Білім ордасының бой көтеруіне ERG компаниясының ықпалы зор болды. Бұл соңғы 3 жылда ERG қаражатына бой көтерген осымен үшінші мектеп. Заманауи жабдықтар мен жаңа модельдік жүйелер сапалы білім берері сөзсіз.
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған бұл білім ұясының аумағы – 19 590 шаршы метр. Ол елдегі алғашқы «жасыл» әрі ең ірі мектептердің бірі болады.
Салтанатты жиын 3 қыркүйекте дәстүрлі форматта өтті. Мемлекетіміздің көк Туы ілініп, 1-сынып оқушылары өнер көрсетіп, оқу жылының басталуын білдіретін алғашқы қоңырау да соғылды. Әу бастан мектептің ғимараты «Строитель» стадионының орнына нөлден салынған. Соған орай №2 Рудный гимназиясы осы ғимаратқа көшіп жатыр. Бұған дейін ол 1958 жылы салынған ескі ғимаратта жан тасалаған.
«Ескі ғимараттың ауданы небәрі 2 мың шаршы метр болатын, адам толып, заманауи талаптарға сай келмейтін. Бүгінде біздің балаларымыз бен ұстаздарымыз кең, заманауи, жайлы кеңістікке ие болды, онда жеке тұлғаның дамуы мен дарындардың ашылуына қажеттінің бәрі бар», – деп атап өтті гимназия директоры Вячеслав Журавлев.
Жаңа гимназияда мамандандырылған физика, химия, биология кабинеттері, оқушылар өз қолдарымен өсімдіктер өсіретін гидропоника кабинеті, STEM зертханасы, робототехника кабинеттері, бес компьютерлік кабинет, үлкен спорт залы, 380 орындық акт залы, 240 орындық асхана бар. Жаңа оқу жылы мұнда 950 оқушымен басталып жатса, мектеп 1 200 оқушыға есептелген, контингент өседі деп күтілуде.
Мектептің ерекше маңызға ие жаңалығы – мемлекеттік тілде оқытатын сыныптардың ашылуы. Биылдыққа алғашқы 125 бала қабылданған көрінеді. Гимназияда бүгінде 80-ге жуық мұғалім жұмыс істейді, олардың бір бөлігі Рудный қаласына «Қазақстан үшін үйретемін» жобасы аясында келген жас мамандар, негізінен жаратылыстану-математика пәндерінің мұғалімдері.
– Жаңа мүмкіндіктер білім сапасының жоғарылығымен, шығармашылық табыстарымен көзге түскен №2 гимназияның дәстүрін сақтауға және арттыруға мүмкіндік береді. Қазір бізде қосымша білім беруге арналған заманауи кабинеттер, хореография және спорт залдары бар, бұл балалардың мектептен кейін дамуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Вячеслав Журавлев.
Білімге жол ашқан игі бастама
1 200 оқушыға шақталған мектептің ашылу салтанатына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қатысты. Оқушылар мен ата-аналарға құттықтау сөзінде облыс әкімі келешек буынға зор сенім артатынын айтты.
– Мемлекет басшысы әрдайым мектеп – білім мен тәрбиенің киелі шаңырағы екенін баса айтады. Ал білім сапасын арттыру – әлеуметтік саясаттың басым бағыты. Бүгін біз Рудныйда ашып жатқан 1 200 орындық заманауи мектеп – бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының жемісі. Жаңа білім беру мекемесі заманауи талаптарға сай. Сапалы білім мен тәрбие беріп, оқушылардың спорт пен шығармашылықта дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл мектеп адалдық, еңбексүйгіштік пен жауапты буын тәрбиелейтін мығым іргетас боларына нық сенімдімін, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі былтырғы оқу жылында облыста 3 360 орындық бес мектеп ашылғанын, ал биыл тағы бес мектеп, оның ішінде Рудный қаласында 900 орындық мектеп салу жоспарланғанын еске салды. Бұл ретте қалада жолдар, инженерлік желілер, тұрғын үйлер жаңартылып, спорт нысандары салынуда. Жаңа мектеп осы жөндеудің маңызды бөлігіне айналды. Ол заманауи технологияларды, экологиялық тазалықты, жайлылық пен қолжетімділікті біріктіріп, мектеп оқушыларының жаңа көкжиектерін ашады.
