Мемлекет Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан армиясында арнайы операциялар күштерін құру мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. 2022 жылдың 19 қаңтарында Президент Жарлығымен Қарулы күштердің арнайы операциялар күштері қолбасшылығы құрылған болатын. Сөйтіп, бұрынғы десанттық-шабуылдаушы күштер қазір арнайы тапсырмаларды орындайтын күштерге айналған. Қазір бұл бригада армияның элитасы саналады.
Өткен аптада Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған пресс-турда біз, ең алдымен, осынау әскери бөлім жұмысымен таныссақ, екіншіден, Қарулы күштерде жасалып жатқан реформаларға куә болдық. Әлбетте, арнайы мақсаттағы бригаданың қарулануының, жауынгерлердің даярлығының, мамандардың біліктілігінің жоғары екеніне ешкім дау айта алмайды. Дегенмен Қорғаныс министрлігі журналистерді әскери бөлімге шақырып, бір емес, үш бірдей вице-министрмен кездесу ұйымдастыру арқылы жеке бригаданың жұмысын көрсетуді емес, тұтас саладағы жаңалықтардан хабардар етуді көздесе керек. Пресс-турда қорғаныс министрінің орынбасарлары – вице-адмирал Серік Борамбаев, генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіров және Дархан Ахмедиев журналистердің сауалдарына жауап берді.
Тыл – армия тірегі
Әдетте, Қарулы күштердің әскери даярлығы сөз болғанда жауынгерлермен офицерлердің біліктілігі, заманауи қару-жарақ, оқу-жаттығулардың саны мен сапасы қатарлы көптеген фактор айтылады. Сонымен бірге қуатты армия үшін қуатты тыл керек. Өйткені сарбаздарға қажетті керек-жарақтарды, инфрақұрылымды, азық-түлікті, денсаулық сақтау нысандарын тыл қызметі қамтамасыз етеді. Дәл осы салаға жауапты Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіровтің айтуынша, Қазақстан армиясының тылы мен инфрақұрылымы біршама жақсарған көрінеді. Мәселен, қазір Қарулы күштердегі сарбаздар мен офицерлерге арналған 16 әскери госпитал мен лазарет жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, түрлі әскери бөлімдерде 130-дан астам медициналық бөлімшелер бар. Оларға кейінгі жылдары 640-тан астам түрлі медициналық жабдықтар мен құралдар беріліпті. Осы мекемелерде 3,5 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Қазір әскерилерге берілетін дәрі-дәрмек көлемі де көбейіпті. Әскери қызметшілерді шипажайларға жіберу мәселесі де ескерілген. Бір сөзбен айтқанда, Қарулы күштердің медициналық қызметі біршама жақсарып келе жатқанға ұқсайды.
Одан бөлек, армия қарамағында әскери қалашықтар, казармалар, тұрғын үйлер бар. Олардың саны 8 мыңнан асады. Аталған ғимараттарды жөндеп, жаңғыртып отыру қажет. Генералдың айтуына қарағанда, қазірге дейін мұндай ғимараттардың 20%-дан астамына күрделі жөндеу жүргізіліпті. Қалғандарының да жағдайын нашарлатпау бағытында нақты іс-шаралар жасалып жатса керек. Инженерлік желідерді жаңалау, ауыстыру да біршама жақсарып қалған. Биылға дейін 100 шақырымнан астам инженерлік желі ауыстырылыпты. Әскери бөлімдерді жылытатын 162 қазандықтың 30%-ы газбен жылытылатын болған. Жыл аяғына дейін 52 қазандықты көмір жағудан құтқарып, газбен жұмыс істейтін етіп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әскери қалашықтардағы казарма қазандықтарын газбен жұмыс істеуге көшірудің нәтижесінде 1,9 млрд теңге үнемделген. Ал жаңадан орнатылған 3 200-ден астам электр есептеуіш құралы бір жылда 522 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берген. 2024-25 жылдары армияда 59 модульдік ғимарат іске қосылған.
Арыс пен Жамбыл облысындағы жарылыстардан кейін Президенттің әскери қоймаларға қатысты нақты тапсырма бергенін білеміз. 2021 жылы Үкімет 2025 жылға дейін 2 арсенал, 85 қойма салынатыны туралы ақпарат таратқан. №68665 әскери бөлімде өткен пресс-турда біз осы мәселе жайлы сұрадық. Генерал Қуаныш Әубәкіров оқ-дәрі қоймаларына қойылатын талаптар өзгергені, оларды тұрғын үйлерден алыста ұстауға көңіл бөлініп жатқанын айтты. Жем қаласының төңірегінде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірінші кезеңі 2026 жылы аяқталмақ екен. 20-дан астам қойманың құрылысы әр жерде жүргізіліп жатқан көрінеді. Генерал 2025 жылы сондай 5 қойма іске қосылатынын айтты.
