Aikyn.kz ақылды машинаның жазып берген эссесін қалай анықтауға болатынын, оның қаупін gizmodo.com сайты жариялаған материалға сүйеніп түсіндіреді.
ChatGPT сияқты ЖИ құралдар көпшілікке қолжетімді болып, жоғары оқу орындарында автоматтандырылған көшірменің цунамиі белең алады. Фото admissions.uga.edu сайтынан алынды
Марко Массаро – Флориданың Оңтүстік-Батыс колледжінде көп жылдан бері ағылшын тілінде эссе жазуды үйрететін профессор. 2023 жылы оның жұмысы едәуір күрделене түседі. ChatGPT сияқты ЖИ құралдары көпшілікке қолжетімді болып, жоғары оқу орындарында автоматтандырылған көшірменің цунамиі белең алады.
Бүгінде студенттер эсселерін ЖИ-ға жаздыратын болды, әрі бұл үрдіс уақыт өте күшейіп барады. Массароның айтуынша, 25 студенттің кемінде 5-еуі өз жұмысын ЖИ арқылы жазып тапсыратын болған.
Алғашқыда Массаро студенттерінің тапсырмаларын бірнеше ЖИ детекторы арқылы тексеріп отырған. Егер бірнеше детектор мәтіннің ЖИ арқылы жасалғанын көрсетсе, ол соған сенетін. Алайда кейіннен университет студенттердің жұмыстарын осындай қосымшаларға жүктеуге тыйым салған. Себебі бұл олардың жеке деректерінің құпиялылығын бұзуы мүмкін еді. Бұған қоса, ЖИ-детекторлардың дәлдігі де төмен.
Сондықтан қазір Массаро жұмыстың ЖИ арқылы жазылған-жазылмағанын анықтау үшін өз түйсігіне сүйенуге мәжбүр. Ол ЖИ жазған мәтінге тән бірнеше айқын белгілердің тізімін жасаған. Әр жаңа жұмыс түскен сайын ол осы тізіммен салыстырып шығады. Төменде профессордың сондай белгілерінің бірқатары келтірілген.
Ұстазыңыз берген эссе жазу, есеп шығару тапсырмаларын ЖИ-дің көмегімен орындап жүрсеңіз, онда сіз шын мәнінде БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚСЫЗ. Фото quasa.io сайтынан алынды
Машина жазған мәтінде ұзын сызықша көп болады (—). Мәтін ЖИ арқылы жазылғанын көрсететін белгілердің бірі – ұзын сызықшалардың шамадан тыс жиі қолданылуы. Неліктен екенін түсіндіру қиын, бірақ ChatGPT сияқты қосымшалар мұндай таңбаларды жиі пайдаланады. Егер студенттің эссесі ЖИ арқылы жазылған деген күдігі болса, Марко Массаро оны шақырып, компьютерде ұзын сызықша қоюды сұрайды.
«Сенің жұмысың ұзын сызықшаларға толы – маған соны қалай жасағаныңды көрсетші», – дейді ол. Егер студент білмей сасқалақтаса, бұл – жұмыстың ЖИ жазғанының айқын белгісі.
Абзацтық шегініссіз мәтін. Массароның айтуынша, ЖИ-ден көшірілген мәтінде жиі шегіністер болмайды. ChatGPT нәтижелерінде абзацтық шегініс талап етілмейді. Егер студенттің жұмысы ұзын әрі құрылымсыз мәтін бөліктерінен тұрса, оны робот жазған болуы әбден мүмкін.
Мінсіз грамматика, бірақ үстірт мазмұн. Әр оқытушы өз шәкіртінің сауатты жазу қабілетін жақсы біледі. Егер студент өте сауатты, бірақ мағынасы үстірт жұмыс тапсырып жатса, бұл да ЖИ қолданғанын білдіреді. Иә, кейбір студенттер жақсы жаза алады, бірақ ерекше идеялары болмауы мүмкін. Алайда автоматты түрде жасалған мәтіннің өзіндік ерекшеліктері болады.
Массаро ЖИ стилін «сөйлемдер мен абзацтардың ұзындығы біркелкі», әрі «әр абзац шамамен бірдей, ырғақты әрі механикалық сипатта» деп сипаттайды. Ол сондай-ақ мұндай мәтіндерде студенттік жұмыстарға тән емес, «тым ресми, жылтыратылған академиялық стиль» байқалатынын айтады.
