Президенттің пікірінше, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келген. Шынымен де, қоғамда жәрдемақы мен үй алу үшін қағаз жүзінде «өтірік» ажырасатындар көбейген. Ал олардың нақты санына жету мүмкін емес. Осыған орай, «АЛАҢ» айдарында арнайы сарапшылардың пікірін білдік.
– Былтыр еліміз бойынша 123,6 мың неке тіркелген және 40,5 мың отбасы ажырасқан екен. Жалпы, ешкім ажырасамын деп үйленбейді ғой. Шаңырақтың шайқалуына не себеп болуы мүмкін?
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
– Расымен де, бұл – өте күрделі тақырып. Жоғарыдағы статистика ажырасу мәселесінің қоғамда ушығып тұрғанын көрсетіп тұр. Былтыр отбасы құндылығына байланысты депутаттық сауал көтергенде 150 мыңдай неке тіркелген жылдары 50 мың отбасының ажырасқанын анықтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары бес елдің бірі – Қазақстан. Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды. Тіпті, кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды. Ажырасқан отбасылардың көп бөлігі – 73,1 пайызы қала тұрғындары.
Бұл қоғамда отбасы құндылығы институтын дамыту керегін көрсетеді. Ажырасудың себебі жоқшылықтан, әлеуметтік жағдайдан немесе отбасылық зорлық-зомбылықтан ғана емес. Ажырасу процесі қоғам түсінігіндегі құндылықтарға байланысты. Өкінішке қарай, біздің қоғамда отбасын сақтап қалу үшін күрес басты ұстаным болмай қалды.
Оған қоғамда түрлі жолмен насихатталып жатқан ұлттық болмысымызға жат ұстанымдар әсер етуде. Яғни, отбасының машақатын тартқанша ешкімге тәуелсіз, еркін өмір жақсырақ деп ойлайтын жастардың буыны пайда болды. Мұндай үрдіс әлемнің көп елдерінде етек алған. Мысалы, жастардың осындай ұстанымынан Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінде демографиялық жағдай төмендеп кеткен.
Отан отбасынан басталады десек, жастардың үйленуден аяқ тартуы, шаңырақтардың оп-оңай шайқалуы ұлттық қауіпсіздігімізге қатер екені анық.
Жаһанданудың салдарынан құндылықтар орны ауысып жатқанының бір көрінісі – осы. Отбасы құндылығын сақтаймыз десек, ұлттық идеологиямызда осы мәселеге баса мән бергеніміз жөн.
Әу баста ата-ана екі баласының бақытты шаңырағы үшін шығынданып, дүбірлі той жасайды. Жастар да ажырасамыз деп ойламайды. Бірақ санадағы түсініктің қалыптаспағаны, ұлттық тәрбиенің таяздығы жаппай ажырасуға әкеліп отыр. Сондықтан отбасын құрудың маңызын жастардың бойына терең сіңіріп, жастайынан жауапкершілік жүгін арту керек деген ойдамын.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
халықаралық құқық магистрі:
– «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасына сүйенсек, некенің шайқалуына ең жиі аталған драйверлердің бірі – қаржылық қысым. Табыстың тұрақсыздығы, қарыз, инфляция үй ішіндегі стресті күшейтеді. Баяндама респонденттері ажырасу себептерінің алдыңғы қатарына дәл осыны қояды. Екінші, балаларды тәрбиелеу жөніндегі келіспеушіліктер. Тәрбиелеу стилі, оқу-денсаулық шығындары, уақыт бөлу – конфликт триггерлері. Үшінші, зиянды әдеттер мен тәуелділіктер (алкоголь, құмар ойын, т.б.) және олардың отбасының қаржылық жағдайына тікелей соққысы. Төртінші, ата-аналардың (кеңейтілген отбасының) шамадан тыс араласуы. Шекараның бұзылуы ерлі-зайыптылар автономиясын әлсіретеді. Бесінші, үй еңбегі мен күтімнің тең бөлінбеуі – әйелдердің «екінші ауысым» жүктемесін арттырып, жанжалға жол ашады, бұл тренд рөлдердің дәстүрлі бөлінісі басым екенін көрсететін гипотезамен ұштасады. Алтыншы, экономикалық тәуелділік пен институционалдық қолжетімділік (балабақша, денсаулық сақтау) мәселелері ата-ана болуды қиындатып, отбасылық тұрақтылыққа әсер етеді. Жетінші, зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым – медиа мен қоғамның ашықтығы артқан сайын көрініп, кетуге (safety first) итермелейді. Зерттеулер жаңа медиа тұрмыстық зорлық ықтималдығын азайтуға да, проблемаларды жария етуге де әсер ететінін атап өтеді.
