in

Өмір сапасын арттыратын инфрақұрылым

Әсіресе, өңірдің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, халықты сапалы ауызсумен, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету және баспана мәселесі негізгі басымдық саналады.  

Бүгінде облыс бойынша сумен жабдық­тау және су бұру жүйелерін жаңғырту мақ­са­тында нақты жұмыстар атқарылуда. Қала мен ауыл халқын сапалы ауызсумен қамта­ма­­сыз ету үшін құбыр желілері тартылып, ес­­кі жүйелер жаңартылып жатыр. Бұл ба­ғыт­та республикалық және жергілікті бюд­­жет есебінен қаражат бөлініп, нәти­же­сінде 2025 жылға дейін орталықтан­дырыл­ған сумен жабдықтау көрсеткішін 100%-ға жет­кізу көзделіп отыр. 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың есе­бін­ше, биыл өңірде 1 300-ден астам тұр­ғы­ны бар 4 ауыл сапалы ауызсумен қамта­ма­сыз етілді. Жыл соңына дейін 2 мыңға жуық тұрғыны бар 6 елді мекенді орта­лық­тандырылған ауызсумен жабдықтау жұ­мыс­тары аяқталады. Сонымен қатар өңір­де су қорларын ұтымды пайдалану және цифрлық технологияларды енгізу, суды үнем­деу мәдениетін қалыптастыру бойын­ша жұмыстар қолға алынған. Ресми ақ­па­рат көздеріндегі деректерге сәйкес, ай­мақ­та барлығы 206 гидротехникалық құрылыс бар. Соның ішінде, 10-ы – республикалық мен­шікте, 174-і – коммуналдық, 22-сі – же­кеменшікке тиесілі. Коммуналдық мен­шіктегі нысандардың ішінде екі бөгет күр­­делі жөндеуден өтіп, былтырғы тас­қын­нан кейін үш бөгет қалпына келтірілген. Табиғи ресурстар және табиғат пайда­лану­ды реттеу басқармасының мәліметінше, бе­кітіл­ген Жол картасы мен су үнемдеудің үл­гілік жоспары аясында суармалы жер­лерде заманауи су үнемдеу технология-ларын енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Қа­­­зақстан Республикасының жаңа Су ко­дексіне сәйкес, өңірде өнеркәсіп пен тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылықта қай­талама және айналымдық сумен жаб­дықтауды кезең-кезеңімен енгізуді көз­дей­тін су үнемдеу жоспары әзірленді.

Сондай-ақ биыл 9 мыңға жуық тұр­ғы­ны бар 22 елді мекен газбен қамтамасыз етіл­ді, жыл соңына дейін тағы 6 ауылға кө­­­­гілдір отын жеткізіледі деп жос­пар­лан­ған. Қазір облыстың 90%-дан астамы кө­гіл­дір отынмен қамтылған. Жақын жыл­дары шалғай ауылдарға газ жеткізу көз­дел­ген. Облыс әкімі Асхат Шахаров халықты тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге айрықша мән беріп отыр. Оның айтуынша, бүгінде 745 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосыл­ды. 

«Үкіметпен бекітілген 1 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарын то­лық­тай орындаймыз. Қазіргі таңда 745 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Бұдан бөлек, кезекте тұрған 419 отбасын биыл тұрғын үймен қамтамасыз еттік, жыл соңы­на дейін тағы 1 063 отбасын бас­па­на­м­ен қамтамасыз ету жоспарда», – дейді өңір басшысы.

Аймақта қауіпсіз орта қалыптастыру да на­зардан тыс қалып жатқан жоқ. Қазір күні об­лыс аумағында 19 600-ден астам бей­не­бақылау камерасы Жедел басқару орта­лы­ғына қосылған. Оның ішінде, 834 камера жа­санды интеллект жүйесімен жабдық­тал­ған. Жалпы, өңірде «Заң мен тәртіп» қағи­да­сын жүзеге асыру және тұрғындар ара­сында кеңінен насихаттау мақсатында тиіс­ті жұмыстар атқарылуда. 

Тілек ҚАБЫЛ