– Біз бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске қосқан «Келешек мектептері» ұлттық бастамасының бір тармағы екенін мақтан тұтамыз. Заманының заңғары, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының алғашқы академигі Қаныш Сәтпаев: «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» деген. Біз салған бұл мектепте білім алып, оны тәжірибеде сынауға барлық жағдай жасалған, – деді ERG компаниясының бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
Келешек мектеп: Гидропоникадан медиа аймаққа дейін
Жаңа гимназияда көзіміз үйренген классикалық сыныптар мен спорт зал ғана шоғырланбаған. Мұнда физика және химия бойынша тәжірибелер жүргізуге болатын цифрлық зертханалар, биология және экология бойынша зерттеулерге арналған гидропоникалық қондырғылар, медиа-аймақ және подкаст студиясы бар. Соңғысында мектеп оқушылары медиа сауаттылық дағдыларын дамыта отырып, бейнежазбаларды өңдеуді және өз бағдарламаларын жазуды үйренеді.
ERG мектебі дегеніміз – «Келешек мектебінің» іске асқан моделі. Ол – өзге де ұйымдарға тұсбағдар болар, пилоттық алаң. Топтың үздіксіз дамуының ажырамас бөлігі.
Жаңа гимназия тек заманауи білім беру ұйымы ғана емес, мұқият ойластырылған бүтін бір экожүйе. Онда инклюзивті сәулет пен қолжетімді орта, жіті ойластырылған қауіпсіздік жүйесі бар. Ол эргономика, экология және энерготиімділік тұрғысынан барынша пысықталған.
Мектеп күн батареяларынан алынатын электр қуатымен қуаттанады. Бұл тек қуат тұтыну мөлшерін азайтып қана қоймай, өскелең ұрпақ бойында экологиялық мәдениет қалыптастырып, қоршаған ортаға барынша жауапкершілікпен қарауды үйретеді.
Мұндағы цифрлық зертханалар тек класта ғана емес, көшпелі сабақтар барысында да тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Ерекше гидропоника қондырғылары биология, экология мен химия бағыттары бойынша нақты зерттеулерге жол ашты. Одан бөлек, медиа-аумақ пен подкаст-студия бар. Ол аудио мен видео контентке құмар оқушылардың тартылыс аумағына айналмақ.
ERG мектебі білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша бейімделген. Мамандандырылған сыныптар ашылып, лифт пен арнайы көтеру механизмдері орнатылып, әр оқушыға жайлы да қауіпсіз орта жасалған.
9-сынып оқушысының ата-анасы Әсем Сапарғалиеваның айтуынша, мұндай қарқынды дамыған мектептер қабілетті балаларды тәрбиелеп шығарады.
– Бүгінде ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де ерекше қуанышты күн. Осындай мектепті көп жылдан бері күткен едік. Бүгін жаңа гимназияның ашылуына қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Мектеп өте үлкен, жарық, заманауи үлгіде салынған. Барлық қажетті жағдай жасалған: экологиялық жағынан да, инклюзивті білім беру тұрғысынан да. Балаларымыздың жақсы білім алатынына үлкен сенім артамыз. Ата-ана ретінде қуанышым шексіз, – дейді ата-ана.
Білім берудің тірегі – мұғалім
Білім беру ұйымының педагогикалық ұжымына ерекше көңіл бөлінген. Мұндағы ұстаздардың цифрлық көмекшілері болады. Ол оқушылардың осал және мықты тұстарын талдап, жекелеген тапсырмалар ұсынады. Осылайша, педагогтерге жәрдемдесіп, жалпы білім беру сапасы мен интерактивті арттырады.
Одан бөлек, ERG Teach for Qazaqstan қоғамдық қорымен бірлескен жоба аясында Рудныйға STEM-бағыты пәндерінің тәжірибелі 4 ұстазын жұмылдырылады. Бұл педагогтер тек ұстаз ғана емес, мектеп қауымдастықтарын ілгерілетіп, онда әлеуметтік және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытар инноваторларға айналмақ.
– Иә, біз бұл жаңа мектепті шынын айтқанда, ұзақ күттік. Бұған дейін тек бір рет қана көргенбіз. Бірақ алғашқы әсеріміз керемет болды. Мектеп өте үлкен, заманауи технологиялармен жабдықталған, жаңа мұғалімдер келді. Біз олармен алдағы бір жыл бойы бірге жұмыс істейміз.
Менің ойымша, бұл мектеп бізге қалаған жоғары оқу орындарына түсуге, армандарымызды жүзеге асыруға көп мүмкіндік береді. Себебі мен өзім 11-сынып оқушысымын. Сондықтан жоспарым мен мақсатым өте көп. Сол жоспарды орындауға, үлкен жетістікке жетуге осы мектептің септігін тигізетініне сенемін, – дейді 11-сынып оқушысы Владислав Ботвинов.
Осы орайда ERG бұған дейін Павлодар облысындағы Қаражар мен Сычевка ауылдарында үлгілі мектептер салып, толық жабдықтағанын айта кеткен абзал. Ал биыл Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп пен Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы №2 гимназияны жаңартты. Осылайша, елімізде сапалы білім беретін сапалы мектептердің саны көбеюде.
Әсет ҚАЛИ
Астана–Рудный–Астана