Меніңше, бұл сандар мен себептер бір ғана фактіні көрсетеді: қазақстандық отбасы институты – тек жеке адамдардың таңдауы емес, әлеуметтік саясаттың айнасы. Егер мемлекет бала күтімі қызметтерін (балабақша, мектепке дейінгі білім, демалыс жүйесі) қолжетімді етпесе, егер гендерлік теңдік тұрмыс деңгейінде қамтамасыз етілмесе, отбасының тұрақтылығын тек «құндылықтармен» сақтау мүмкін емес. Біздің қоғамда жиі айтылатын «әйел шыдауы керек» немесе «еркек асыраушы» деген стереотиптер отбасындағы теңсіздікті заңдастырып тұр. Бұл теңсіздік экономикалық та, эмоционалдық да жүктемені арттырады. Сондықтан да бүгінгі күннің басты сабағы – отбасылық саясатты гендерлік теңдік принциптеріне сай қайта құру.
Балабек САҚТАҒАНОВ,
психолог:
– Әр жұп үйленген кезде «бақытты боламыз» деген мақсатпен отбасын құрады. Бірақ қоғамда ажырасу мәселесі күн тәртібінде тұр. Ажырасуға не себеп? Бірінші, күйеуі мен әйелінің арасындағы қарым-қатынастың әлсіздігі. Көп жағдайда олар бір-бірінің тұлғалық ерекшеліктерін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын елемейді. Кей кезде айтайын деген ойларын бір-біріне толық жеткізе алмайды. Араларындағы диалогта: «Мені түсінбедің» деген пікір жиі кездеседі. Сондықтан ерлі-зайыптылар отбасылық мәселеде бір-бірін тыңдап, ашық сөйлесе білуі маңызды. Отбасын сақтап қалуға ұмтылуы керек. Ажырасудың екінші себебі, қаржылық мәселелер. Кейбір отбасылар несие алып, той жасап соңында соны төлей алмай соңы жанжалмен аяқталады. Үшіншісі, мінез-құлықтың екі түрлі болуы. Жастар көзсіз ғашық болған кезде бір-бірінің тек жақсы жақтарын көреді. Ал жаман жағы тұрмыс құрғаннан кейін өзгерер деп өздерін алдайды. Бірақ уақыт өте келе екі адамның да бетпердесі шешіліп, «мен сені мұндай деп ойламаппын» деген диалогтарға ұласады. Төртінші себеп, қазіргі қоғамда ерлі-зайыптылар отбасыдағы өз рөлдерін білмейді. Ер адам отбасының қамқоршысы, асыраушысы, қорғаушысы болса, әйелі – отбасының ұйтқысы. Бірақ екеуі де өз рөлін білмегендіктен, «тек менікі заң» деп көшбасшылыққа таласады. Міндеттерін бөлісе алмайды. Ал қайта-қайта жанжалдасудың соңы ажырасуға алып келеді. Бесінші себеп, екі жастың ортасына туыстарының араласуы. Әсіресе, жігіттің әке-шешесі, ағайыны мен достары «әйелің сондай» деп үнемі ескерту жасауы, еркектің жүйкесіне әсер етіп, агрессияға ұласады. Қатты қызғаныш та ажырасудың бір себебіне жатады. Отбасының беріктігін сақтау үшін ерлі-зайыптының жеке отырып әңгімелесуі, оңаша уақыт өткізуі маңызды. Ажырасудың алдын алу үшін отбасы құратын жастарға «отбасы құндылықтары» жайлы арнайы ақпарат беру керек. Олар отбасылық кризис кезеңдерін, бала дүниеге келгеннен кейінгі міндеттерін толық түсініп барып, үй болуға тиіс. Алдарынан кездесетін қиыншылықтарды бірге отырып шешсе, кейін ол дағдыға айналып, ажырасу азаяр еді. Ал отбасын сақтау мүмкін болмаса, психологтың қызметіне жүгінуі керек.
