in

5G сапалы байланысқа жол ашпақ

Айта кетерлігі, Қазақстан ТМД елдері арасында айтарлықтай басымдықпен абсолютті көшбасшы атанды. Одан бөлек, интернет жылдамдығы бойынша Гонконг, Венгрия, Румыния, Испания, Германия, Ұлыбритания, Түркия, Ирландия, Жапония сынды бірқатар елді басып озды.

 Елімізде интернет қарқыны күшті

Еліміздегі интернет қарқыны соңғы жылдары үздіксіз артуда. Тек биылғы қаңтар айымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 6,7%-ға ұлғайды.

Отандық мобильді байланыс жылдамдығы бойынша әлемдік аренадағы көрсеткіштерінің жақсаруына басты себеп – 5G желілерінің дамуы. Елдегі көрсеткіштердің өсуіне дәл осы 5G желісінің іске қосылуы әсер етті, бұл жайтты Ookla (Speedtest Global Index) сарапшылары бірнеше рет атап өтті. Бұған дейін Қазақстанда 5G желісінің жылдамдығы 4G желісінен 10 еседен аса жоғары екені айтылған еді.

Қазақстанда бесінші буын желісін тек Tele2/Altel және Kcell дамытып жатыр. Биыл шілде айында Ookla елдегі ең үздік 5G желісінің иесі ретінде Tele2-ні марапаттады. Жеңіс Speedtest Connectivity Score индексінің негізінде берілді, бұл көрсеткіш тек деректерді беру жылдамдығын ғана емес, сонымен қатар нақты пайда­ланушы тәжірибесін де ескереді: бейне­жазбаны жылдам іске қосу, оны HD сапада және одан жоғары деңгейде кідіріссіз әрі үзіліссіз көру, сондай-ақ веб-парақтардың тез жүктелуі.

Сонымен қатар елімізде интернетке қатысты ауқымды келіссөз жүргізілді. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы (SpaceX-тің еншілес құрылымы) спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды. Құжат компанияның еліміздің ақпараттық қауіпсіздік және байланыс саласындағы заңнамасын толық сақтай отырып жұмыс істеуін көздейді.

Құжат Қазақстан халқы үшін Starlink спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды іске қосуды көздейді, сатылымдар 2025 жылдың үшінші тоқсанында бастала­ды деп жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфра­құрылымды дамытуға тың серпін береді.

«Қазақстан – аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғынды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықты-оптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуге тиіс. Қазір әлемде бұған мүмкіндік беретін техноло­гиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүріліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады», – деді министр Жаслан Мадиев.

Ірі қалалармен бәсекедеміз

Қазақстандағы 5G желісінің дамуы елдің жаһандық нарықтағы позициясын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар еліміздің ірі қалаларының тиісті рейтингтегі орнын жақсартты. Астана мен Алматы ТМД елдерінің қалалары арасында абсолютті көшбасшыларға айналды.

Интернет жылдамдығы Астанада 152,95 Мбит/с шамасын, ал Алматыда 131,96 Мбит/с шамасын құрап, әлемдік рейтингте 43-інші және 63-інші орындардан көрінді. Айтпақшы, біздің «сүйікті» Токио 72,5 Мбит/с көрсеткішімен қалалар арасындағы рейтингте 94-орында тұр. 

Айта кетерлігі, Ookla (Speedtest Global Index) – байланыс сапасын талдау сала­сындағы әлемдегі ең беделді дереккөз­дердің бірі. Әртүрлі дереккөзден алынған мәліметтерді пайдалана отырып, Ookla желілер мен қосылымдардың жай-күйі туралы дәл әрі іс жүзінде қолдануға болатын инсайттар ұсынып, өнімділік көрсеткіштерін телеком нарығы үшін стратегиялық маңызды ақпаратқа айналдырады. Бүгінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған пайдаланушы мобильді желілердің сапасын бағалау үшін Speedtest қызметіне жүгінеді.

Ауылдағы интернеттің халі нешік?

Биыл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3 000-нан астам ауылды интернетке қосу туралы инвести­циялық келісім жасалды деген бола­тұғын. Осылайша, жоба 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қазақстанда 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет арқылы оптика 2 606 ауылға жеткізілді. Ұлттық жоба шеңбе­рінде МЖӘ тетігі арқылы 3 010 ауылға оп­тикалық байланыс желілерін қосу көз­делуде. «Соңғы» тұтынушы болмаған жағдайда шағын және орта байланыс операторларының күрделі шығындарының 50%-ын субсидиялау тетігі пайдаланылады. Нәтижесінде, 2,4 млн адамның интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілмек, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Еліміздегі кейбір аймақтағы ауылдарда мобильді интернет әлі де өз деңгейінен төмен сапада жұмыс істеп тұр. Тарбағатай ауданының тұрғыны, мұғалім Мейіржан Темірбектің айтуынша, мобильді интернеттің ақшасы қымбаттап, өскенімен сапасы жақсармады дейді.

– Ауылдың іргесінде небәрі 400 метр қашықтықта интернет құрылғысы тұр­ғанымен, сапасы өте төмен. Телефон экра­нында 4G белгісі көрінгенімен, интернет мүлде жұмыс істемейді. Үйге немесе кез келген ғимаратқа кірсең, байланыс бірден нашарлап, кейде мүлдем үзіліп қалады. Мұндағы жағдай тек интернетке ғана емес, жалпы ұялы байланысқа да қатысты. Ал мектептерге бөлінетін шектеулі интернет трафигі лезде таусылады. Өйткені мұнда адам саны көп, әрі интернетті пайдалану аясы кең болғандықтан, желі жиі істен шы­ға­ды, – дейді мұғалім.

Министрліктің сөзінше, мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда қолжетімді. Салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Қалған 1 424 ауыл бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Әсет ҚАЛИ