Сарбаз өмірінің де сынағы бар
Пресс-тур кезінде журналистер әскердегі өлім-жітім, қайғылы оқиғалар жайлы да сұрады. Өйткені қоғамды дәл осы мәселе алаңдатады. Кейінгі айлардың өзінде армия қатарында жүрген бірнеше сарбаз қайтыс болып, тағы бірер жауынгердің психоневрологиялық диспансерге жіберілгені жайлы ақпараттар тараған болатын. Оның үстіне, 2024 жылдың күзінен бері медиада айналып жүрген ақпарат тағы бар. Сол кезде Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әскери прокуратурадан алынған деректі айтқаны бар. Онда 2021-2024 жылдар аралығында 86 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны жазылған. Олар әртүрлі күш құрылымдарында қызмет еткендер еді. ҰҚК Шекара әскерлері, ІІМ-ге қарасты Ұлттық ұлан және Қарулы күштер дегендей бөлінеді. Ал биылғы қыркүйекте психоневрологиялық диспансерге жіберілген сарбаз бен егіз жауынгердің біреуінің көз жұмуы медианың назарына ілініп тұр.
Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев әр оқиға жіті тексерілетінін айта келе, егіз жауынгерлерді бір-бірінен бөліп тастаудың себебін де баяндады. Естеріңізге салсақ, қыркүйектің ортасында Дінмұхамед Шынарбек атты сарбаздың қаза тапқаны белгілі болған. Алдын ала болжам бойынша, ол суицид жасауы мүмкін екені айтылды. Тергеу әлі жалғасып жатыр. Дегенмен марқұмның туыстары егіз азаматтар Дінмұхамед пен Даниялды екі әскери бөлімге жіберу дұрыс болмағанын да алға тартқан. Осы мәселеге орай генерал Серік Борамбаев екі сарбаздың екі мезгілде әскерге шақырылғанын, ал қазіргі тәртіп бойынша күз бен көктемде әскер қатарына шақырылғандар бір бөлімде болмайтынын айтты. Өйткені күзде әскер қатарына алынғандар көктемде келетіндерге қарағанда жарты жылдай әскери өмірге үйреніп үлгереді. Дегенмен әскердегі әр келеңсіз оқиға жүйелі зерттеп-зерделеуді қажет ететінін ұмытпаған жөн. Сонымен бірге медианың да бұл мәселеге байсалдылықпен қарағаны дұрыс екеніне тоқталды генерал.
Серік Борамбаев Маңғыстауда психоневрологиялық диспансерге жіберілген жауынгердің толық тексеруден өтетінін атап өтті. Осы тұста қоғамда «психоневрологиялық диспансер» дейтін ұғымды бірден «жындыхана» ретінде бағалайтын көзқарас бар екенін де тілге тиек етті.
Жалпы алғанда, әскердегі келеңсіз оқиғаларды азайту бағытында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев бұл бағытта жасанды интеллектіні қолдану да мүмкін екенін атап өтті. Вице-министр казармаларға орнатылып жатқан жаңа камералардың алгоритмі бөлек екенін атап өтті. Рас, әскери бөлімдерде бақылау камералары аз емес. Біздің білуімізше, Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде 14 мыңнан астам камера бар. Бірақ сонда да келеңсіз оқиғалар тіркеліп жатады. Содан да болар Қорғаныс министрлігі бұл бағытқа айырықша көңіл бөліп, цифрлы технологияларды қолдауды күшейтуге бел буыпты.
«Камералар бұрыннан бар. Бірақ мәселе олардың сапасында. Камералардың арасында аналогтық жүйемен жұмыс істейтіндер де, цифрлық камералар да бар екенін ескеру керек. Сол цифрлық камералардың өзінде бейнелерге анализ жасау мүмкіндігі болмайды. Сондықтан былтырдан бастап жасанды интеллект енгізіп жатырмыз. Бейнелерді зерделеп, анализ жасауды бастадық», – деді Д.Ахмедиев.
Оның айтуынша, әскери қызмет барысын тұтас цифрландыруға көңіл бөлініп жатыр. Айталық, жеке құрам толық па, кім қайда жүр, қоймаға кім кірді, кім шықты, қандай әскери техника бөлімнен кетті немесе келді дегендей көптеген ақпарат орталықтандырылып, бақылауға алынады. Тіпті, жетілген камералар қарауылға шығатындар санын да азайтуы мүмкін. Мұндай жобалар тестілеуден өтіп жатыр екен. Заманауи технология мен жасанды интеллект әскери бөлімдердегі әр оқиғаны тіркеп, қажет кезінде тиісті құрылымдарға хабар беруге сай етіп жасалмақ. Мәселен, біреу тапаншасына немесе қаруына қол салса, жасанды интеллект оны қауіп деп бағалауы мүмкін. Сөйтіп, бөлім командиріне, әскери полицияға және басшылыққа ескерту жолданады. Одан бөлек, камералардың «көзіне түспейтін» орын қалдырмау да өзекті болса керек. Сол арқылы әскердегі келеңсіздікті мейілінше азайту көзделеді.
Әзірге әскери қызмет пен сарбаздардың тұрмысы туралы өзекті мәліметтер топтастырылған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі, автоматтандырылған психологиялық тексеруден өткізуге арналған «ГРВ-камера» бағдарламалық-аппараттық кешені, сондай-ақ тәулік бойы әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына жасырын психологиялық қолдау көрсететін жасанды интеллект негізіндегі телеграм-бот форматында жұмыс істейтін цифрлық кеңесші Ai-Sulu тәрізді жаңа жүйелер жұмысын бастапты. Қысқасы, Қарулы күштерде жаңалық көп екеніне көз жетті.
Амангелді ҚҰРМЕТ