– Қоғамда әлеуметтік жәрдемақы мен үй алу үшін қағаз жүзінде ажырасып, бірақ шын мәнінде бірге тұрып жатқан отбасылар бар. Олардың статистикасына жету де мүмкін емес. Бірақ осындай қитұрқы әрекеттер бүкіл елдің статистикасына кері әсер ететін фактор емес пе?
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ:
– Елімізде толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамға, басқа да әлеуметтік осал топтарға арнайы әлеуметтік төлемдер кең көлемде қарастырылған. Бірақ мемлекеттік көмекті басқа мақсатта пайдаланып жүргендер бар. Атап айтсақ, жалған ажырасу, яғни құжат жүзінде жалғызбасты анаға айналу арқылы әлеуметтік көмекке ие болу етек алуда. Әсіресе, көзі ашық, заңнан хабары бар, түрлі қызметте жүрген адамдар осындай қадамға барып жүргені өкінішті. Бүгінде қоғамда немесе құқық қорғау органдарында жалған ажырасқандарды анықтайтын тетік жоқ. Естеріңізде болса, былтыр осы тақырыпта депутаттық сауалымда жалған ажырасушыларды анықтау тәсілін қарастыру қажет деген пікірді Үкіметке жолдадым.
Өңір аралап жүрген уақытта жергілікті жердің әкімдері жалған ажырасу фактісі көбейгенін қаперімізге тағы салды. Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтқан.
Мұндай әрекет азаматтардың бойында масылдық психологияның қалыптасуына алып келуде. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан ұстанымын толық қолдаймын.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ:
– Иә, ынталандыру дұрыс қойылмаса, мұндай «стратегиялық ажырасулар» белгілі бір көрсеткіштерге қиғаштық енгізеді. Бірақ ол жалпыұлттық трендті толық түсіндіретін фактор емес, көбіне бұл жергілікті әрі арнайы қателік (measurement bias) болуы ықтимал. Дәл өлшеу қиын, өйткені бұл көлеңкелі мінез-құлық. Әлеуметтік көмек пен тұрғын үй саясатының шарттары кей санаттарға (аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасы, ерекше қажеттілігі бар баласы бар отбасы) басымдық берсе, нәтижесінде заңды некесі бар отбасылар өзін «толық емес отбасы» ретінде көрсетуге мотивация алады. Тұрғын үй кезегіне тұруда «отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы» талап етіледі. Бұл талап «бірге тұратын жұбайларға» қолданылады, ал қағаз жүзінде ажырасса, ереже «жұбай» ретінде қарастырмауы мүмкін. Міне, «осал» жер – осында.
Балабек САҚТАҒАНОВ:
– Әрине, біздің қоғамда мұндай мәселенің бар екені жасырын емес. Кейбір отбасылар әлеуметтік көмек алу үшін осындай қадамға барады. Ал кейбір отбасылардың жағдайы шынымен де қиын болып, пайданың үстіне пайда тапқысы келеді. Бұл, әрине қоғам үшін қауіпті. Мемлекеттік статистиканың жоғарылауына әкеледі. Отбасына байланысты әлеуметтік ғылыми зерттеулердің бағытына да әсер етеді. Себебі өтірік ажырасқандардың санын анықтау мүмкін емес. Екінші, қоғамдағы отбасын енді құрған жастарға да кері әсерін тигізеді. Олардың арасында «бәрі ажырасып жатыр, бұл – қалыпты жағдай» деген стереотип қалыптасады. Мұндай мәселе балалардың психологиясына да әсер етеді. Себебі бала мектепте толық емес отбасы санатында түскі ас ішуі, арнайы көмек алуы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде үйде ата-анасы бірге тұрып жүр. Сондықтан жасөспірім өз қатарластарына «өтірікші» болып көрінуден қорқуы, күйзеліске түсуі мүмкін. Тіпті, қағаз бойынша ажырасу ер адамның психологиясына да кері әсерін тигізеді. Ол отбасында түсініспеушілік пайда болса, «мені ұстап тұрған ештеңе жоқ» деп өзін жеңіл сезінеді. Кейбір отбасылар өтірік ажырасамыз деп опық жеуі де мүмкін.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттағы олқылықтарға назар аударды. Президенттің айтуынша, толық емес отбасыға жеңілдік беру сияқты жасанды санаттар қоғамда масылдықты күшейтіп, ажырасу көрсеткішін күрт өсірген. Жалқаулық пен масылдыққа жол бермес үшін не істеу керек?
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ:
– Мемлекет басшысы осы мәселені көтеру арқылы қоғамдағы жағдайды үнемі назарда ұстап отыратынын көрсетті. Президентіміз қиын жағдайда халықтың кейбірінің несиесін кешіріп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетті. Сол кезде мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайы бар отбасылар тегін келетін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті, зәулім үйлерде тұрып атаулы әлеуметтік көмекті алудан да бас тартпай отырғандар қаншама?! Өтірікке құрылған неке отбасылық құндылықты да құлдыратып жіберетіні анық. Бұл да үлкен мәселе. Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де «жалған ажырасу» деген тіркес жиі айтыла бастады. Бұл жағдай ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуын алдын алу маңызды екенін тағы да көрсетеді.
Бұл – шынайы мұқтаждар мен жетім-жесірлердің несібесіне ортақтасу. Шын мәнінде, бұл да алаяқтықтың бір түрі. «Ажырассам мемлекет мені өлтірмейді» деген ұғым пайда болды. Бұл шынайы ажырасу статистикасына да кері әсерін тигізіп отыр. Ажырасу мәселесін зерттегенде кейбір елдің тәжірибесін де қарадық. Айталық, елімізде отбасылар ажырасса, бала анасының қарауында қалады. Ал Түркияда отбасы ажырасса, бала әкесінің жанында қалады. Міне, сондықтан да Түркияда ажырасу аз көрінеді. Себебі анасы баласын тастап кете алмайды. Біз отбасын сақтап қалу үшін осындай арнайы тәртіп енгізуіміз керек пе деген ой да келеді. Ал зорлық-зомбылық болса, оны әрине заңмен қарастыру қажет. Масылдыққа жол бермеу үшін әлеуметтік көмектердің тиімділігін қайта қарап, тексерісін күшейту керек. Бұл заңнама деңгейінде немесе министрліктің қаулысы негізінде қайта саралануы тиіс.
