірлесіп шешуіне мүмкіндік берген. 

– Жақында кеңес пен «AMANAT» партиясының Әйел­дер қанаты, Әйелдер күші альянсы ара­сында үшжақты меморандум жа­сал­ған еді. Бұл құжат аналар мен әйел­дердің құқықтық, әлеуметтік және рухани мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған нақты қадам болды. Сонымен қатар кеңес «Бел­сенді ұзақ өмір сүру» орталығымен, «Зерделі ұрпақ», «Сенімен бола­шақ», «Ана үйі» секілді қоғамдық бірлестік­тер­мен, облыстық іскер әйелдер қа­уым­дастығымен, мем­лекеттік меке­ме­лер­мен тығыз қа­рым-қатынас ор­на­тып отыр. Бұл ынты­мақтас­тықтың нәтижесінде  қоғамның осал топтарына көмек көрсету, ұлт­тық тәрбие мен отба­сылық құн­дылықтарды насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар ат­қарылуда, – дейді Ақмола облы­сы аналар ке­ңесінің төрайымы Айнұр Жахина. 

Кеңес ұйымдастырған «Ақ ті­лек: 30 жұпқа бақыт сыйлау», «От­ба­сы – мейірім мекені» форум­дары аясында жастарға бата бе­ріліп, өнегелі аналар «Ел анасы», «Батыл ана», «Мейірімді ана» се­кілді ата­лымдармен марапатталды. Бұл – ұрпақ санасына ананың қа­дірі мен тәрбиелік рөлін сіңірудің заманауи әрі әсерлі әдісі екені сөзсіз.

Ұлтты ұлт ететін оның мәде­ниеті, әдебі мен тәрбиесі екені рас. Бұл қасиеттер жойылса, ұлттың болашағы да бұлдыр тартары хақ. Сондықтан қоғам үшін отбасын­дағы тәрбие, әсіресе, ананың ру­хани миссиясы бәрінен биік тұруға тиіс. Бұл орайда Ақмола облысын­дағы аналар кеңесінің бастамала­ры – өнегелі істердің айқын үлгісі болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы