in

«30 мың теңге қарызын сұрағаны үшін ұрған»: Атырауда соққыға жығылған ер адам ауыр халде жатыр

Анаргүл Муғзарова жолдасы Руслан Жолмағанбетов өмір мен өлім арасында жатқанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайға душар еткен бұрынғы жұмыстасы, яғни танысы. Қарыз алып, бірнеше ай хабарсыз кеткен соң, күйеуі оның үйінің маңынан ұстап алып, ақшасын қайтаруын сұраған. Алайда танысы оны соққының астына алған.

“Аяусыз соқты, балаларының көзінше. Аса қатыгездікпен соқты. Мен сасқанымнан ана жерде видео түсіру түгілі, балаларымды машинаға отырғыза алмай қалдым. «Әкелеп» шырылдап жылағанда, жаман күйге түстім. Үлкен қызымның талмасы бар, кіші баламның жүрегі ауырады. Солар ауырып қала ма деп, машинаға отырғызып келгенше, жолдасымды аяусыз ұрып-соғып, сол жерге тастап кетіп тұр”, – дейді жәбірленушінің әйелі Анаргүл Муғзарова.

Дәрігерлердің айтуынша, соққыға жығылған азаматқа жедел ота жасалған. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр.

“Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне ауыр жағдайда түсті. Өңеш жарақаты, медиастинит деген диагнозбен ауыр жағдайда түскен болатын. Ота жасалды, қазір аппаратпен демалып жатыр. Жағдайы өте ауыр”, – дейді Атырау облысы ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Дархан Жақсылықов.

Туыстары 30 мың теңгеге бола, бала-шағасының көзінше ұрып-соққан 40 жастағы күдіктіні полиция қамауға да алмады деп ашынады. Кешірім сұрауға да жарамады деп отыр.

Ал полиция қылмыстық іс тіркелгенін айтқанымен, тергеу мүддесіне сәйкес, толық ақпарат бермейміз деп отыр.

“18 маусымда Атырау қаласында 1985 жылы туған ер адамды ұрып-соғу дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. 1985 жылы туған күдікті ұсталып, қазір күдіктіден жауап алынуда. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім шығарылады”, – дейді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Зардап шегушінің әйелі құзырлы органдардан әділдікті талап етіп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.