Бір кезде маңызды болған әлеуметтік көмек уақыт өте келе маңызын жоюы мүмкін. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Неке және отбасы туралы» заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Міне, осы заңды жетілдіретін кез келді. Некені сақтау мен жалған некені алдын алуда халықаралық тәжірибені саралап, тиімді тұстарын, сонымен қатар мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені реттеудің де тетігін қарастыратын уақыт жетті. Осы ретте жауапсыз тұлғалардан алимент өндіру ісін де жетілдіру аса маңызды.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ:
– Президент Жолдауында көтерілген мәселе – қоғамдағы әлеуметтік саясат пен отбасы институтының арақатынасына қатысты өте нәзік әрі күрделі түйін. Толық емес отбасыға жасанды жеңілдіктер беру немесе «масылдық» санатына жатқызу – мәселенің бетін ғана жапқанымен, түпкі себептерін шешпейді. Ажырасудың өсімі тек әлеуметтік жеңілдіктерден емес, экономикалық тұрақсыздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, гендерлік теңсіздіктен, еңбек нарығында әйелдерге қатысты дискриминациядан да туындайды. Қазақстандағы ажырасу коэффициенті халықаралық орташа көрсеткіштен жоғары. Бұл тек жәрдемақы жүйесіне байланысты емес, жұмыссыздық, тұрғын үй тапшылығы, әлеуметтік инфрақұрылым жетіспеушілігі сияқты факторлардың күрделенген жиынтығы. Шартты әлеуметтік төлемдер (conditional cash transfers) Латын Америкасынан Еуропаға дейін кең таралған. Алайда зерттеулер көрсеткендей, олар ұзақмерзімді тәуелділік туындатуы мүмкін. Сондықтан басты фокус – көмек алушыны еңбек нарығына қайта қосу. Не істеу керек? Ең бірінші, әлеуметтік саясатты дәлме-дәл мақсаттау. Жәрдемақы «категорияға» емес, нақты әлеуметтік осал жағдайға байланысты көрсетілуі қажет. Бұл жалған ажырасу тәжірибесін де азайтады. Екінші, еңбек пен білім арқылы қолдау. Қолда бар ресурсты тек төлемақыға емес, қайта даярлау курстарына, икемді жұмыспен қамтуға, балабақша инфрақұрылымына жұмсау керек. Бұл адамдардың еңбекке қабілетін арттырады. Үшінші, отбасылық саясатты гендерлік тұрғыдан қайта қарау. Әйелдердің кәсіби мансабын қолдайтын тетіктер (workplace-flexibility, жұмыстан тыс қолдау қызметтері) енгізілмей, ажырасуды азайту мүмкін емес. Соңғысы масылдықты емес, серіктестік жауапкершілікті ынталандыру. Қоғамда «еңбекке қабілетті адам әлеуметтік төлемді тек қысқа уақыт аралығында алады» деген қағида бекінуге тиіс. Бұл ретте азаматтарға тұрақты кіріс табуға мүмкіндік беру басты шарт.
Жалқаулық пен масылдықтың алдын алудың ең дұрыс жолы – адамдарды әлеуметтік саясат объектісінен экономикалық агентке айналдыру. Ал ажырасуды азайтудың кілті әйел мен ердің тең құқығын қамтамасыз ету, отбасылық қатынастарды тек моральдық емес, экономикалық тұрғыдан да әділ ету.
Балабек САҚТАҒАНОВ:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өзекті мәселені көтерді. Кейбір жеңілдіктер адамдардың неше түрлі қитұрқылық ойлап табуына әкеліп отыр. Толық емес отбасыларға беретін артықшылықтар қоғамда масылдық психологиясын тудырады. Масылдыққа үйренген отбасы әдейі ажырасуы мүмкін. Жалқаулық пен масылдық болмауы үшін әлеуметтік қолдауды ашық және әділетті ету керек. Сонда шын мұқтаж ғана мемлекеттен көмек алар еді. Қағаз жүзінде ажырасып, бірге тұратын отбасылар қоғамға әділетсіздік жасап отыр. Әлеуметтік көмектен гөрі азаматтарға көбірек жұмыс орнын ашып, жалақыларын көбейтіп, біліктілігін арттыруға жағдай жасаған дұрыс. Азаматтар өз еңбегімен жақсы табыс тауып, отбасын асырай алса, өмірге деген қызығушылығы артып, отбасылық құндылық жоғарылайды. Ал масылдық психологиясы бар адамдардың өмір сүруге қызығушылығы да төмен болады. Олар тек «қай жерде көмек бар?» деп қана ұмтылып, өмірінің басты мақсаты етіп алады. Отбасын құратын жастар бір ай бұрын арнайы курстан өтіп, отбасылы болуға дайындалу керек. Сонда олар отбасылық қиындықтардан жеңіл өтер еді. Қоғамда масыл болмауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі насихаттау қажет. Азаматтар масылдыққа емес, еңбек етуге ұмтылуға тиіс.
Дайындаған
Көктем ҚАРҚЫН