Алғашқы шимай нұсқаның (драфттың) болмауы. Массаро тағы бір күдікті белгі ретінде студенттің жазу процесіне ешқандай қатыспауын атайды. Профессор өз курстарында жазбаларды аудиторияда бірлесіп талдайды, конференциялар өткізеді. Кей студенттер эссесін жазу үшін жазу орталығына барғанын айтып ақталуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде бармаған. Эсседе студентке тән емес сөздер жиі кездесіп, бұл «алдыңғы жұмыстарда немесе аудиториядағы талқылауда байқалмаған күрделілік деңгейіне бірден секіру» ретінде көрінеді.
Тәрбиесіз берілген білім – болашақта апатқа апарса, ЖИ сондай апат құралы болуы ықтимал. Фото turnitin.com сайтынан алынды
Жеке сипаттың болмауы. Марко Массаро кейде студенттерге жеке тәжірибеге негізделген эссе жазуды тапсырады. Мысалы, жергілікті дүкенде (7-Eleven) жұмыс істеген тәжірибесі негізінде жазылған эсседе студент жеке, нақты әрі ерекше мәліметтер келтіреді. Ал, бұны ЖИ ешқашан ойлап таба алмайды. Ал егер жұмыс ЖИ арқылы жасалған болса, ол көбіне абстрактілі бағытта жазылып тапсырылады. Мысалы, «достықтың адамзат үшін маңыздылығы» жалпы мазмұнда.
Қалған іздер. Массароның айтуынша, кей студенттер ЖИ-ді қолданғанын жасыруды да ұмытады. Тіпті, финалдық эссенің өзінде студенттің чат-ботқа берген нұсқауларының (prompt) іздері кездесіп жатады.
Жалған дәйексөздер. Жасанды интеллект жиі «елестерді» (яғни, жоқ нәрсені, галлюцинацияны) ойлап табуға бейім. Студенттік жұмыста бұл жалған немесе бұрмаланған ақпарат, жоқ сілтемелер және ойдан шығарылған дәйексөздер түрінде кездесуі мүмкін. Бұл Массароға қосымша жұмыс тауып береді. Профессор мәтінде келтірілген деректі тексеріп, оның рас-өтірігін анықтауға мәжбүр болады. Кейде студенттің библиографиясына енгізілген, бірақ шын мәнінде жоқ кітаптар мен журналдарды тексеру қажет болады.
Массароның айтуынша, студентті көшіргені үшін айыптау ыңғайсыз әрі қиын. Дегенмен көбіне не болғаны бірден түсінікті болады. Айыпталған студент ЖИ қолданғанын мойындайды немесе мүлдем жауап бермей қояды (көп студенттер қашықтан оқиды). Ал жұмысты өзі жазған, өзіне сенімді студенттер өз кінәсіздігін қорғайды және Массаро ондайларға сенеді. Оның айтуынша, ЖИ-ден туындайтын үлкен қауіп – ол студенттердің интеллектуалдық және шығармашылық болмысын дамытудан айырады.
«Қазір жастар үшін өз дауыстарын іздеп, табатын уақыт», – дейді ол. Ал шын мәнінде, ЖИ олардың орнына ойлап, сөйлеп жатыр.
Медициналық емтихандарды ЖИ-ді пайдаланып тапсырған дәрігерге денсаулығыңызды сеніп тапсырар ма едіңіз? Мына видеода: Ата-аналарға, оқушылар мен студенттерге кеңес
Құрметті замандас! Мектепте немесе университетте жасанды интеллектке қаншалықты көп жүгінсеңіз, онда біліміңіз бен кәсіби дағдыларыңыз да соншалықты аз болады. Медициналық емтихандарды ЖИ-ді пайдаланып қана тапсырып, диплом алған дәрігерге денсаулығыңызды сеніп тапсырар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Бұндай «маман» біреудің ақылынсыз өз бетінше диагноз қоя алмайды, ем-дом жүргізе алмайды. Ал ЖИ-дің кеңесі қатерлі болуы да мүмкін.
Бұл – заңгер мен инженерге, аспаз бен қаржыгерге, басқа мамандық иелеріне де қатысты. Егер сіз ұстазыңыз берген эссе жазу, есеп шығару тапсырмаларын ЖИ-дің көмегімен орындап жүрсеңіз, онда сіз шын мәнінде БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚСЫЗ . Сіз өзіңізді де, ұстазыңызды да АЛДАП ЖҮРСІЗ . Яғни, сізге алдымен адалдық жолынан адастырмайтын ТӘРБИЕ КЕРЕК . Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «тәрбиесіз берілген білім – болашақта апатқа апарады». ЖИ де дәл сондай апат құралы болуы ықтимал. Осыны ұмытпайық, замандас!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.