«7 бочек» тұрғын кешенінің 6 мен 16 қабат аралығындағы сыртқы қаптамасы мен 14-қабаттағы балкон жанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқиға орнына дереу Астана қаласының әкімдігі, ТЖД және ПД бірлесіп жедел штаб құрды. ТЖД мен ПД қызметкерлерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрт жылдам сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Астана қаласының әкімдігі қажет болған жағдайда тұрғындарды қала қонақүйлеріне уақытша орналастыруды ұйымдастырады. Сонымен қатар жан-жақты көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ зақымданған қасбет пен басқа да шығындарды қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде басталады.
Осыған ұқсас оқиғалар болған жағдайларда жергілікті атқарушы органдар өрт салдарын жою бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды. Бұған дейін апатты жатақханада (Бұланты көшесі, 14) болған өрт кезінде тұрғындар жаңа пәтерлерге қоныстандырылған болатын, – делінген әкімдіктің хабарламасында.