Қор білім беру нысандарын дамыту, аутизм спектрі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және экологиялық жобаларды жүйелі іске асыру арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді ұзақмерзімді тәсілмен шешуге басымдық берді. Жыл қорытындысы отандық қайырымдылықтың бірреттік көмектен тұрақты даму стратегиясына бет бұрғанын көрсетті. 2025 жылы қор қызмет аясын кеңейтіп, экология бағытында жаңа бастамалар арқылы әлеуметтік жауапкершіліктің жаңа деңгейіне көтерілді.
Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бір қадам
Елорда іргесіндегі Қосшы қаласы үшін биылғы жыл жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуымен есте қалды. Ұзақ уақыт бойы жетіспей келген комьюнити орталығы қала тұрғындарын жасына қарамай бір ортаға тоғыстырған маңызды алаңға айналды. Құны 20 млн доллар болатын бұл жоба қысқа уақыт ішінде-ақ Қосшының әлеуметтік өміріндегі тартымды жерге айналып, түрлі үйірмелер мен мәдени-білім беру шараларын біріктірді.
Сонымен қатар Қор Ұлытау облысы Жезқазған қаласында Оқушылар сарайының құрылысын бастады. 2026 жылы ашылатын бұл орталық робот техникасы, IT, өнер және спорт бағыттары бойынша балалардың қабілетін дамытуға бағытталған заманауи кеңістік болмақ.
Қордың бас директоры Айнұр Кәрібозованың айтуынша, бұл бастамалардың түпкі мәні ұзақмерзімді нәтижеде. «Біз тек ғимарат тұрғызып жатқан жоқпыз. Баланың қай қалада, қай өңірде өмір сүретініне қарамастан сапалы білім алып, өз әлеуетін дамытуына мүмкіндік беретін орта қалыптастырып жатырмыз. Қосшы мен Жезқазғандағы жобалар жеке қайырымдылықтың өңірлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамаларды қалай толықтыра алатынын көрсетеді», – деді ол.
Қолжетімді баспана: «Баламекен» жобасы
Биыл Астанада жүзеге асқан маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі «Баламекен» жобасы болды. Болат Өтемұратов Қоры баспанаға зәру қазақстандықтарға қолдау көрсетіп, қала әкімдігіне жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын 500 пәтерді тапсырды. Жаңа қоныс иелерінің қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар және бюджет саласында еңбек етіп жүрген өзге де мамандар бар.
Берілген пәтерлер елорданың заманауи тұрғын үй кешендерінде орналасқан, жайлылық деңгейі жоғары. Үйлер жылдам лифтілермен, бет-әлпетті тану жүйесімен жабдықталған, жерасты автотұрақтары мен балалар ойнайтын кең аулалар қарастырылған. Бұл – жай ғана баспана емес, қауіпсіз әрі сапалы өмір сүруге арналған орта.
Ерте қолдаудан ересек өмірге дейін
Қор қызметіндегі өзекті бағыттардың бірі – «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы. Бүгінде осы жоба аясында жұмыс істейтін «Асыл Мирас» аутизм орталықтары еліміздің 12 қаласында балаларға тегін көмек көрсетіп келеді. 2015 жылдан бері мұнда 17 мыңға жуық бала қолдау алып, бағдарламаға 16 млн доллар бағытталған. Орталықтарда заманауи халықаралық әдістерге сүйенген кешенді көмек көрсетіліп, соңғы он жылда Қордың қолдауымен 300-ден астам маман даярланды.
Қор кадр даярлау ісін жоғары оқу орындарымен де жүйелі түрде жалғастырып келеді. Үшінші жыл қатарынан Narxoz университетімен бірлескен арнайы майнор бағдарламасы арқылы 242 студент аутизм спектріндегі балалармен жұмыс істеуге дайындықтан өтті, олардың бірқатары «Асыл Мирас» орталықтарында еңбек жолын бастады. Бұл – Қор сараптамасының академиялық ортаға сәтті енгенін көрсететін нақты нәтиже.
Бағдарламаның маңызы халықаралық деңгейде де мойындалды. 2025 жылы Қазақстандағы Америка Сауда палатасы Қорды денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін марапаттаса, аутизм туралы ақпараттандыру айына арналған ауқымды науқаны EUROBAK Awards 2025 сыйлығына ие болды.
Сонымен бірге «Асыл Мирас» орталықтары қоғам назарын аудартқан кеңістікке айналып келеді. Биыл әлемдік теннис жұлдыздары Карен Хачанов, Фабиан Марожан және Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина орталық жұмысына қолдау білдірді.
Ал 2026 жылдан бастап Қор аутизм спектрінің бұзылысы бар ересектерге арналған еңбек дағдыларын дамыту жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастама инклюзияны балалық шақпен шектемей, аутизмі бар адамдардың ересек өмірде өз орнын табуына жол ашуды көздейді.
Арал теңізі табанының экожүйесін жақсарту
Биыл Болат Өтемұратов Қоры экология бағытындағы жұмысын нақты іске ұластырып, Арал теңізінің құрғаған табанын қалпына келтіруге арналған ұзақмерзімді жобаны бастады. Ғылыми негізге сүйенген бұл бастама Берклидегі Калифорния университеті, Халықаралық Аралды құтқару Қоры және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Пилоттық кезеңде Берклидегі Калифорния университеті әзірленген E-seed технологиясы сыналуда. Дрондар арқылы биологиялық ыдырайтын капсулаларға салынған тұқым себу кең аумақты қысқа мерзімде қамтып, өсімдіктердің жерсіну мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Бұл жоба экожүйені қалпына келтірумен қатар, Арал маңындағы тұзды дауылдарды азайтып, өңір халқының өмір сапасын жақсартуға ықпал етуді көздейді.
«Аз и Я»-ның 50 жылдығы
Биыл Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегінің 50 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция Алматыда өтті. Narxoz университетінде ұйымдастырылған «Түркі славистикасының тууы» атты VII конференция Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар мәдениет қайраткерлерін тоғыстырды.
Іс-шара барысында Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жарық көрген «Аз и Я» кітабының жаңа басылымы таныстырылды. Сонымен қатар журналистика саласындағы Олжас Сүлейменов атындағы халықаралық сыйлық табысталып, ой еркіндігі мен мәдениетаралық диалогты дамытуға қосылған үлес атап өтілді.
Қордың жаңа стратегиясы
Биыл Қор үшін маңызды кезең басталды. Қамқоршылық кеңестің Қорытынды отырысында 2026–2030 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы таныстырылды. Бұл құжат алдағы бес жылда Қордың қай бағыттарға басымдық беретінін ғана емес, оның Қазақстандағы және халықаралық деңгейдегі рөлін қалай күшейтуді көздейтінін де айқындайды. Негізгі мақсат – әлеуметтік әсері дәлелденген бастамаларды кеңейтіп, оларды халықаралық әріптестік арқылы жаңа деңгейге шығару.
Соңғы он жылда Болат Өтемұратов Қоры денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен инфрақұрылым салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, елдегі қайырымдылықтың жаңа стандартын қалыптастырды. Жаңа стратегия осы тәжірибені жинақтап қана қоймай, бірреттік жобалардан тұрақты даму институттарын қалыптастыруға көшуге бағытталған. Сонымен қатар Қор өз бастамаларын талқылау мен қолдауға халықаралық сарапшыларды кеңінен тартуды көздеп отыр.
Қор үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жай шартты бағдар емес. Қазір Қор жүзеге асырып отырған жобалар 17 жаһандық мақсаттың кемінде 14-імен үндеседі. Олардың қатарында сапалы білім, денсаулық сақтау, тұрақты инфрақұрылым, теңсіздікті азайту және серіктестікті дамыту бар. Мұндай ауқым Қордың халықаралық беделін арттырып қана қоймай, Қазақстанның жаһандық орнықты даму күн тәртібіндегі орнын да айқындай түседі.
Болат Өтемұратов Қоры бүгінде Солтүстік Американың жетекші қайырымдылық ұйымдарын біріктіретін Council on Foundations қауымдастығының және Азиядағы ірі қайырымдылық желілерінің мүшесі атанды. Қазір Еуропадағы ең ірі филантропиялық бірлестіктердің бірі – Philea ұйымына қосылу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл Қордың аутизм және өзге де әлеуметтік бағыттағы жобаларын әлемдік қауымдастыққа кеңінен танытуға жол ашады.
2025 жылы Қор Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Аутизмді қолдау жаһандық коалициясының құрылтайшы мүшесі болды. Бұл коалиция Қатар Қоры және Autism Speaks ұйымының бастамасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің қолдауымен құрылып, аутизмге қатысты халықаралық саясат пен тәжірибені біріктіруді мақсат етеді.
Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарманның айтуынша, қоғамның сұранысы да, жауапкершілігі де өзгеріп келеді. «Біз инклюзияға деген көзқарастың біртіндеп қалыпты құбылысқа айналып келе жатқанын, сапалы білім мен экология мәселесіне қызығушылықтың артқанын көріп отырмыз. Қор бұл өзгерістерге дайын. Біз тиімді жобаларды кеңейтіп, жаңа әрі батыл бастамаларды іске қосу арқылы осы сұранысқа жауап береміз», – деді ол.
Әмина МҰХАНБЕТ
