Британдық экс-министрдің telegraph.co.uk сайтына жариялаған мақаласындағы басты ойды Aikyn.kz ұсынады.
Смартфон мәселесін жан-жақты пысықтап, 1 қыркүйекке дейін нақты шешім қабылдауға уақыт жеткілікті. Фото ft.com сайтынан алынды
Мектептерде смартфонға тыйым салатын уақыт келді. Бұл жерде мәселе – прогресті тоқтатып, кері қайтару емес. Мәселе – елдің болашағын ойлау, балалардың дамуына қолайлы жағдай жасау.
Жазғы демалыс басталып, мектептерде 3 айлық демалыс жарияланғанымен, бұл мәселе күн тәртібінен түспеуі тиіс. Керісінше, дәл қазір – жаңа оқу жылы басталғанға дейін смартфон мәселесін жан-жақты пысықтап, 1 қыркүйекке дейін нақты шешім қабылдауға уақыт жеткілікті. Демалыс күндері де жұмыс істеп, жарлықтар шығаратын Қазақстан Президентінің қызмет ырғағына ілесе алатын Үкімет бұған үлгереді деп сенеміз.
БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдени бөлімшесі (UNESCO) 2023 жылдың өзінде жыл сайынғы Жаһандық білім мониторингі есебінде сыныптарда смартфондарға тыйым салуды ұсынып, олардың оқуға кедергі келтіретінін ескерткен. Бұл баяндамада әлемнің әрбір төртінші елі мектептерде смартфондарға тыйым салынғаны атап өтілген.
Ұзақ жылдар бойы Ұлыбритания Білім министрі болған сэр Ник Гибб жуырда мектептерде смартфон қолдануға толықтай тыйым салу туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, смартфондардың мектеп өміріндегі бақылаусыз қолданылуы балалардың дамуына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Бұл бүкіл дамыған елдерде өзекті проблемаға айналған.
Экс-министр өз мақаласында қазіргі мектептердегі жағдайды сипаттай келе, смартфондардың балалық шақты бұзып, оқуға зиянын тигізіп, жасөспірімдердің психикалық денсаулығына теріс әсер ететінін дәлелдермен көрсеткен. Оның айтуынша, смартфондар оқушылардың назарын бөлшектейді, алаңдаушылықты күшейтеді, шынайы қарым-қатынасқа тосқауыл болады.
Бүгінде смартфондардың бақылаусыз қолданылуы жаңалық болудан қалып, нақты әлеуметтік проблемаға айналды. Бұл проблема жүйелі біздің елге де тән және ұлттық деңгейде батыл шешімдерді қажет етеді.
Смартфонға тыйым салынған мектептерде оқу үлгерімі жоғарылаған, сабақ үстіндегі тыныштық пен оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы жақсарған. Фото forbes.com сайтынан алынды. Авторлығы: DPA / Getty Images
Мақала авторы соңғы апталарда Жаңа Зеландия мен Америка Құрама Штаттарындағы мектептерде болып, екі ел де мектептерде смартфондарды алып тастау бойынша батыл қадамдар жасалғанын айтады.
Жаңа Зеландияда мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынғанына бір жылдан асқан. Мектеп басшылары оқу үлгерімінің жоғарылағанын, сабақ үстіндегі тыныштық пен оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасының жақсарғанын айтқан. Оклендтегі бір мектепте емтихан нәтижесі 20%-ға жақсарған. Бұндай қадамға күмәнмен қараған ұстаздар енді бұл жүйеден бас тартқысы келмейді екен.
Нью-Йорктің әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз ауданындағы бір мектепте де смартфонға тыйым салынған. Мұнда оқушылар арасындағы, сондай-ақ оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас жылылық пен білім алуға деген құлшыныс атмосферасын жақсартқан. Жалпы, Америка Штаттарының басым бөлігінде телефонсыз мектеп саясаты қабылданған.
Осы мектептер бір нәрсені жақсы түсінген. Смартфондар – зиянсыз құрал емес. Олар баланың назарын бөледі, мазасыздықты күшейтеді және достық пен білім алуға маңызды тікелей қарым-қатынастарды жояды. Сондықтан бұл жеке мектептер мен ата-ананың проблемасы емес, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, білімді, дені сау ұрпақ өсірудің басты өлшеміне айналып отыр.
Смартфондарды мектептерде бақылаусыз қолдану балалардың дамуына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Сурет sog.gg сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
Бұрынғы білім жүйесін басқарған адам бұның барлығы – технологиядан бас тарту еместігін айтады. Оның ойынша, оқу процесінде дұрыс қолданылған технология білімді байыта алады.
«Білім министрі болған уақытымда мен мыңнан аса мектепке бардым. Кедей аудандарда смартфонның зияны әлдеқайда күштірек екенін көзіммен көрдім. Бұндай балаларға тәртіп, тұрақтылық пен зейін ауадай қажет», – дейді Ник Гибб әлеуметтік теңсіздік мәселесін де көтеріп.
Көптеген зерттеулер смартфондардың жаппай қолжетімді болуынан жасөспірімдердің психикалық денсаулығының төмендегенін көрсетуде. Әсіресе, қыз балалар арасында үрей, депрессия мен жалғыздық сезімдері күшейген. Өкінішке қарай, бұл – өткінші құбылыс емес. Бүгінгі ұрпақ үшін ең өзекті қоғамдық денсаулық дағдарысы.
Соңғы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, мұғалімдердің 72%-ы мектептегі телефон қолдану – көп проблеманың себебі екенін айтқан. 33%-ы бұл тәртіпсіздікке тікелей әсер ететінін көрсеткен. Ал ата-аналардың 84%-ы смартфондар мектептегі күрделі мәселелердің бастауы деп санайды.
Бүгінде біздің елдің үкіметі нақты әрекеттер жасауға батылы жетпей, әлсіздік көрсетуде. Проблеманы тұтас қоғам болып мойындап отырмыз, бірақ ол жеткіліксіз. Біз технологиялық прогресті кейін қатар алмаймыз. Дегенмен мектеп оқушыларының дені сау, білімді болып өсіп-жетілуі үшін нақты шешімдер қажет.
Британдық экс-министр де мектептерде смартфонға ұлттық деңгейде тыйым салу технологияға қарсылық емес, білімге, балалыққа, психикалық денсаулықты таңдау екенін айтады. Біз де осы пікірге қосыламыз. Экс-министрдің сөзімен айтсақ, «ғылыми дәлел жеткілікті. Қоғам қолдап отыр. Тек саясаткерлер мен министрлер оянып, әрекет етуі тиіс».
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.