in

Air Astana Шанхай бағытын қосты: тікелей рейс туралы маңызды ақпарат

Air Astana халықаралық бағыттар желісін кеңейту аясында Шанхайға ашылған жаңа тікелей рейстің тұсауын кесті. Бұл қадам екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және туристік байланыстарды нығайтудағы жаңа белес болмақ, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Тарихи мекендегі ресми тұсаукесер

Жаңа рейстің ашылуына арналған салтанатты шара Шанхайдың Peace қонақүйінде өтті. Жиынға екі елдің авиация саласының өкілдері, дипломаттар мен іскер топ мүшелері қатысты.

Баспасөз мәслихатында Air Astana тобының атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел жаңа бағыттың стратегиялық маңызына тоқталды.

"Шанхайға рейстердің іске қосылуы – біздің бағыттар желісін дамытудың маңызды кезеңі және Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Біз іскерлік және туристік жолаушылар тарапынан тұрақты әрі өсіп келе жатқан сұранысты байқап отырмыз, бұған визасыз режим де үлкен септігін тигізуде. Шанхай – әлемдегі негізгі қаржы орталықтарының бірі. Бұл бағыттың ашылуы екі ел арасындағы байланысты нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар біздің бағыттар желісімен әрі қарай сапар шегетін жолаушылар үшін ыңғайлы түйісулерді қамтамасыз етеді", – деді Air Astana тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.

Дипломатиялық қолдау және туризмнің дамуы

Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров өз сөзінде екі ел арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, нақты статистикалық мәліметтерді бөлісті:

"Қазақстан мен Қытай арасындағы жолаушылар ағыны жақсы өсім көрсетуде. Тек 2025 жылдың өзінде Қазақстан Қытайдан 900 мыңнан астам туристі қабылдады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Бұл өсім бірлескен экономикалық жобалар мен іскерлік ынтымақтастықтың кеңеюімен тығыз байланысты. Біз EXPO-2017 кезіндегі 72 сағаттық транзиттік визасыз режимнен 14 күндік, ал қазір 30 күндік өзара визасыз режимге дейін жеттік", – деді Бас консул.

Сондай-ақ ол 2024 жылғы "Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы", 2025 жылғы "Қазақстандағы Қытай туризмі жылы" және 2026 жылғы "Мәдениеттердің алмасу жылы" аясындағы жұмыстар Қазақстанның тартымдылығын арттырғанын тілге тиек етті.

"Алматы – Шанхай" рейсі туралы

Жиілігі: Рейстер аптасына 3 рет – сейсенбі, бейсенбі, жексенбіде орындалады

Әуе кемесі: Жолаушыларға заманауи әрі жайлы Airbus A321LR ұшақтары қызмет көрсетеді.

Маңызы: 2002 жылы Air Astana Алматы мен Бейжің арасында алғашқы рейсін (аптасына 2 рет) ашса, бүгінде Шанхаймен тікелей байланыс орнату екі елдің басты қаржы мегаполистерін жақындата түсті.

Қазақстан мен Орталық Азия өңірі — қазіргі уақытта халықаралық әуе қатынасы, бизнес белсенділігі және туристік тартымдылық тұрғысынан ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Осы орайда Алматы мен Шанхай арасындағы жаңа "әуе көпірі" серіктестіктің гүлденуіне жаңа серпін бермек.