Reuters-тің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz , аңызға айналған сөмкенің қымбатқа сатылу себептерін түсіндіреді.
Актриса Джейн Биркин (Jane Birkin) қолданған сөмке Парижде Sotheby’s аукционында рекордтық 10,04 миллион долларға сатылды. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Brendan McDermid
Актриса Джейн Биркинге (Jane Birkin) арнайы жасалған және ХХ ғасырдың ең танымал дизайн үлгілерінің біріне айналған түпнұсқа сөмке бейсенбі күні (10 шілде) Парижде Sotheby’s аукционында рекордтық 10,04 миллион долларға сатылды. Бұл туралы аукцион үйі хабарлады.
Сән саласында тараған аңызға сәйкес, алғашқы Birkin сөмкесі 1984 жылы дүниеге келген. Сол жылы франко-британдық актриса әрі әнші Джейн Биркин Hermès компаниясының басшысы Жан-Луи Дюмамен ұшақта қатар отырып, жас ана ретінде өзіне сәнді әрі ыңғайлы сөмке қажет екенін айтқан.
Сол сәтте Дюма сәбиге арналған бөтелкелерге арнайы бөлімі бар тікбұрышты сөмкенің эскизін қағазға түсіреді. Бұл сөмке арнайы Джейн Биркин үшін жасалып, кейіннен оның ықшамдалған нұсқалары көпшілікке сатылымға шығарылады. Бұл дизайн сән әлемінде бірден хитке айналып, Hermès брендінің дамуына жол ашады.
Birkin сөмкесінің қарапайым үлгілері 10 000 доллардан жоғары бағада сатылады. Ал түпнұсқа сөмке, яғни қақпашасында JB (Jane Birkin) инициалдары бар және алынбайтын иыққа асатын баумен жабдықталған бұл бірегей нұсқа, Sotheby’s мәліметінше, Жапониядағы жеке тұлғаға телефон арқылы сатылған.
Қымбат сөмке қолдан жасалады, сапалы былғары мен сирек кездесетін материалдар қолданылады. Фото vogue.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Аукцион үйі бұл сәнді бұйымға төленген ең жоғары сома екенін атап өтеді.
«Бұл сөмке – жол сөмкесі еді. Джейн Биркин оны тоғыз жыл бойы күнделікті пайдаланған. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін өте әдемі күйде сақталған», – дейді Sotheby’s-тың Еуропа мен Таяу Шығыстағы сөмкелер және сән бөлімінің жетекшісі Орели Васси Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
1994 жылы Джейн Биркин бұл сөмкені Sidaction атты Францияның қайырымдылық ұйымын қолдау мақсатында аукционға қойған. 2000 жылы ол қайта сатылымға шыққанда, оны француз жеке коллекционері сатып алған.
2023 жылы Ұлыбританияда туған Джейн Биркин қайтыс болғанда, Париж мэрі Анн Идальго: «Францияның ең париждік ағылшыны бізден кетті», – деп мәлімдеді.
Джейн Биркин 1960-жылдардың соңынан бастап Францияда тұрақты өмір сүріп, өзінің белсенді қоғамдық қызметімен, актерлік және музыкалық өнерімен есте қалды. Оның ең танымал шығармаларының бірі – Je t’aime… moi non plus әні.
Hermès Birkin сөмкелері туралы қысқаша анықтама
Hermès Birkin – әлемдегі ең танымал әрі қымбат сәнді сөмкелердің бірі. Бұл сөмкені 1984 жылы Hermès француз сән үйі француз-британдық актриса және әнші Джейн Биркиннің құрметіне жасалған. Ол Жан-Луи Дюмаға (Hermès басшысы) сәнді, бірақ күнделікті қолдануға ыңғайлы сөмке қажет екенін айтып, жаңа үлгінің тууына себепші болған.
Қымбат сөмкенің ерекшеліктері мынадай. Сөмке қолдан жасалады, сапалы былғары мен сирек кездесетін материалдар қолданылады.
Әрбір сөмке ерекше және бірнеше ай дайындалады. Бағасы әдетте 10 000 доллардан басталып, жүздеген мың долларға дейін жетуі мүмкін. Екінші нарықта баға тіпті арта түседі, кей үлгілері аукционда рекордтық сомаға сатылады.
Ал осы жолы Sotheby’s аукционында сатылған Birkin-нің сөмкесін сатып алу үшін, айына 500 000 теңге жалақысы алатын біздің отандасымыз 1000 жыл жұмыс істеуі керек. Бұл аз ба, көп пе?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.