in

ChatGPT оқушылар мен студенттерді «ақымақ қылады»

Aikyn.kz ЖИ-дің апатты салдарын telegraph.co.uk материалына сүйеніп талдайды.

ChatGPT енді оқушы сұрақтарына бірден жауап бермейді. Студенттерді тапсырмаларды өз бетінше орындауға ынталандырады. Фото sib.fm сайтынан алынды

ChatGPT жаңа «оқыту тәртібімен» таныстырды. Ол оқушыларға бірден дайын жауап берудің орнына, сұрақтарды ой елегінен өткізуге ұсыныс жасайды. ЖИ негізіндегі танымал чат-боттың бұл функциясы мектеп оқушылары мен студенттерді тапсырмаларды өз бетінше орындауға ынталандырады. 

Қазіргі чат-боттар балалардың өз бетінше ойланып, пәнге терең бойлауына кедергі келтіріп, тосқауыл жасайды. Жаңа функция осындай айыптаулардан кейін қосылды.

ChatGPT секілді ірі тілдік модельдер (LLM) оқушыларға, студенттерге әп-сәтте эссе жазып, есеп шығарып береді. Бұл білім саласында төңкеріс жасағанымен, білім алушылардың өздігінен ойлауын тежеуде.

Бұндай ескертулерді Aikyn.kz соңғы айларда бірнеше материалда жариялаған болатын. Олар бірнеше маңызды бағытты қамтиды:

«Білімнің маңызын түсініп өскен оқушылар ChatGPT-ден көшірмейді»,

«ChatGPT-ге эссе жаздырмаңыз, ол – апат құралы болуы мүмкін»,

«ChatGPT-дің дайын жауаптары оқушыларға білім бермейді, сыни ойлау қабілетінен айырады» .

Бүгінгі студент қандай нұсқаны таңдайды: дайын жауапты бірден беретін бе немесе ойландыратын ба? Иллюстрация nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Derek Abella

OpenAI мәліметінше, сарапшылардың қатысуымен әзірленген жаңа функция пайдаланушыларды дұрыс бағытқа жетелеу үшін нұсқаулар мен қосымша сұрақтар қолданады. Мысалы, информатикадан «екі алгоритмнің қайсысы тиімді болады» деп сұралса, функция жауап бермес бұрын оқушының өзіне сұрақтар қояды. Ал бүгінгі қолданыстағы ChatGPT қосымша нұсқаусыз-ақ сұраққа бірден жауап береді.

«ChatGPT әлемдегі ең кең таралған оқыту құралдарының біріне айналды. Бірақ оны білім беруде қолдану маңызды сұрақ туғызды. Оны нақты білім беруге көмектесу үшін қалай пайдалану керек? Чат-бот дайын шешімдер ұсынып, оқушылардың түсінуіне кедергі келтірмей ме?», – дейді компания өкілі.

Бұл функцияны студенттер өз қалауы бойынша таңдай алады. Сонымен бірге оларға қысқа әрі тікелей жауаптар беретін нұсқа да қолжетімді болып қалады. Дайын жауапты бірден беретін немесе студентті ойландыратын екі нұсқаның қайсысын бүгінгі білім алушы таңдайды деп ойлайсыз?Бірқатар зерттеулер ЖИ-ге шамадан тыс тәуелділік сыни ойлауды жоятынын көрсеткен. Массачусетс технологиялық институтының Медиа-зертханасы жүргізген зерттеу эссе жазуда ЖИ модельдеріне жүгінетін студенттердің ми белсенділігі тек өз қабілетіне сүйенетіндерге қарағанда төмен болатынын анықтады.

Pew Research Center деректеріне сай, 13-17 жастағы оқушылардың төрттен бірінен астамы мектеп тапсырмаларын орындау үшін ChatGPT-ті пайдаланған.

Өткен айда Ofsted «егер олар тиімді қолданылмаса ЖИ құралдарына тәуелділік оқушылардың сыни ойлауын және мәселе шешу дағдыларын дамытуға кедергі келтіруі мүмкін» деп мәлімдеді.

Британдық лейбористер партиясы мектептерде ЖИ-ді неғұрлым белсенді қолдануды ынталандыру жоспарларын ұсынды. Оған сабақ жоспарын әзірлеу және үй тапсырмаларын тексеру де кіреді. Консерваторлар партиясы болса, бұл «балалардың сыни ойлау қабілетінен айыруы мүмкін» деп ескертуде. Қазақ елінің саяси партиялары бұл туралы қандай пікірде екен?

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.