in

Air Arabia әуе компаниясы Қазақстанға рейстерін тоқтатты

13 және 14 маусымдағы рейстер тоқтатылды. Сонымен қатар кейбір басқа рейстер кешіктірілуі немесе бағытын өзгертуі мүмкін.

Бұған дейін Flydubai әуе компаниясы ТМД елдеріне, соның ішінде Қазақстанға рейстерді тоқтатқанын хабарлаған болатын. Оған Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуі себеп болды.

Компания ұшу кестесін реттеп жатқанын мәлімдеді.

“Жолаушыларымызға келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі біздің басты міндетіміз болып қала береді”, – делінген хабарламада.

Ал қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты жолаушыларға үндеу жасады. Тасымалдаушы Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты кейбір рейстердің бағыттары өзгеретіні туралы ескертті.

Сонымен қатар Қазақстанның Авиация әкімшілігі Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың басталуы мен азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнген қауіптің жоғары деңгейіне байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдерінің әуе кеңістігінің үстінде ұшуларға толық тыйым салды.

Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі алаңдаушылық білдіріп, ресми мәлімдеме жасады.

“Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты өз алаңдаушылығын білдіреді және қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құптайды. Қатысушы тараптарды барынша ұстамды болуға шақырамыз”, – делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.