Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы аясында ALEM AI халықаралық жасанды интеллект орталығының таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ALEM AI орталығы ғылым, өнеркәсіп, шығармашылық индустриялар мен мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі салаларда технологияларды дамыту мақсатында құрылған.
Ғимарат 8 қабаттан тұрады. Орталықтың бірінші қабатында ЖИ саласындағы жетістіктерге арналған форумдар мен ашық дәрістер өткізуге арналған қоғамдық кеңістік және AI мұражай орналасады.
2-3-қабатта әйгілі TUMO Education бағдарламасы іске қосылады. Мұнда 12-18 жас аралығындағы оқушылар 3D-модельдеу, компьютерлік графика, фильм және музыка өндірісі, генеративті ЖИ және робототехника бойынша қосымша білім алады.
– Біз мұнда жылына 12-18 жас аралығындағы 5 мың баланы оқытуды жоспарлап отырмыз. Олар 11 түрлі бағыт бойынша білім алуына болады. Бұл қосымша білім беру бағдарламасы болғандықтан, оқушылар сабақтан кейін немесе сабаққа дейін келіп оқи алады. Осылайша балалар TUMO-да үздік мұғалімдерден озық технологияларды меңгеруді үйренеді, – деп түсіндірді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тен.
4-5-қабатта Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылады. Ол 18 жастан асқан азаматтарға арналған. Мұнда олар peer-to-peer форматында оқытушысыз білім алады. Жылына шамамен 1000 студент 50-ден астам нақты жобаны бірлесіп жүзеге асырады деп жоспарланып отыр. Мектеп тәулік бойы тегін жұмыс істейді.